Экономика • 09 Қараша, 2023

Қазақстан-Ресей форумы: Ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық нығаяды

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласында өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумының  аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан-Ресей форумы: Ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық нығаяды

«Бұл форум екі мемлекет арасында жыл сайын өтіп тұратын жақсы бір дәстүрлі жиын. 2003 жылы Омбы қаласында басталған ынтымақтастық форумына биыл 20 жыл толып отыр. Бұған дейін Ресей мен Қазақстанның әр түрлі қалаларында 18 мәрте бас қостық. 2015 жылы Сочида өткен 12 форумға да ауыл шаруашылығы мәселелері арқау болған. Сондықтан бүгінгі форумның тақырыбы аса өзекті. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – әлемнің барлық елдері үшін аса маңызды міндет саналады. Агроөнеркәсіп кешені Қазақстан мен Ресей экономикасының маңызды бағыттардың бірі.  Ал Қостанай  – екі елдің өңіраралық байланысын нығайтуға қолайлы маңызды қаланың бірі. Қостанай облысы Ресейдің Орынбор, Қорған, Челябі облыстарымен шектесіп жатыр. Сонымен қатар егін шаруашылығы дамыған ірі аграрлық өңір саналады», деді министр.

Қостанай форумына бес жүзден астам адам жиналды. Ресей жақтан губернаторлар мен ауыл шаруашлығы мамандары,  сарапшыларымен он екі облыстан делегация келді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, форумдағы ең өзекті  мәселе климат жайы болмақ. «Осы облыста соңғы бес жыл ішінде екі жыл құрғақшылық болды. Биыл жауын мөлшері көп түсіп, біраз қиыншылықтар болды», деді министр.

Форум аясында Қазақстан мен Ресей арасында өңіраралық деңгейдегі бірқатар құжатқа қол қойылды.

«Бүгінде екі ел арасындағы ауылшаруашылық өнімдері саудасын дамыту маңызды. Қазақстан мен Ресейдің өзара тауар айналымындағы ауылшаруашылық шикізаты мен өңделген өнімнің үлесі 2022 жылы 3,8 АҚШ долларын құрады. Бұл еліміздегі тауар айналымының 30 пайызы ғана», деді министр.