Аймақтар • 02 Қараша, 2023

Кесене комиссия назарында

119 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Киелі Түркістанның жалпы аумағы кейінгі үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұл­ғайып, ха­лық саны 220 мың­нан асты. Осыған бай­ла­ныс­ты тұрғын үй құ­ры­­лысының қарқынын бәсеңдетпеу – басты назарда. Бұл орайда биыл 5966 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Кесене комиссия назарында

Биылғы 9 айда 294 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 59 үйді халық игілігіне беру жоспарланып отыр. Ал жеке инвестициялар есебінен 46 үйдің құрылысы басталған. Одан бөлек, жаңадан салынатын 800 пәтерлі 20 тұрғын үй халық игілігіне шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге берілетін болады. Кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 187 пәтерді са­­тып алуға 1,8 млрд теңге қарас­тырылып, қазіргі таңда мем­ле­кет­тік сатып алу конкур­сы өтіп жатыр. Өңірлік коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте осындай деректер келтірген Түр­­кістан қаласының әкімі Нұр­бол Тұрашбеков 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ 535 жас түлек – «Жас­тар практикасымен», 102 жас – алғашқы жұмыс орнымен, 175 азамат «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылған. Ал 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар 150 тұрғынның бастапқы бизнес-жоспарларына қайтарымсыз грант қаражаты берілген. Түркістан қаласына биыл 348,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланса, 9 айдың қорытындысымен 245,8 млрд теңгеге жеткен. «Қа­лада 2023 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 222,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жыл­мен салыстырғанда 15%-ға артып отыр. Сондай-ақ биыл өнеркәсіп саласында 9 айда 18,8 млрд теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 4,3%-ды құрады. Ал өнер­кәсіптің басым саласы өңдеу өнеркәсібінде 12 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, электрмен жаб­дық­тау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд теңгеге жетті», деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Облыс орталығының өзіндік кіріс көлемі 2023 жылға 19,4 млрд теңге болып нақтыланып, был­тырғы көрсеткіштен 28,5 па­йызға артқан. Сондай-ақ қала әкімі облыс орталығына келе­тін туристердің қатары артқа­нын айтты. Мысалы, 9 айда Түр­кістан қаласына 678,5 мың зия­ратшылар мен туристер келген. Яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға артқан. 6,7 мың шетелдік ту­рист келіп, көрсеткіш 24,1%-ға өскен. Облыс орталығында қо­­нақ­үйлер саны бүгінде 57-ге жетті. Зиярат демекші, көк­темде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «қа­­бырғалары құзданып, тұзы шығып, бұзылып жатыр» деген ақпарат қызу талқыға түскен болатын. Ол бойынша, яғни ке­сененің жағдайы биліктің, тиісті мекемелердің назарында екенін «Egemen Qazaqstan» газетінде «Кесене іргесінің беріктігі ма­ңызды» атты мақаламызда жаз­ған да болатынбыз. Бұл орайда қала әкімі бүгінде кесене аумағында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты. «Кесененің негізгі жағында реконструкция жүріп жатыр. Ол бо­йынша комиссия құрылған. Қазір ылғалдану әр маусымда қай деңгейде болатыны зерттелуде. Мәселен, кесененің жағдайы жаз, күз, қысқы маусымда және көктемде қалай болады? Содан кейін барып қорытынды шығады. Сол кезде ғана нақты жауап айтылады», деді қала әкімі.

апп

Өзекті мәселелер де жоқ емес, олардың басым бөлігі қала әкі­мінің халықпен кездесулерінде көтеріліп, біртіндеп шешімін тауып келеді. Мысалы, облыс ор­та­­лы­ғы Түркістан қаласында орта­­лық­тандырылған кәріз жүйе­сіне 13 601 абонент қана қо­сылған. Бұл – жалпы қаланың 32,2 па­йызы. Сарқынды су тазалау ғимаратында биотазалау жүйесі толық жұмыс атқару үшін тәулігіне кемінде 10 мың текше кәріз суы келуі керек. Қала аумағы орамішілік абоненттік желімен қам­тамасыз етілмегендіктен, бұл әзірше мүмкін болмай отыр. Себебі жүргізілген сарқынды су желілерінің басым бөлігі – магис­тралды құбырлар. Осы орайда қала әкімі Түркістанды сарқынды су жүйесімен және або­ненттік қосылымдармен қам­тамасыз ету мақсатында 14 жобаны жүзеге асыру қажеттігін айтты. Қазіргі таңда 7 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Үш нысан биыл пайдалануға берілмек. Төртеуінің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін сарқынды су желісімен қамтамасыз ету көр­сеткішін 36,3 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 3 нысан республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылыпты. Қала әкімінің айтуынша, аталған жобалар толықтай іске қосылған жағдайда 2025 жылға қарай қала аумағын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 95 пайызға жетеді. Сондай-ақ жыл басынан бері қала әкімі 6 секторда тұрғындармен 96 рет кездесіп, өтініштерін тың­даған. Ол кездесулерде 925 мә­селе көтеріліп, оның 873-і орын­далды. Өзге мәселелер қаржы та­лап етуіне байланысты қа­ланың даму жоспарына енгізіліп, бақылауға алынған.

 

ТҮРКІСТАН