Қоғам • 20 Қазан, 2023

Қыз алып қашқандар 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қыз алып қашу – қазақтың көне дәстүрі дейтініміз рас. Бірақ ол қыздың еркінен тыс болса, бұл ауыр қылмыс қата­рына жатады. Ол үшін 15 жылға бас бос­тан­дығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қыз алып қашқандар 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: ашық дереккөз

Газеттің бүгінгі санында тілші Ескендір Зұлқарнайдың «Қыз алып қашам деп, қылмыскер атанды» атты мақаласы жарық көрді. Автор мақалада қыз алып қашамын деп жазаға тартылған азаматтардың мысалын келтірген. Бұл жағдайда қыз алып қашуға қатысқан барлық азамат жауапқа тартылатыны айтылады. 

Шымкент қаласының про­куроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, қыз алып қашу фак­ті­лері өңірде әлі де азаймай  тұр. Мә­селен, соңғы екі жылда қалыңдықты алып қашу белгілері бар 25 дерек тір­келіпті. Осы оқиғалардың барлығында қозғалған қылмыстық істер сотқа дейін жетпеген. Себебі қалыңдықтар «күйеу жігіттің» үйіне өз еркімізбен келдік деп арыз жазғандықтан, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайларда, өкінішке қарай, кейбір жас қыздарды үйіне қайтуға ұят болады деп, еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлейтін көрінеді. 

«Қыз алып қашуға байланысты әрекеттер мән-жайларға байланыс­ты адамды ұрлау (Қылмыстық кодекстің 125-бабымен 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған) немесе бас бостандығынан заңсыз айыру (Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көздеген) деп саралануы мүмкін. Аталған баптар бойынша қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Мұндай жағдайларда бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiр­ленушiнiң шағым берген-берме­геніне қарамастан жүзеге асырылады», деді про­курор.