Мәдениет • 23 Қазан, 2023

Он төрт күннің ішінде анам мен әкемнен айрылдым - Саят Медеуов

16347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі эстрада әншісі Саят Медеуов 7-ші арнаның "Қызықты weekend" бағдарламасында анасы мен әкесі туралы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Он төрт күннің ішінде анам мен әкемнен айрылдым - Саят Медеуов

Ол анасы қайтқанда әкесінің жасы жетпісте болғанын есіне алды. 

"Анам дүниеден өткен соң "Болды, осымен өмір бітті" деп он төрт күннен соң өзі де қайтып кетті. Таңғалдым. Өзі дайындалды. "Осымен өмір бітті. Жұмыс бітті. Бәрі тоқтады. Енді жұмысқа шықпаймын. Осымен болды" деді. Коронавирустың өршіп тұрған кезі еді. Көп адам көз жұмды. Сонда ол кісінің қорыққаны мынау – "Жастар қырылып кетпесін, жастар аман болсын, мен сияқты өмір жасаған, көрген қариялар өмірден өтсе, жарасады. Өлсем, мен өлейін. Жастар аман болсын. Басымды құрбан еттім" деді де, жатып қалды. Содан көз жұмды", - деді әнші.

Өнер иесі әкесінің мұндай ауыр халін ішқұсалық па деп ойлаған.

"Басыма неше түрлі ой келді. Бірақ сөздеріне қарасам, олай емес секілді. Кететінін білген сияқты. Айтсаң, ертегі секілді. Анам кеткен соң әкемнің де кететінін түсіндім. Жатып қалды, тұрмай қойды. Укол салайын десек, "Салмай-ақ қойыңдар. Мен қабылдамаймын. Система да көмектеспейді. Осымен өмір бітті. Келген адамдарға шеберхана жұмыс істемейді, мені жұмысқа шықпайды деп айта салыңдар" деп айтты", – дейді Саят Медеуов.