Сұхбат • 06 Қараша, 2023

Конвенциялардың көмегі көп

186 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі заманда жоғары білім ұлттың экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторына айналды. Жақсы білім беру – сапалы мамандарды даярлаудың, инновациялық үдерістерден тыс қалмаудың, ғылым мен мәдениетті дамытудың кепілі. Соның ішінде шетелдік білім беру құжаттарын тану студенттердің академиялық ұтқырлығы мен мамандардың шетелде біліктілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Осы жолдағы маңызды қадам­дардың бірі – жоғары білім беру біліктілігін тану туралы Токио және жаһан­дық конвенцияның ратификациялануы. Аталған конвенциялар Қазақ­станға қандай мүмкіндіктер мен өзгерістер алып келетінін Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы директорының орынбасары Ержан ІРГЕБАЕВТАН сұрап көрдік.

Конвенциялардың көмегі көп

– Жоғары білім беру біліктілігін та­ну туралы Токио және жаһандық кон­­вен­цияның негізгі мақсаты қан­дай?

– Токио конвенциясы, жоғары білім беру біліктілігін тану туралы Азия-Тынық мұхиты аймақтық конвенциясы 2011 жылдың 26 қарашасында То­киода қабылданып, 2018 жылдың 1 ақ­панында күшіне енді. Оған 12 мемле­кет қол қойды. Токио конвенциясы Азия-Тынық мұхиты аймағында серіктес елдердің білімін тану саласындағы ын­­ты­мақтастықты ынталандыруға, сон­­дай-ақ академиялық ұтқырлықты арт­­тыру мақсатында ақпарат алмасуды қам­тамасыз етуге бағытталған. Ал жо­ға­ры білімге қатысты сертификаттар­ды тану туралы жаһандық конвенция 2019 жылдың 25 қарашасында ЮНЕСКО Бас конференциясының 40-сес­сиясының пленарлық отырысында қа­бы­л­данды. Биыл 5 наурызда күшіне енді. Құжаттың ерекшелігі – алғаш рет ғылыми дәрежелерді аймақтық емес, жаһандық деңгейде танудың жалпы қағидаттарын бекітті. Оған 22 мемлекет қол қойды. Бұл конвенциялар студенттер мен мамандардың халықаралық ұтқырлығына жәрдемдесудің, сондай-ақ әртүрлі елдер арасында академиялық дәрежелер мен біліктіліктерді танудың жалпы стандарттарын белгілеудің негізгі құралы болып саналады.

– Жоғары білім саласындағы конвенцияларды ратификациялауда біздің ел қандай артықшылықтарға ие болады?

– Екі конвенция да жоғары оқу орындары мен жүйелердің әртүрлілігін құрметтейді, қолдайды әрі қорғайды. Сонымен қатар конвенциялар мәдени әртүрлілікке баса назар аударады. Екі конвенция да жеке тұлғаның мүддесін не­гізге алады. Жоғары оқу орнына түсу үшін және жұмысқа орналасу үшін өзі­нің біліктілігін өзі бағалауға құ­қы­лы. Конвенцияның екеуінде де бі­­лік­­тілікті тану ашық, әділ әрі кемсі­тусіз болуы керек екені баса айтыл­ған. Жаһандық конвенция мен Токио конвенциясы оқытушылардың, студенттердің, зерттеушілердің мамандардың ұтқыр­лығын арттырады әрі студенттер мен зерттеушілердің халықаралық ұт­қырлығына ықпал етеді. Қысқамер­зімді перспективада конвенцияларды ратификациялау ортақ тетіктер мен стандарттарды белгілеу арқылы тану үдерісін жеңілдетеді, студенттер мен мамандардың ұтқырлығын арттырады, білім мен тәжірибе алмасуды кеңейтеді, сондай-ақ халықара­лық бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Ұзақ­мерзімді перспективада бұл еліміз­дің өңірлік деңгейде ғана емес, халық­ара­лық деңгейде де жоғары білім беру біліктілігін тану саласындағы ұстаны­мын нығайтады. Токио конвенциясын ратификациялау Азия-Тынық мұхиты азаматтарының Қазақстанның білім беру жүйесі, жоғары оқу орындары, білім беру бағдарламалары жоғары білімнің ұлттық біліктілік жүйесі және дипломдар мен сертификаттар беру үдерісі туралы хабардарлығын арттырады. Мұндай өзара іс-қимыл елдер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді жақсартуға, сондай-ақ білім мен тәжірибенің мәдениетаралық алмасуын кеңейтуге ықпал ететін болады. Токио конвенциясы бойынша қабылданатын міндеттемелер Қазақ­станның Лиссабон конвенция­сы бо­йынша міндеттемелерімен іс жү­зінде сәйкес келеді. Токио конвенция­сын жүзеге асыру ішкі заңнамаға өзге­рістер енгізуді талап етпейді. Лис­са­бон конвенциясын іске асыруды сүйе­мелдейтін Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім беру­ді дамы­тудың ұлттық орталығы бір мез­гіл­де Токио конвенциясы үшін де ұлт­тық ақпараттық орталық бола алады. Сон­дай-ақ Азия-Тынық мұхиты елдеріне жо­ғары білім беру жүйесі мен сапаны қам­тамасыз ету тетіктері, біліктілік пен оқу орындары туралы ақпарат бере алады.

– Құжаттар ратификация­ланған­нан кейін еліміз халықаралық қоғам­дастық алдында қандай міндет­теме­лерді орындауы керек?

– Айта кету керек, еліміз конвенция­лардың көптеген баптары бойынша өз міндеттемелерін орындап та жатыр және әкімшілік өзгерістер енгізу арқылы кез келген басқа міндеттемелерді орындай алады. Қазақстан қазірдің өзінде Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы конвенцияларда айқындалғандай Ұлт­тық ақпараттық орталықты құрды. Ор­­талық жоғары білім беру жүйесі мен сапаны қамтамасыз ету тетіктері, бі­­лік­­­тілік пен оқу орындары туралы ақ­­па­рат береді. Орталық жеке тұл­ға­­лар­­­­дың шетелдік біліктілігін кон­вен­­­­­ция­ға сәйкес белгіленген міндет­те­ме­­­лерге сай бағалайды. Ол конвен­ция бойынша міндеттемелерге сәйкес шетелдік білім беру құжаттары мен саяси ұсыныстарды тану бойынша мемлекеттік қызметті ұсынады. Екі конвенция да қатысушы елдердің міндеттемелері мен жауапкершілігін айқындайды. Бірінші жауапкершілік білім берудің әртүрлі деңгейлерімен байланысты біліктіліктерді. Мысалы, қолжетімділік біліктіліктерін, жоғары білім беру біліктіліктерін, сондай-ақ дәстүрлі емес білім беру нысандарын қоса алғанда, әртүрлі тәсілдермен алынған біліктіліктерді тануға қатысты. Мемлекет Еуроодаққа мүше басқа мемлекеттерде алған біліктіліктерін, сондай-ақ елеулі айырмашылықтар көрсетілуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, елдегі белгілі бір білім деңгейіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес келетін құ­жатталған алдыңғы білімді тануы керек. Екінші – босқындардың біліктілігін тану. Үшінші – ақпарат беру.

– Конвенцияларды жүзеге асыруда студенттер мен оқу орындарын қолдау үшін қандай шаралар қабылданады?

– Конвенциялар шеңберінде тану қағидаттарын іске асыру тану жолын­дағы негізсіз кедергілерді барынша азайтады. Сонымен қатар шетелде білім алған әрі оқуға немесе кәсіптік қызметпен айналысуға ниет білдірген адамдардың тап болатын қиындықтардан сақтандырады. Сондай-ақ шетелде білім алуға мүмкіндігі бар азаматтар санының артуына оң әсер етеді.