Ғылым • 09 Қараша, 2023

Өндірісті өрістететін жобалар

137 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде ғылымға жіті көңіл бөліне бастады. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде отандық ғылымның кенжелеп қалып, көш соңында жүргенін айтқан. Бұған қоса, Президент ғылымды ілгерілетуге біршама бастама ұсынып, арнайы тапсырмалар берген еді. Әсіресе жас ғалымдарды қолдауға ден қойылып жатыр.

Өндірісті өрістететін жобалар

Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтып өткендей, кейінгі бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артқан. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеген. Бұл қаражаттың 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Осы тұста ғылыми зерттеулер мен өндіріс біте қайнасып, біріге алмай жатқаны отандық ғылымдағы өзекті мәселе. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей. Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс мүлде жоқ.

Көңіл көншітпейтін көрсеткіштерге қарап ғылымы озық елге айналуға әлі көп жұмыс істеу керегін көреміз. Дегенмен салада ілгерілеу бағытында жасалып жатқан қадамдар байқалады. Әсіресе жас ғалымдардың өндіріске пайдасын тигізетін жобалары көбейіп жатыр. Отандық ғылымда осы бастамалар назардан тыс қалмауға тиіс.

Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Еламан Айболдиновтың айтуынша, елімізде жиырма екі мыңнан астам ғалым бар. Оның ішінде қырық пайызынан астамы жас ғалымдар болып есептеледі.

– Қырық жасқа дейін жалпы жас ғалымдармен жұмыс істеу үшін 2020 жылдан бастап министрлік тарапынан Жас ғалымдар кеңесі құрылған болатын. Кеңестің құрамында жиыр­ма­ төрт ғалым бар. Олар әртүрлі ғы­лым саласының өкілдері, беделді жас ғалымдар. Жалпы, өздеріңіз білесіздер, 2019 жылдан бас­тап жас ғалымдардың өздерінің арнайы гранттық қаржы­ландыру конкурсы бар. Биыл міне, төртінші мәрте өткізілді. Бүгінгі таңда конкурсқа қатысқан 2 мың­­ жобаның ішінен жас ғалымдардың 1 мыңға жуық жобасы іске асып жатыр. Яғни біздің жас ғалымдар еліміздің экономикасына қажетті ғылыми жоба­ларды конкурсқа ұсы­нып, нәтиже көр­сетіп жатыр. Сондай-ақ жобаларын коммерцияландырып жат­қан жас ғалымдар баршылық, – деді Е.Айбол­динов «Ғылымстан» хабарына берген сұхбатында.

Еламан Айболдинов өзі де 2015 жылдан бастап жасыл энергетиканы, жасыл эко­но­­миканы дамыту бағытында үлкен жоба­ны іске асыру бойынша жұмыс істеп келеді.

«Жыл сайын конкурстарға қаты­самыз. Бір уақытта жолымыз болады, бір уақытта жолымыз болмайды. Дегенмен де биыл бірінші қыркүйекте Президент халыққа Жолдауында көмір химиясын дамыту бойынша ұсыныс айтып, тапсырма берді. Бұл бағытта БҰҰ тұрақты даму мақсаттары бар. Соның ішінде тоғызыншы мақсат осы экологияға, энергия көзіне байланысты. Біздің жоба көмір­ді перолиз тәсілімен өңдеу арқылы энергия көзіне қол жеткізуді діттейді. Мысалы, қазір көмірді тура жандыру әдісі арқылы энергетика ретінде қолда­нып жатыр. Ал біз ұсынған перолиз әдісімен алынған энергетикаға қол жеткізу тиімді әрі арзан. Яғни бұл жерде перолиз әдісімен энергияны алғаннан кейін одан ферроқорытпа өнімін де алуға болады. Ферроқорытпаның бір тоннасы мың екі жүз доллар. Ол енді биржалық тауар ретінде есептеледі. Демек, біз мысалы перолиз әдісімен миллион тонна көмір өндірсек, одан үш жүз мың тонна ферроқорытпа алынса, оның тоннасын мың екі жүз доллардан деп есептегеннің өзінде экономикаға қандай пайда екенін көріп отырсыздар. Бір жылдың ішінде ферроқорытпаны сату арқылы кеткен шығынды ақтап алуға болады», дейді ол.

Бұған қоса Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Еламан Айболдинов қазіргі уақыт­та докторанттармен бірлесіп, жол құрылысы материалын өндіру бойын­ша зерттеу жұмысын жүргізіп жат­қа­нын атап өтті. «Шикізат өте көп, тіпті қоқыс болып жатыр. Қарағандыда, Темір­тауда, Павлодарда алюминий зауытынан шығатын қалдықтар нағыз шикі­зат көзі. Соны қолдану арқылы бір жағы экологиялық жағынан пайдасы бар, екінші жағынан табиғи өнімдерді қол­данбай, қалдықтарды қолдану ар­қы­лы материал­ жасауға болады. Қазір елі­міз­де жол құрылысы қарқынды жүріп жат­қанын білесіздер әрі жөндеуді қажет ете­тін жолдар да жетерлік. Жалпы енді үлкен магис­тралдарды салуға қол­да­ныл­маса да, ауыл ортасындағы жолды, қала арасындағы жолдарды салуды жеңіл­дету, арзандату мақсатында осы тех­но­логияны әзірлеп жатырмыз. Тек қана шикізатқа сүйенбей, сол шикізаттан небір дайын өнімдерді шығаруға, балама энер­гия көздерін ойлап табуға жас ғалым­да­ры­мыз­дың қосып жатқан үлесі зор», деді Е.Айболдинов.