Медицина • 08 Қараша, 2023

Онкологиялық дерттен айықтыру ізденістері

162 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары ел медицинасында онкологиялық аурулардың алдын алып, емдеп-жазуға басымдық берілді. Аймақтар онкологиялық диспансерлермен толықса, Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында онкологиялық орталықтар ашылды. Бірер күн бұрын Қазақстан онкологтері мен радиолог­терінің IX съезінде тәжірибелі мамандар саладағы жетістіктермен қатар алдағы мақсат-міндет турасында пікір алмасты.

Онкологиялық дерттен айықтыру ізденістері

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кейінірек шегінсек, ел аумағындағы ең алғашқы онкологиялық бөлімше 1945 жылы Алматы қалалық клиникалық ауруханасында ашылған. Нақ сол кез науқастарға 25 төсектік орын сайланыпты. Содан уақыт өте 100 төсектік орын­дық онкологиялық диспансер ашылып, өңірлерде де диспансер құрыла бас­тады. Денсаулық сақтау министрлігі бас­тап, Қазақстан онкологтері қауымдас­тығы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қош­тауы­мен жақын беріде іске асырған шаруалардың өзі – бір төбе. Мысалы, кешегі съезге әлемнің 20 елінен жетекші ғалымдар қатысып, баяндама оқыды. Съезде Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник саланың даму қарқыны туралы баяндады.

– Кейінгі жылдары онкологиялық ауруға шалдыққандар 25%-ға, ал обырдан болатын өлім 33%-ға дейін төмендеді. Қазақстанда онкологияға бірегей реконструктивтік-пластикалық жедел араласулар (3D-протездеу) сәтті енгізілді. Онкологиялық науқастарды емдеуде заманауи мақсатты және иммуно-онкологиялық препараттар бекітілді. Жыл сайын 30 мыңға жуық операция жасалса, оның 30%-да эндоскопия әдісі қолданылады. Әр жылда 14 мың пациент химиотерапия алады. Жыл ішінде еліміздің онкологтері 90 мың химиотерапия курсын өткізеді. 11 мың пациент сәулелік емдеуден өтеді. Былтыр радиологтер 240 мың сәулелік емдеу сеансын өткізді. Елде 500 онколог, 170 онколог хирург, 160 химиотерапевт және 100 рентгенолог жұмыс істеп жатыр. Онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінген бюджет қаржысы 95 млрд теңгені құрайды. Оның 35 млрд теңгесі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады, – деді В.Дудник.

Көп кідірмей Қазақ Онкология және радиология институтының клини­ка­лық жағынан орынбасары Бақыт­жан Оңғарбаевпен жүздесіп, елдегі онко­логия­лық ахуал туралы сұраған едік.

– Елімізде онкологиялық аурулар көбейіп жатыр. Мысалы, былтыр 39 мың адам тіркеуге алынса, нақ қазір 217 мың пациент онкологиялық диспансерде тіркеуде тұр. Пациенттерден сүт безі обыры мен өкпе обыры жиі анықталып жатыр. Қатерлі ісіктерді ерте сатыда анықтауға скринингтің көмегі тиюде. Онкологиялық аурулар көбіне-көп урбанизация үдерісі жоғары облыстарда анықталып жатқанын байқаймыз. Тұрғындарға айтарымыз, жергілікті емханадан скринигтен өту туралы хабарлама келсе, бас тартпау керек. Бізде қазір диагностикадан өтуге құлықсыз пациенттер кездеседі. Ал мемлекет жыл сайын оған қыруар қаражат бөліп отыр. Осы мүмкіндікті пайдалану керек. Неге десеңіздер, ауруды бірінші, екінші сатыда анықтасақ, емдеу жеңілдейді. Одан кейінгі сатыларда ресурстар көп кеткеннен бөлек, ауру асқынуы мүмкін. Қазір әр аймақта онкологиялық диспансер бар. Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында онкологиялық орталық ашылып, жұмысқа кірісіп кетті. Бүгінгі съезде әлемге танымал онкологтер, сарапшылар баяндама жасайды, – деді Б.Оңғарбаев.

Ақпарат үшін айтар болсақ, Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «2023-2027 жылдарға арнал­ған онкологиялық ауруларға қар­сы күрес жөніндегі кешенді жоспар» әзірленіп, бекітілді. Бұл – таяуда­ғы бес жылда онкологиялық аурулар­ды ерте диагностикалау арқылы азаматтардың орташа өмір сүру ұзақты­ғын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, медицинаның осы бағытын дамыту үшін мақсат-міндеттер нақтылан-
ған.

Съезде америкалық клиникалық онкология қоғамының халықаралық істер жөніндегі вице-президенті Даг Пайл онкологиялық көмекті дамытудың маңызды құрамдас бөліктеріне айналатын халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызын ерекше атап өтті. Ол әлемдік онкология­ның маңызды жетістіктерін іске асы­ру мақсатында бүкіл Орталық Азия­ның халықаралық ынтымақтастық мүмкіндігін кеңейткені үшін Қазақстан онкологтер қауымдастығына риза­шы­лығын білдірді.

Осы күні қонақтар сүт безі обырын, сүйек ісіктерін, жұмсақ тіндер мен тері ісіктерін, сирек кездесетін ісіктер мен меланомаларды, бас және мойын ісіктерін, нейроонкологияны, ядролық медицина мен патоморфологияны заманауи емдеудің өзекті мәселелері бо­йынша секцияларға қатысты. Әлемдік статистикаға жүгінсек, онкология­лық аурудан қаза тапқандардың көптігін аңғармыз. Мысалы, 2018 жылы әлемде 18,1 миллион науқастан онкология анықталса, 9,6 миллион адам обырдан қайтыс болған. 2030 жылға қарай жылына шамамен 23,6 миллион адам обырмен ауруы мүмкін деген де дерек бар. Ал елде жыл сайын онко­логиялық аурулардың 37 мыңнан аса жағдайы анықталса, 19 мыңнан аса адам келместің кемесіне мінгеседі екен. Сол үшін де қазір ел тұрғындарына онкоскринингтің 3 түрі қолжетімді. Пациенттер онкоскринингтен МӘМС шеңберінде тегін өту үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларға қаралса болады.