Қоғам • 22 Қазан, 2023

«Қайырымдылық керуенінің» нәтижесі

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Қайырымдылық керуені» республикалық форумы өтті. Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларға қолдау көрсету, олардың қабілетін ашуға мүмкіндік беру. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағытта биыл атқарған жұмысын қорытындыланды.

«Қайырымдылық керуенінің» нәтижесі

Қайырымдылық – отандас­тары­­мыз­дың бірлігін бекемдеп, ын­­тымағын арттыратын игі іс. Жыл ба­сынан бері Ассамблея осы ұлт­тық құндылықты дәріптеп, 250 мыңнан аса адамға көмек қолын созды. Жақсылықтың жаршысына айналған жандар жалпы кө­лемі 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсаған.

– Еліміздің егемендігі туралы Декларация қабылданған бұл айтулы дата – елдің тұғыры берік мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның нышаны ретінде ай­рықша маңызға ие мереке. Бұл күн біртұтас халқымыздың бірлігін арттыруға, мемлекеттігімізді ны­ғайтуға бағытталған іс-шаралар өткізумен ерекшеленеді. Осындай іс-шаралардың бірі әрі бірегейі – «Қайырымдылық керуені» акция­сы. Форумда қайырымдылық жасаушылардың ізгі ниеті мен жомарттығына құрмет көрсетеміз. Өйткені Ассамблея ел басына күн туған шақта көппен бірге сүрінгенге – сүйеу, қиналғанға демеу бола білді. Әр мың санының артында нақты бір адам, отбасы тұр. Мәселен, «Мектепке жол» ак­циясы аясында ғана бала­ларға 153 млн теңге көле­мін­де көмек көрсеттік. Абай облы­сындағы өрттен зардап шеккен­дерге де 47 млн теңге көлемінде көмек берілді. Біз көмек­ке мұқтаж әрбір жан мемлекет пен қоғамның қолдауын се­зінетіндей қоғам құрып жатырмыз. Әділетті Қазақстан ең алдымен, инклюзивті мемлекеттен бастау алады. «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында біз қо­ғамның назарын балалардың өнері мен шығармашылығына ауда­рамыз. Осы орайда, 40-тан аса құлағы естімейтін және нашар еститін балалардан құралған Сол­түстік Қазақстан облысы­ның «Sensitive» би ансамблін ерекше атап өткім келеді, – деді Ассамблея төр­аға­сының орынбасары Марат Әзілханов.

Форумда жыл қорытындысы бойынша қайырымдылық саласына үлес қосқан және ерекше қа­жеттіліктері бар дарынды ба­ла­ларға қолдау көрсеткен азаматтар Ассамблея атынан «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды. Жан-жақтан жиналған көрер­менге шығармашылық нөмір­лер ұсынылды. Сондай-ақ алаң­да мамандардың инклюзивті және арнайы білім берудегі инно­вациялық әдістемелерінің тәжі­рибелік кейстері таныстырылды. Ым-ишара тілін қолдану, көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту және тәрбиелеу, ата-ана­ларға, педагогтерге және ҮЕҰ-ға әдістемелік көмек көрсету мәселе­лері қаралды.

– Депутаттық корпус ин­клю­зив­­ті балалар мәселелеріне қа­тысты ар­найы дөңгелек үстел өт­кізді. Жиында білім беру, пси­хологтердің деңгейі, кәсіби са­рап­шылар арасында қандай сұ­рақ­тар көтеріледі және арнайы орта­лықтарда сарапшылар қандай болуы керек сынды тақырыптар көтерілді. Қатысушылар арасында ҚХА мүшелері, Оқу-ағарту министрлігі өкілдері, Мәжіліс депутаттары да бар. Өйткені ҚХА биыл еліміздегі партиялармен меморандумға қол қойды. Соның негізінде партия атынан депутаттық мандат алған азаматтармен түрлі қоғамдық мәселені бірлесе тал­қы­­лаймыз, – Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова.