Аймақтар • 01 Қараша, 2023

Инфрақұрылымды жаңғырту – жаңа экономикалық үлгіге көшу жолы

164 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Халық саны жыл сайын қарқынды түрде өсіп келе жатқан Түркістан облысында тиісінше инфрақұрылым нысандарына деген қажеттілік артып жатыр. Бұл орайда облыс әкімдігі барлық мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге басымдық беріп келеді. Алайда өңір халық сұранысын жақын арада және толық қанағаттандыру үшін қаржылай қолдауды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін, индустрияландыру қарқынын да тежейтінін айтты. Осы орайда облыста шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселе бар.

Инфрақұрылымды жаңғырту – жаңа экономикалық үлгіге көшу жолы

Жобаларды толық жүзеге асыруға қаржы қажет

Еліміздегі суармалы жерлердің 35%-ы Түркістан облысында. Барлығы 552 мың гектар суармалы жерлердің бойын­да 520 елді мекен, яғни миллионға жуық ауыл тұрғындары тіршілік етеді. Осы елді мекендердің азаматтары өнімдерін ортақ нарыққа шығарып, ел өңірлерін көкөніспен, жеміс-жидекпен, мал азығымен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жатыр. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары облыстың шаруаларын ағын сумен қамтамасыз ету де, су шаруашылығы нысандарының жағдайы да өзекті мәселеге айналып отыр.

Отырар, Сауран, Ордабасы, Бәйдібек, Жетісай, Шардара аудандары және Түр­кістан мен Арыс қалаларының айнала­сындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету өзекті мәселе күйінде қалып келеді. Жыл бойы егісін егіп, шығынын шығарған шаруалар шілде-тамыз айларында егістікке су жеткізе алмай қыруар шығынға батуда және бұл – жыл сайын қайталанатын жайт. Осы мәселелерді шешу үшін жасалған жобалардың кейбіріне қаржы да бөлінген. Алайда оларды аяқтауға қаржыландыру тоқтап, толық жүзеге асырылмаған. Облыста су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің 2023-2030 жылдарға арналған «Жол картасы» жасалған. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, егер бұл жоспарға республикалық бюджеттен қолдау көрсетілсе, 3 жаңа су қойма салынып, 17 су қоймасы жөнделеді. Жаңадан 120,3 млн текше метр ағын су жеткізіледі. Жаңа 12,2 мың гектар суармалы жер іске қосылып, 250 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. Сапалы ауыз сумен 250 мыңға жуық тұрғын қамтамасыз етіледі. Каналдар, қашыртқылар, ауыз су құбырлары жөнделмек. Жол картасына жалпы 58 жоба енгізілген. Иә, қайталап айтайық, егер республикалық бюджеттен қолдау көрсетілсе. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қаржыландыру тоқтап, толық жүзеге асырылмаған жобалар да баршылық. Мысалы, Еуропа қайта құру және даму банкі қарызы есебінен «Отырар ауданындағы Шәуілдір алабының ішкі коллекторлық-дренаждық желілерін 12,4 гектар алаңда қайта жаңар­ту» жобасы. Жобаның құны – 2 842 млн теңге. Келісімшартқа сәйкес 2020 жылы 568 млн теңге көлемінде аванс төленген. Оның 8,2%-ы ғана, яғни 235 млн теңге игерілген. Жоба аясында ұзын­дығы 55,2 шақырым «Шәуілдір» бас қа­шыртқысымен 364 шақырым ішкі қа­шырт­қылар механикалық тазалаудан өткізіліп, жұмыс істеу қабілеттілігін арттырып, 12,4 мың гектар жердің ме­­лио­ра­тивтік жағдайы жақсаратын бол­ған. Алайда бас қашыртқының 41,2 ша­қы­рымы, ішкі қашыртқылардың 105 шақы­рымы ғана аяқталып отыр. Жоба толық іске аспаған. Бұл орайда бүгінде аталған жобаны ЕҚДБ қарызынан алып тастау және қалған жұмыстарды одан әрі «Қазсушар» РМК қаражаты есебінен аяқтау мәселесі қаралып жатыр.

Сондай-ақ облыс әкімдігі Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасын салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Жобаны іске асыруға 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында жалпы сомасы 5 млрд теңге, оның ішінде 2024 жылы – 3,4 млрд теңге және 2025 жылы 1,6 млрд теңге көзделген. Жобалық құны – 4 405 млн теңге, Еуропа қайта құру және даму банкі қарызы есебінен Отырар ауданында сорғы стансасының құрылысымен Шәуілдір қоректендіру каналын қайта жаңғыртуға келісімшартқа сәйкес 2020 жылы 881 млн теңге көлемінде аванс төленіп, бірақ қаржы игерілмеген. Жобаға сәйкес 29,7 шақырым канал бетонмен қапталып, су тастау каналының 6,8 шақырымын механикалық тазалаудан өткізу қажет болатын. Жоба толық іске асқан жағдайда «Д.Алтынбеков», «Көкмардан» каналдарына суару маусымында кепілді ағын су жеткізіліп, 12 мың гектар жер сумен қамтамасыз етілуге тиіс еді. Өкінішке қарай, ол жобаның да тоқтап қалғанына екі жылдың жүзі болыпты. Құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған жобалардың тағы бірі – Жетісай ауданы аймағында 2012 жылы басталған «Шаруашылықаралық К-30 каналының гидроқұрылғыларын қайта құру» жобасы. Жөндеу жұмыстары 2016-2017 жылдары тоқтап қалған. Ал 2018 жылдан бас­тап қайта жалғасқанымен, 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Каналдың жалпы ұзындығы – 30,6 шақы­рым. Соның ішінде 25 шақырымы бетондалу керек болса, оның 14 шақырымы ғана және ішкі тармақтарының 175 шақырымының 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 насос стансасының бірде-біреуі қойылмаған. Жобаның тапсырыс берушісі – Экология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитеті, мердігер – «Kerneu Limited» ЖШС. Құрылысқа қаралған 6,076 млн теңгенің 3,600 млн теңгесі игерілген болатын. Мамандардың мәлімдеуінше, атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасында көптеген кемшілік орын алған. Каналдың жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге айналып, ішкі су жүйелерінің су өткізу қабілеті нашар­лаған.

Сондай-ақ Жетісай ауданындағы Қызылқұм, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Ж.Ералиев, Абай, Ынтымақ ауылдық округтерінде тік дренажды ұңғымалар жарамсыз күйде. Аталған жағдай егістік жерлердің мелиоративтік жағдайының нашарлауына әкеліп соғып жатыр. Күзгі-көктемгі жауын-шашын, егістік алқап­тарының сор шаю жұмыстары кезінде жерасты суларының деңгейі көтеріліп, жоғарыда аталған ауылдық округтердегі елді мекендерді су басып қалу қаупі бар. Бұл орайда жуырда Үкімет басшысы­на депутаттық сауал жолдаған сенаторлар жоба бойынша Комитет тарапынан жасатылған 210 тік дренажды ұңғыманы қалпына келтіру ЖСҚ-на түзету енгізу, мем­лекеттік сараптама қорытындысын алу және Ислам даму банкі қарызының есебінен 210 тік дренажды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету шараларын қабылдау қажеттігін айтқан-ды. Үкімет басшысы Ә.Смайыловтың сенаторларға берген жауабына қарағанда, Ислам Даму Банкінің қарызы шеңберінде Түркістан облысында жалпы ауданы 136,8 мың гектар ирригация мен дренажды қалпына келтіру жөніндегі жобаны іске асыру жалғасып жатыр. «Temelsu компаниясы бүгінде облыс бойынша 512 тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіру бойынша 5 жаңа жоба әзірледі. Қазіргі кезде барлық 5 жоба бойынша жалпы сомасы 42,4 млрд теңгеге шарттар жасалды, оның ішінде 2,3 млрд теңге (5,3%) игерілді. Жоғарыда аталған жобаларды аяқтау мерзімі – 2025 жыл», делінген Премьер-министрдің жа­уабында. Өңір үшін маңызды тағы бірқатар жобаны қаржыландыру Үкімет тарапынан қолдау таппай отырғаны айтылған депутаттық сауалда сенаторлар Ә.Бектаев, А.Сатвалдиев, М.Қыдырбек жобалардың барлығы дер кезінде іске қосылған жағдай­да аудандардағы 200 мың гектарға жуық жерлерге кепілді су берілетінін айтады. Ал Премьер-министр депутаттар көтер­ген мәселелер Үкіметтің тұрақты бақы­лауын­да және оларды шешу жөніндегі жұ­мыс одан әрі жалғасатынын мәлім етті.

Ағын су мәселесін шешуде көрші мем­лекетке тәуелділік те кері әсерін тигізу­де. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу мақ­са­тында «Түркістан магистральды кана­лын күрделі жөндеу» жобасы іске асыры­лып жатыр. Бүгінде IV кезеңнің жоба­сы дайын. Жалпы құны – 11,5 млрд теңге. Қосымша 26 шақырым бетондалады. Жоба толық іске асқанда 89 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді. Нысан құрылысын бастауға 2024 жылға 5 млрд теңге қажет.

 

204 елді мекеннің су жүйелері тозған

Облыста ағын сумен қатар табиғи газбен, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселе­лері де өзекті. Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың қорытындысымен халықты 100 пайыз ауыз сумен қамтама­сыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда об­лыс­тың 833 елді мекенінің 720-сы не­ме­се 86,4% ауыз сумен қамтамасыз етіл­­ген. Ауыз су 113 елді мекенде (90,6 мың адам) мүлдем жоқ болса, 204 елді мекен­нің (591,5 мың халық) су жүйе­лері тозған. Облыс әкімдігі ол елді мекен­дерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету және тозығы жеткен желі­­лерді реконструкциялауға арналған жоба­лау-сметалық құжаттамаларды әзір­леген. Республикалық бюджеттің 2024-2026 жылдарға арналған жобасында облыстың сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі 31 жобасын іске асыруға 25,4 млрд теңге бөлу көзделген. Жобалау-сме­талық құжаттамалары әзірленген бірқатар жоба да қаржы қарастыруды қажет етеді. Атап айтқанда, Шардара қаласының Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінің, Мақтаарал ауданы Атакент кенті мен Өркениет елді мекендерінің және Сауран ауданында Ескі Иқан, Келес ауданында Оңтүстік, Созақ ауданында Сызған елді мекендерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 33,1 млрд теңге, оның ішінде 2024 жылға жобаны қаржыландыруға 13,2 млрд теңге қажет. Мысалы, 59 мыңға жуық халқы бар Қара­бұлақ ауыл округі тұрғындарының 60 па­йызы ғана ауыз су құбырларын пайдалана алады. Бұл құбырлардың өзі 1968 жылы тартылған, яғни бүгінде тозығы жеткен, тәулік бойы су беруге жарамсыз. Ауыл халқының 30-35 пайызы құдық және өздігімен қазып алған су ұңғымаларын пайдаланып жатыр. Аудан әкімдігі тарапынан жағдайды жақсарту бойынша жерасты су қорына талдау жүргізіліп, оң қорытынды алынған. Жалпы құны 9,4 млрд теңгені құрайтын жоба-сметалық құжаттары әзірленген, мемлекеттік сарап­та­маның оң қорытындысы бар.

ара

Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауыл­ды жерлерде тұрады. Яғни ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту – бас­ты бағыттардың бірі. Өңірде бір жылда мүл­дем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ 10 елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылды. Облыс әкім­дігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 16 елді мекенде су жүйелері жүргізіліп, ауыз су беріледі. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамту үшін жерасты су кен орындарын, су көздеріне іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан уәкілетті органдар тарапынан су қорлары бекітіліп жатыр.

 

Табиғи газбен қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі

Облыста 833 елді мекеннің 465-і немесе 55,9%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бекітілген «Жол картасы» бойынша 2025 жылға дейін қосымша 202 елді мекенге табиғи газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9% жеткізу жоспарланған. Өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 2024 жылға 14,2 млрд теңге қарастыру жос­парланса, Қаржы министрлігі тарапынан тек қана өтпелі 6 нысанның құрылысына 3,1 млрд теңге мақұлданып отыр. Бұл өз кезегінде елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспардың түпкілікті нәтижеге жетуіне кедергі тудырады. Сондықтан 2024 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жаңа 69 нысанның құрылысына 18,1 млрд теңге қаржы қажет. Бірінші кезектегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жобаларын қаржыландыру мәселесі бойынша түбегейлі шешім шығарылмаса, бюджет қаражаты есебінен салынған газ нысандары қараусыз қалуы, тозуы және де талан-таражға түсіп, газ құрылғылары мен желілерінің жарамсыз жағдайға жеткізілуі әбден мүмкін.

Облыс халқы табиғи газды отандық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынуда. Өткен жылғы жалпы облыстың табиғи газ тұтыну мөл­шері 716,5 млн текше метрді құрады. Табиғи газбен қамтамасыз ету саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мысалы, кейінгі бір жылда 21 елді мекендегі 53 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Жалпы облыста 1,5 миллионнан аса халық табиғи газбен қамтылған. Биыл 103 нысанның құрылысына 16,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 68 нысанның құрылысы аяқталып, 122 мыңға жуық тұрғын қоныстанған 57 елді мекенге газ тартылады. Қалған 35 нысанның құрылысы келер жылы аяқталады. Сөйтіп, жыл қорытындысымен газ тұтынушылар саны 1 млн 659 мың 343 абонентке (78,3%) жетпек. Алдағы 3 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі. Өңірде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы стансаларын жөндеп, қайта іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттық жиында стратегиялық тұрғыда маңызды, газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Қараусыз қалған нысандар қайта іске қосуды, газ кіргізу жұмыстарын да мейлінше жылдамдатуды тапсырды.

Облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған жұмыстар нәтижесінде Жетісай ауданындағы «Жетісай», «Киров» АГТС-терінің құрылыс жұмыстары аяқталып, газға қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл осы секілді бірнеше ауданда газ таратушы желілерді жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынған. Мем­лекеттік сараптамадан 96 жобаның оң қорытындысы алынған. Оларды қайта қалпына келтіруге қаржы қарастырылып жатыр. Созақ ауданында газдандыру құрылысына бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, 2 нысан салынып жатыр. Аудан орталығы Шолаққорғанда құрылыс жұ­мыстары биыл аяқталады. Табиғи газ жүйе­сіне қосылу үшін АГТС бар магис­тралды газ кұбыры-тармағын толық аяқ­тауға республикалық бюджеттен 411,1 млн теңге қаржы бөлу қажет. Сарыағаш ауданының Жібек Жолы ауыл округіне қарасты елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2012 жылдары салынған автоматтандырылған газ реттегіш стансасы анықталған ақаулардан әлі іске қосылмай тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал Келес ауданындағы «Ғ.Мұ­­ратбаев» газ тарату стансасы 22 елді ме­кенге газ таратуда. Бұған қоса аудан­дағы қосымша 9 елді мекенді газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауданда аумағы 51 гектар болатын жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Осыған орай кешенге қажетті газ көлемін жеткізу үшін станса қуаттылығын арттыру қажет. Өңірдегі 29 газ тарату стансасының 9-ы биыл қайта жаңғыртудан өткен.

 

Жұмысты сапасыз атқарғандардың жауапкершілігі қаралады

Президент Жолдауында энергетика­лық қауіпсіздік мәселесін де шешу қа­жет­тігі айтылды. Қолдан келгенше өз ре­сурс­тарымызға арқа сүйеген абзал екені ескертілді. Бұл орайда электр желісімен облыстағы елді мекендердің 98 пайызы қамтылғанын айта кетелік. Биыл 71 ны­санның құрылысына бюджеттен 10,7 млрд теңге бөлінді. Нысандар пайдалануға тапсырылғаннан кейін 55 мың тұрғын сапалы электр қуатымен қамтылады. Облыста қажетті электр қуатының 80 пайызы сыртқы көздерден тасымалданады. Осы орайда электр қуатының тап­шылығын «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, бу-газ қондырғы стансасын салу арқылы шешу жоспарланып отыр. Стансаның қуаттылығы 1 мың МВт-ты құрайды. Нысан үшін жер учаскесі белгіленген. Құрылыс мерзімі 2024-2026 жылдарға есептелген, 2 мыңнан аса жұ­мыс орны ашылады. Жобаны іске асыру нәтижесінде облыстың электр қуат тапшылығы шешілмек.

Сондай-ақ өңірде кейінгі 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқы­ны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тап­сыр­мау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппарат отырысында тұрғын үйлерді уақтылы тапсыру жағында мін барын айтты.

«Кейбір коммерциялық бағыттағы үйлердің шаршы метрінің бағасы өте қымбат. Бірақ сол бағасына сай емес, көлік тұрағы, абаттандыру жұмысы жоқ. Сондықтан компаниялармен үй баға­­сын төмендету немесе сапасын жақсар­­та түсу жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілуі керек. Тұрғын үй құрылысына, арендалық үйлерге қатысты жұмысын дұрыс атқармаған әкімдер мен жауапты орынбасарларынан түсініктеме алынсын. Қаржыны алып, жұмысты кешіктірген және сапасыз атқарған мердігерлердің жауапкершілігін де заң аясында қарап шығыңыздар», деді облыс әкімі.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл өңірде барлық қаржы­ландыру көздері есебінен 866,4 мың шар­­шы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. Сегіз айдың қоры­тындысымен облыс бойынша 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабыл­данған. Түркістан қаласындағы әкім­ші­лік-іскерлік орталығындағы 62 тұр­ғын үйдің тап­сырыс берушісі – облыстық құры­лыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құры­лысын аяқтап, жалпы 185 мың шар­шы метрді құрайтын 3 140 пәтерді пайда­лануға тап­сыру жоспарланған. Қазір­гі таңда 1 409 пәтер немесе 81 188 мың шар­шы метр үй пай­­да­лануға берілген. Құры­лысты мер­зі­­мінен кешіктірген мерді­герлер­ден келісім­шартқа сәйкес 2,5 млн теңге өнді­ріл­ген.

 

Түркістан облысы