Пікір • 24 Қазан, 2023

Тарих парасаты

257 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір айдың жүзі болды, «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттері оқыр­ман­ға ел егемендігі жария­лан­ған кезең­нің естеліктерін, осыған бай­ланысты танымдық материалдарды ұсы­нып келеді. Саяси үдеріске қатысқан аға тол­қын, өткен мен бүгінге көз салған жаңа буын Республика күнін ұлт құндылықтары ая­сында байыптай бастады.

Бұл ретте Президент Қ.К.Тоқаевтың: «Мемлекеттік егемендік туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін» деген тұжырымы тарихи сабақтастықты айқындайды.

Өркениетті өреде мемлекетшіл ізденістер тәжірибесі – Түркістан мұхтарияты, Алаш автономиясы, кеңестік Түркістан республикасы мен Қазақ республикасы – ел Егемендігі мен Тәуелсіздігінің іргетасы. Оның соқтықпалы, соқпақсыз болғаны да белгілі.

Қазыналы халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Мағынасы даму белестерін меңзесе де, ай мәнінен де алыс емес. Мұны сөз қадірін білетіндер жете түсінеді. 1920 жылы 6 қазанда жарияланған Қазақ кеңестік автономиялық республикасы мен 1990 жылы 25 қазанда жарияланған Қазақ республикасы егемендігінің сабақтастығы да – тарихи факт.

Ерекше дерек: 20-жылдары ұлт баспасөзінде кешегі Алаш пен жаңа өкіметті саяси тұрғыдан үйлестірген автономия туралы көп жазылған. Бұған ақын Мағжан «Автономия кімдікі?» деп көсемсөзбен тіл қатса, қайраткер Смағұл «Автономия» атты әңгіме арнаған. Екеуінің де пікірі – ұлт бірлігіне, жаңа билік жүйесін елге жақындатуға, қоғамдық парасатқа бағыт­талған. Көп кешікпей Міржақып Дулатұлы Орынбордан емес, Түркістан кеңес­тік ав­то­но­миясының бас газеті – «Ақжол» мін­бе­рінен «Өз тізгіні өзіне тиген біздің қазақ-қырғыз ең­бекшілері енді не істеу керек?» деп ой тас­тайды.

Дәл осы тұста 1920 жыл мен 1990 жыл арасына параллель жүргізуге болады. Міржақып қазаққа кең тараған сол басылымда негізгі мәселе­лерге арнап қадау-қадау мақала жария­ла­ған. «Екі баладай екі республика – Түркістан, Қазақстан үлкен үйден енші алысып, ен салысып шыққандай болса да, тұрмыс жүзінде бір-бірінен айырылыса алмайтыны анық» деп бір қайырады. Естеріңізде ме, 1917 жылы 5-13 желтоқсандағы жалпықазақ съезінде автономия мәселесі пәтуаласқанда, Міржақып екі серігімен Ташкентке жіберілмеп пе еді? Бұл шешім ел бірлігінің арқауы екен. 1920-1921 жылдар баспасөзінде оқығандарды кеңсе жұмысына тарту, жедел мұғалімдер курсын ұйымдастырып, жаппай сауат ашу, Қытай жеріне босқан қандастарды қайтару, соғыстан, төңкерістен күйзелген шаруашылықты түзеу, аштықпен күрес, шекараны айқындау, зауыт-фабриктерді қайта жарақтандыру, әйелге теңдік әперу, ден­сау­лық мекемелерін жүйелеу, баспасөз, кітап, мәдениет саласын жолға қою т.б. мәселелер көтерілді. Бұл 1990-1991 жылдары сәл басқаша, заманына сай мазмұнда қайталанды.

Иә, ғасырдың жүгі дерлік жұмыс. Бұған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сынды зиялылар (үкімет мүшесі) бастап, өзге оқығандар қостап, аянбай атсалысты. Оған тарих куә.

Ал 1990 жылы жарияланған «Егемендік декларациясы» мен азаттық жолындағы сарабдал іс-қимыл, терең әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан елді алып шығу, халықтың береке-бірлігі, «Құйылсын көшің!» деп атажұртқа қандастарды шақыру т.б. бастамалардың да Отан тарихында елеулі орны бар.

Тіпті саясаттанушылар жазып жүргендей, 1990 жылдың 25 қазаны мен 1991 жылдың 16 желтоқсаны арасында Қазақстан «шешуші бір кезеңді жүріп өтті».

Тәуелсіздіктің 30 жылы да – бәріміздің көз алдымызда. Жақсылыққа қуандық, жеңістерге марқайдық, сонымен қатар қателіктен ащы сабақ алдық. Қиындықтар, күрделі жағдайлар шыңдады. Елдегі ахуалдан тыс әлемдік пандемия, жаһандық қақтығыс-соғыстар зияны бізді де айналып өтпеді. «Қасіретті қаңтардың» да зардабы аз болмады...

Жоқ, біз – мың өліп, мың тірілген жұртпыз. Елдік күш-жігер, ұлттық намыс пен даналық, этносаралық береке-бірлік қазір де, болашақта да қилы қиындықтан алып шығатынына сенім­ді­міз.

Мемлекет басшысының АҚШ, Қытай, Ресей, Түркия, Германия, Араб елдеріне жасаған ресми сапарлары мен Орталық Азия республикалары басшыларымен әріптестік қа­рым-қатынасы Қазақстанның сыртқы сая­сат­тағы өрісті деңгейін айқындап, инвестиция мен жаңа технологиялардың келуіне, өңірдің ынтымағын сақтауға оң ықпал етіп отыр.

Отанымыздағы саяси өзгерістерге келсек, Мемлекет басшысының сындарлы рефор­малары еліміздің қоғамдық құндылықтар жүйе­с­ін жаңартып, азаматтық белсенділік пен жауапкершілікті арттырды. Қоғам мен мемлекет арасында сенім мен әріптестік орнай бастады. Бұл – әділеттік пен парасат қағидаты.

Біртуар қайраткер Әлихан Бөкейхан: «Тарих – түзу, жөнді үйретуші» дейді. Егемендік пен азаттық, елдік пен мемлекеттілік жолы бәрімізден өткенге, бүгінге, келешекке жауапты қарауды талап етеді.