Аймақтар • 08 Қараша, 2023

Еліміздегі ең көне қорым

242 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанның жартылай шөлейт даласында орналасқан Көкен қонысында қола дәуірінің қонысы астында қалған тас ғасырының бірнеше қабат шөгіндісі анықталды. Ежелгі қабаттардан табылған жерлеу орны біздің дәуірімізге дейінгі VI мыңжылдық ортасына немесе ерте неолит кезеңіне сәйкес келеді. Назарбаев университеті қаржыландырған TEECA археологиялық зерттеу тобы Абай облысындағы Көкен қонысы еліміздегі ең көне жерлеу қорымы болуы мүмкін деген болжам жасады.

Еліміздегі ең көне қорым

Назарбаев университетінің, Ә.Х.Марғұлан атындағы архео­логия институтының, Сент-Луис қаласындағы Вашинг­тон университеті (АҚШ) және Павлодар мемлекеттік уни­­вер­ситетінің археолог-ғалым­дарынан құралған (Паула Дюпюй, Жұлдыз Ташманбетова, Ғалымжан Қияс­бекұлы, Виктор Мерц, Рид Койл, Айдын Жүніс­ханов, Зейнолла Самашев) зерттеушілер тобы қола дәуіріне тиесілі обаның астында жатқан тас дәуірінің жерлеу орындарын тапты. Бұл көне обаларда біздің дәуірімізге дейінгі VI мыңжылдыққа (шамамен б.д.д. 5471–5222 жж.) жататын, шамамен ерте неолит кезе­ңі­не­ тиесілі жерлеу орындары анық­тал­ған.

Ғалымдар радиокөміртекті зерттеуден кейін Абай ауданы Көкен елді мекеніндегі жерлеу орындарында еліміздегі ең ежелгі адам қалдықтары болуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл ғылыми жаңалық еліміздің мәдени мұрасының бірегейлігін айшықтап, оның қаншалықты құнды екенін дәлелдей түседі. Табылған көне жәдігер ғалымдарға 7500 жыл бұрын аймақта мекендеген тас дәуіріндегі аңшы-терімшілердің сенімін, өмір салтын және жеке басын зерттеуге үлкен мүмкіндік туғызды.

«Қазба жұмыстары мен тал­даудан бастап материалды­ жария­лауға дейінгі барлық үдеріске Қазақстанның және халықаралық мамандардан құрал­ған тобымыз үш жылдан астам уақыт жұмсады. Бұл жаңалықтың қазақ археологиясы үшін маңызы зор. Қазақстанда тас дәуіріне қатысты архео­логиялық материал­дар өте көп, бірақ бұл жерде нақты адам жерлеу орындары туралы сөз қозғалып отыр. Табылған көне қалдықтар­дың арқасында сол уақыттарда осы аймақты мекендеген адамдардың өмірін тануға, зерттеуге мүмкіндік ашылды», – деді Назарбаев универси­те­ті­нің қауымдастырылған профессоры (доцент), археолог Паула Доумани Дюпюй.

Зерттеу жұмыстары туралы егжей-тегжей ақпарат отандық «Қазақстан археологиясы» ғы­лы­­ми журналында жарияланды. Мақалада қоныстың ерте неолиттік жерлеу орнын­да­ғы адам қаңқасына жасалған қыс­­қаша остеологиялық сараптама баяндалған. Қазақстан мен Сібір және Орталық Азияның кең аумағына салыстырмалы баламалар келтіріледі, жерлеу орнының құрылысы мен болуы ықтимал ғұрыптарға байланысты болжамдар ұсы­нылады.

Зерттеушілердің айтуынша, қабірде екі адамның сүйегі болуы ықтимал. Остеологиялық талдау сүйектердің жасөспірім мен ересек адамға тиесілі екенін көрсетті. TEECA тобы жүргізген талдау әртүрлі адамдардың қаңқа бөліктері бірге жерленген ерекше рәсімнің бар екенін көрсетеді. Көкен қорымында сопақ пішінді бір обаға екі адам қосымша құрал-саймандарынсыз жерленген. Ересек ер адам эмбрион формасында жатқызылған, шүберекке оралған және қазба жұмыстары кезінде басы табылған жоқ. Жақын жерден табылған жасөспірімнің бас сүйегі бар, бірақ қаңқасы болмаған. Зерттеушілер мұны әдейі жасалған рәсім немесе сол жердің кейінгі тұрғындарының қабірді ішінара қиратылуының нәтижесі деп есептейді.

Қазіргі уақытта зерттеушілер Көкен қорымында тас дәуіріндегі жерлеу әдісімен байланысы болуы мүмкін және мұндай қос жерлеудің болуын түсіндіруге көмектесетін тұрғын үй құры­лыстары мен басқа да тас дәуі­рін­дегі қорымдарды іздестіріп жатыр.

«Ең қиыны жаңбыр кезінде қазба жұмыстарын жүргізу болды. Күні бойы жаңбыр жауғандықтан, жерлеу орындарын ылғалдан қорғауға тура келді. Қаңқа сүйекті ыдырататын қиыршық тасты топырақтан табылды, сондықтан қалдықтарды жойып алмау үшін қазба жұмыс­­тары кезінде шыдамдылық танытуға тура келді. Мұндай қорымдарды табу өте қиын, бірақ бұл біздің қолымыздан келді. Келесі жерлеу орны қашан табылатыны, ол табыла ма жоқ па белгісіз», – дейді Сент-Луистегі Вашингтон университетінде докторантурада оқитын Назарбаев университетінің түлегі Жұлдыз Ташманбетова.

Сондай-ақ археологиялық жұмыстың нәтижесі Көкенді мекендеген ежелгі адамдарға бұл аймақ қаншалықты маңызды болды, бір қорымда екі тұлғаның жерленуіне нақты не ықпал етті деген сауалдарға туындатады. Зерттеушілер осы және басқа да сұрақтарға Қазақстан­нан ғана емес, Көкеннің солтүстік-шығысында орналасқан басқа да аймақтардан жауап іздемек. Бір адамның басын екінші адамның денесімен бірге жерлеу рәсімі Сібір мен Моң­ғолияда да болған. Мұндай ұқсас­тықтардың болуы Шығыс Қазақстанды мекендеген халықтардың тас дәуірін­де-ақ кең ауқымды мәдени байланыстары болуы мүм­кін екен­­­дігін көрсетеді. Сонымен қатар бұл ашылу ғалымдарға кейіннен Еуразия құрлығының ұлы көшпелі мәдениеттерінің дамуына әсер еткен тас дәуі­ріндегі халықтардың өзара әре­кеттесуінің динамикасына және популяция құрылымына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.