Егемен Қазақстан • 07 Қараша, 2023

«Егемен Қазақстан» мұрағатындағы тарихи деректер

1496 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың белді өкілі, Торғай көтерілісінің қолбасшысы Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл толу орайында мына бір дерекке тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Екінші дүнижүзілік соғыс жүріп жатқанда «Социалистік Қазақстан» газетінің 18 маусым күнгі № 121 санында батыр туралы мақалалар топтамасы жарияланыпты. Бұл деректер 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихын және батырдың өмірбаянын зерттеп жүрген адамдар үшін қажет болары анық.

«Егемен Қазақстан» мұрағатындағы тарихи деректер

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі

Жұмабай Шаяхметов,

Қазақстан БК(б)П
Орталық Комитетінің хатшысы:

– Халқымыздың сүйікті ұлы ұлт-азат­тық қозғалыстың даңқты көсемі Аман­келді Иманов қаза тап­қанына 25 жыл толу күнін еліміз неміс басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыс­тың 3 жылдығы қарсаңында ұлы жеңіс күндерінде өткізіп отыр. Аманкелді сияқты халқымыздың аяулы ұлын еске түсіру – саяси мәні зор, елеулі оқиға. Аманкелді қайнаған халық ортасынан шықты. Оның ерлік бейнесі, күресі, ой-арманы қазақ халқының ерлік, елдік бейнесін сипаттайды.

Мақала авторы әрі қарай, 1916 жыл­ғы қозғалыс қазақ халқының тәуел­сіздігі мен бостандығы жолында жүргіз­ген күрестерінің тарихынан ерекше орын алады. Осы сияқты ерлік істердің жалғасы дәл бүгін Отан соғысының майдан даласында көрініп отыр дегенді шегелей келе: «Қазақстанда жасақталып майданға аттанған 5 дивизия барлығы әскери жоғары атақ – Гвардия атағын алуы ежелгі ерліктің нәтижесі. 1941 жыл­дың күзі Отан со­ғы­сы тарихында аса бір сынды кезең болды. Жау Москваға төнді. Осы сын сағатта генерал – майор Панфилов бас­таған 8-гвардия дивизиясы ерлік­тің асқар шыңына шықты. Әлемге аты шыққан 28 ер, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы, қазақ халқының батыр ұлдары Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллиндер айқаста көзге түсті. Синя­вино-Мга төңірегінде болған ұрыста Сұлтан Баймағамбетовтің қимылы күллі майданға үлгі болып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы оған Кеңес Одағы Батыры атаған берді. Днепр үшін ұрыста Матай Баисов Кеңес Одағы Батыры атанды. Қазақ халқының мұндай батыр ұлдары Аблай Әлімбетов, Барабай Садықов, Қарсыбай Сыпатаев, Жолдас Сүлейменов және Мәншүк Мәметова атақты мерген Ыбрайым Сүлейменов, тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаевтар – ардагер Аманкелді батырдың бүгінгі ізбасарлары»,  деп жазыпты Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы.

 

Аманкелді және халық

Мұхамеджан Әбдіхалықов,

Қазақстан Орталық Комитетінің  үгіт-насихат жөніндегі хатшысы:

– Жас Аман­келді найзагерлік, мер­гендік өнерді мең­герді, қару соғуды үйренді әрі жүлде алған атбегі болды. Өз бетімен сауат ашты. Оның жас кезінде Кенесарыұлы Са­дық­пен кездесуі жас Аманкелдіге орасан күшті әсер етті. Садық әкесінің жолын қуып, Қоқанд пен Бұқарда, Хиуа мен Шығыс Түркістанда ұзақ уақыт бойы патша үкіметіне қарсы соғысты. 1890 жылы Садық Торғай еліне Иман батырдың үйіне келеді. Садықтың жауынгерлік қимылдары туралы әңгімелерін Аманкелді аса ынтамен тыңдады...

Автор одан әрі Аманкелді батырдың 1908 жылы түрмеге қамалғаны туралы мәліметті келтірсе, ол кісінің 1914 жылы Петерборға барғаны баяндалыпты.

«Аманкелді 1916 жылы саяси күрес­тің кең майданына шықты. Көте­ріліс туын тіккен жері Торғай уезі болды. Июльдің орта шенінде Аманкелді көтерілісшілер отрядын құрды. Ол Торғай елін қарулы күреске шақырды. Батыр жігіттер Аманкелдінің туы астына жиналды. Аманкелді өзінің отрядына күшті тәртіп орнатты. Өз басының үлгісімен сарбаздарын жігерлендіріп отырды... Сентябрьдің бас кезінде Орын­бордан Торғайға губернатор Эверсман келді. Аманкелді бастаған партизандар өкіметтің жазалаушы әскер шығаруына бөгет жасау үшін жол бойындағы бекеттерді, қазына складтарын қиратты. Сентябрьдің аяқ шенінде губернатор Торғай еліне әскер шығарды. Октябрьде көтерілісшілер Қызыл көл маңында патша үкіметінің үлкен отрядын жеңіп, 22 октябрьде Торғай қаласын жан-жағы­нан қамап алды. 6 ноябрьде таң ата Аман­келді Торғайға ат қойды. Оның өзі бастаған алдыңғы отряд қаланың оңтүс­тік жағына кіріп, ондағы өкімет мекемелерін талқандады. Бірақ жаудың күші әлдеқайда басым болғандықтан көтерілісшілер қаланы ала алмады», деп баяндайды.

Бұл мақалада біз біле бермейтін, тіпті білгеннің өзінде ашып айтылмайтын деректер бар. Мысалы, мақала авторы: «1917 жылы июньде Батпаққарада Аманкелдінің үстінен сот құрылып, төтенше тергеу комиссиясы іс жүргізді. Оны Дулатов басқарды. Сот көтеріліске қатысушыларға 15 мың мал, 70 мың сом ақша айып салынды» деп жазыпты.

Одан әрі автор: «1918 жылы мартта Аманкелді Торғай облысы кеңестерінің съезіне өкіл болып сайланды. 1918 жылдың 21 мартынан 3 апрельге дейін өткізілген бұл съез бірсыпыра маңызды қаулылар қабылдады. Бірақ съез жұ­мысын аяқтап үлгермеді. 4 апрельге қара­ған түнде Орынборға ақгвардеецтер шабуыл жасады. Қызыл гаврдеецтер қаланы жанқиярлықпен қорғады», дей отырып, бұл шайқаста Аманкелді батыр алдыңғы қатарда жүргенін айтады.

 

Батырдың туған жерінде

апр

Даниял Керімбаев,

Қостанай облыстық еңбекшілдер

депутаттары кеңесі атқару

комитетінің төрағасы:

– Батыр туған ел азаматтары батырша еңбек ету батырдың ардақты атағына сай болу аудан еңбекшілерінің жүрегінен берік орын алған. Аудан еңбекшілері мал шаруашылығында да елеулі табыстарға жетіп отыр. Осы аудандағы Комсомол атындағы колхоз – батырдың балалық шағы өткен жер. 1916 жылы көтеріліс күндерінде Аманкелді бастаған сарбаздар патша үкіметінің жазалаушы отрядын талқандап, жеңген болатын. Бұл оқиғаны еске түсіретін батырға ар­нал­ған ескерткіш бар. Қазір осы Ком­со­мол колхозынан 91 азамат Отан соғы­сында жауға қарсы күресіп жүр. Осы жауынгерлердің бірі – Аманкелдінің өз баласы Шәріп майданда сан рет қаһар­мандық көрсетті. Ол үш рет орденмен наградталған. Сондай-ақ орденді жауынгер Жармағанбетов медалды жауынгер Әбжанов сияқты ерлердің қимылдары батырдың ұрпақтарына тән қимыл...

Сондай-ақ соғыс жылдары бұл колхоз мүшелері батырдың атына сай еңбек етіп жатқаны туралы хабар­лайды. Атап айтқанда, жылқышы Шекер Шүлеков 18 биеден 18 құлын, сауын­шы Наурызбаева 15 сиырдан 15 бұзау алып өсірсе, батыр­дың қаза тапқа­нына 25 жыл толуына байланысты облыс көлемінде игілікті іс басталып, Қарабалық, Меңдіқара сияқты аудандарда Аманкелді атындағы танк колоннасын жасау ісіне қаржы жинау кең етек алып, колхозшы – осоавиахим мүшелері 292447 сом ақша жинағаны жазылыпты.

Бұл жерде назар аударарлық дерек: «Торғай поселкесінде соғыс ко­мис­­сарының штабы болған үй және Аман­келді тұрған үй жөнделіп, қалпына келтірілсе, 1916 жылы Аманкелді ауданында көтерілісшілер штабы болған үй де жөнделіп, тәртіптелді. Сондай-ақ Аманкелді поселкесінде батырдың ескеркіші түзетілді», делініпті.

 

Ел ері

вра

Әліби Жанкелдин,

Аманкелді батырдың үзеңгілес досы, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Аманкелді атасы Иман батыр сияқты «қасық қаным халқым үшін» дейтін... Аманкелді екеуіміздің туған жеріміздің арасы небәрі 20 шақырымдай болды. Ол Торғай үйезі Терісбұтақ ауылында туды да, мен Қайдауыл жерінде тудым. Ол жер қазір Ұлытау ауданы. Бала кезімізде екеуіміз жиі кездесетінбіз. Аманкелді ақжарқын, сауықшыл еді. Ол атқа шабуға, аударыспақ, көкпар тартуға, мылтық атуға құмар болды. Сонымен қатар ол әсем әнді, терме-жырды да сүйетін. Ол 10-11 жасында үлкендердің жұмысымен айналысаты, – деп бастап, әрі қарай батыр өз кемшілігін түзетуге өте икемді болғанын, қазақтың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мақалын аузынан тастамай айтып жүретін еді.

 Елде бірсыпыра уақыт жүріп, 1913 жылдың аяқ кезінде Аманкелді сынды ермен қоштасуға тура келді. Бірақ Аманкелді екеуіміздің арамыздағы қ­а­тынас хат арқылы бұрынғыдан әлдеқайда күшейе түсті. Ол маған жазған хаттарының бірінде: «Мен Тор­ғай облысының басқа уездеріндегі жігіт­термен таныстым. Олар халықтың күйзелісті халіне қарап тісін қайрап жүр», десе, 1916 жылғы июнь жарлығынан кейін жазған бір хатында былай деген: «Ел басына бұрынғыдан да жаман ауыр күн туды. Патша үкіметі солдатқа 19 бен 31 жастың арасындағы жастарды бер деп жатыр. Еңсесі түсіп, еңіреген елдің көз жасына етегі толып отыр. Елге «Қалай да бір өлім. Патшаның сойылын соғып өлгенше өз жерімізде өлейік. Солдат бермейміз, күш біріктіріп қарсы күрес ашамыз», дедім. Көпшіліктің жиналысын аштым. Онда былай дедім: «Ей, ашынған жұрт, патша үкіметі біздің кілең аяулы азаматтарымызды қан майданға апарып от аузына ұстағысы келеді. Бұған көнуге болмайды. Олай болса бізге жел­кілдеген ту ұстап, жауға қарсы шыға­тын күн жетті. Осыған бел байлап, бәтуәға келейік» дедім...

Мақала авторы келесі кезекте, 1916 жылдың күзінде Аманкелдінің ша­қы­руымен Торғайдан 8 шақырым жердегі Ақмырза қопасына келгенін, бұндағы мақсаты күреске әзірленген арғын – қыпшақ рулары Аманкелді мен Оспан Шолақовты басшы сайлап, соғыс кеңесін құрғаны туралы баяндай отырып: «Осы мәжілісте Аманкелдінің алмастай өткір екенін көрдім. Кейбіреулер қару-жарағымыз нашар Торғайға шабуылды кейінге қалдырайық дегенде, Аманкелді ұшып тұрып, жігіттер «темірді қызған кезде соқ» деген қаймығатын ешнәрсе жоқ» деп басып тастады. Сөйтіп, 1916 жылы 6 ноябрьге қараған түні Оспан бастаған сарбаздар Торғай қаласының күнбатыс жағынан, Аманкелді сарбаздары қаланың күншығыс жағынан кірмек болды. Біз жақындай бергенде қала түбіндегі маяланған шөп өртеніп, бүкіл қала-даланы күндізгідей жарқыратып жіберді. Қаладағы жау гарнизоны мұны көріп күтіне түсті. Дегенмен шабуылды тоқтатуға болмайды. Өрт сөнгенше аялдадық та, таң сыз беріп келе жатқанда шабуыл жасадық. Бекініп алған жау әскері зеңбірек пен пулеметпен оқты жау­дырып тұр. Таң ата Аманкелді бастаған бес кісі қаланың солтүстік жағынан келіп кірдік. Бізді жаудың бір взвод әскері қамап алып, жақындамақ болды. Аманкелді саспастан үзік келе жатқан жау командирін мылтықпен басып салды. Командир қалпақтай ұшты. Зәресі ұшқан жау үрейленіп, өлген командирдің сүйегін алуға да шамасы жетпей дүрлігіп кейін қашты. Аманкелді жүгіріп барып командирдің қаруын алды. Сол күні біз бес кісі 15-тен аса жауды өлтірдік. Аманкелдінің әрбір атқан оғы босқа кеткен жоқ. Оның мергендігіне таңғалдым. Түс ауа  қоршаудан құтылып шықтық. Аманкелді бұл жолы Торғай қаласын ала алмады. Алайда бұл ұрыстың маңызы зор болды. Болашақ ұрыс үшін көп тәжірибе жинады», деп толғапты.

 

 Аманкелдінің батыр бабалары

ап

Қаныш Сәтбаев,

КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі (1944):

– 1916 жылғы халық көтерілісінің ержүрек көсемі, қазақ халқының асқан ірі қайраткері Аманкелді Иманов қып­шақ руынан шыққан. Бұл ру түрік тұқымдас елдер ішіндегі ең іргелісі және жауынгері еді. Аманкелді шыққан бегімбет тұқымы қыпшақ руының ең жақсы жауынгерлік салтын тура сақтап дамытып отырған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында болған Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының патша үкіметіне қарсы ірі көтерілісі кездерінде бегімбетте екі мыңнан астам үй бар екен. Олар Ұлытау төңірегінің Қараторғай, Сарыторғай өзендерінің сағасын мекендеген.

Қаныш ағамыздың баяндауы бо­йынша, Аманкелдінің атасы Иман батыр Кенесары көтерілісінің ең таңдаулы батыры – ханның жақын, сенімді серігі екен. Кенекең Иман батырдың жауын­герлік өнері мен тәжірибесін аса жоға­ры бағалаған. Иман қатысып ақыл бермеген жерде Кенесары көтерілістің тәсілі мен басшылығына өздігінен тоқтам айта алмаған дейді ғалым.

«Иман келсе, аман келеді» деген Кенесарының сөзі кейін немересіне есім (Аман + келді) болды. Ал Аман­келді өзінің фамилиясы ретінде әкесі Үдербайдың атын алмай, атасы Иман­ның атын алуында үлкен мән бар. Өйткені туған халқының бостандығы үшін жанын пида еткен атақты бабасын ұмытпай есіне сақтап, оның тарихи ерлік істерін айрықша құрметтегені.

Кенесары көтерілісіне бегім­беттер­ден Иманның балалары Бердалы, Ер­жан, Балық, Үдербай (Аманкелдінің әкесі) қатысады. Бердалы мен Ержан екеуі Иман батырмен бірге 1847 жылы көтері­ліс­тің соңғы дәуіріндегі аса ауыр со­ғыста ерлікпен қаза табады. Балық пен Үдербай көтеріліс басылып, Кенесары мен Иман тұтқынға түсіп, өлгеннен кейін бегімбеттің аман қалған аз ғана үйлерімен қаншама апатқа қорлыққа душар болып, Алатау алабынан өздерінің туған жері Торғай даласына қайтып келеді.

Осылардың барлығы жас Аманкел­діге көп әсер етті. Жүре келе оның батыр болып қалыптасуына себепші болды. Аманкелді жас күнінде әкесі Үдербай мен ағасы Балықтан Кенесарының ерлік жорығы жайында көп естіді. Сөй­тіп, 1916 жылы елді бастаған айбар­лы қолбасшы болды. Аманкелді Иманов – өз заманында мақсатын дұрыс түсініп, халық қозғалысының кемеңгері болған адам», деп жазбасын түйіндепті Қ.Сәтбаев.