Ең қысқа әңгіме • 19 Қазан, 2023

Абылайдың ақ үйін айқындаған

350 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тура жиырма жыл бұрын, 2003-тің қоңыр күзі-тін. Дәл қазіргідей қазан айының аяғы. Ұмытпасам, 29 қазан болатын. «Егемен Қазақстан» газетінің ел іздеп оқитын «Етжеңді» дейтін саны қолыма тиді. Баппен, байыптап оқып отырып, «Абылайдың ақ үйі» деген тақырыпқа көзім түсті. Шағын мақалаға хан ордасының қиранды фотосы қоса беріліпті. Санам селк етті. Үңіліп авторына қарасам, Жақсыбай Самрат деп тұр.

Абылайдың ақ үйін айқындаған

Өз басым қазіргі таңда жігерлі журналшы, қалам қуатымен бұқа­раны баурап жүрген Жақсыбай ағаны алғаш осылай таныдым. Расын айтсам, жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзіліп, асылы арып, жа­сығы тойынған кер заманда (Дулат Бабатайұлы) өшіп қалған шоқты үрлеп, өтіп кеткен жоқты іздеп, күлге айналып жанып кеткен тарихты  қайта түлетуге ұмылған бұл азамат тегін адам болмады. Менің алғашқы ойым еді бұл.

Арада бір ай өткен жоқ, «Егемен Қазақстан» газетінің 22 қарашадағы санында Жақсыбай Самраттың «Абылайдың ақ үйі... Аңыз емес, ақиқат» атты жазбасы жарқ етті. Мақаланың тоқетері: Жақаң арнайы сұрау салудың нәтижесінде РФ СІМ архивінен 1765 жылы (ол кезде Петропавл деген қала атымен жоқ) Қызылжар өңіріне Абылай ханға орда тұрғызылғаны жөнінде құжатқа қол жеткізген. Автор: «Абылайға арналған үй Қызылжардағы дөң­ге салынған алғашқы нысан деп айтуға болады. Сөйтіп, «біздікі, біз салғанбыз» деп өзеурейтін кейбіреулердің аузына құм құятындай болып, алғашқы үйдің қазақ ханы Абылайға арнап салынғандығы, бұл жердің қазақ халқына ғана қатысты екендігі анықталды», деп мақтанышпен баяндайды.

Бұл оқиғаны неге тәптіштеп отырмыз. Білген жанға бұл – керемет жаңалық. Тегі жүрегі елім деп соғатын, сол елінің жыртығын жамап, жел жағына ық болайын дейтін ықыласы мол, мақсаты биік жандардың қолынан келетін шаруа. Өз басым Жақсыбай Баянұлын тек осы әрекеті үшін бағалаймын.

Содан кейін тағы бір аңғарға­ным, ағамыз кез келген жазбасында ешқашан «Петропавл» демейді, Сәбит Мұқанов атасы сияқты «Қы­зылжар» деп жорға жүрісінен қырып жіберсе де танбайды. Қысқасы, Жақаң – өзінің идеясынан, өзінің ұстанымынан, өзінің көзқарасынан, өзінің мақсатынан, өзінің танымынан таймайтын піл табанды адам.

Білген, яки оқыған жан Жақаң­ның туабітті табиғи тазалығы мен текті талғамын аңғара алады. Бұл қасиеті журналистік жазбаларынан гөрі, прозалық шығармаларында айқын көрініс тапқан. Әрі прозасы әдеби көркемдіктен бұрын, дәуір шындығына жақын. Айта­лық, өткен ғасырдағы ұлт тарихы­ның жаралы беті Желтоқсан көте­рілісіне (1986) қатысты жа­зыл­ған «Бітеу жара» романында шови­нистердің арам пиғылын қақы­рата әшкерелесе, тіпті туынды кейіп­керлері Горбачев, Колбин, Лигачев, Қонаев, Камалиденов, Меңдібаев, Назарбаев сияқты партия функционерлері нақпа-нақ есім-сойларымен шығармада менмұндалап айқайлап тұр.

Жазушы Мұхтар Мағауин бұл романды өзі басқарып отырған «Жұлдыз» журналына түп қопарып түгелдей басып жариялауы тегін емес, әрине. Сондай-ақ Жақаңның екінші романы «Өзгеленді бұл ғаламды» оқыған терең ақыл иесі Амангелді Айталы марқұм алтын басын шайқап, ағамыздың маңдайынан иіскеген екен. Әбекең қатты риза болғанда сөйтеді. Өйт­кені туындыда тәуелсіздік жыл­дарындағы солтүстік өңірдегі сепа­ратистік әрекеттер, оған қарсы күрескен жергілікті қазақтардың қарапайым әрекеттері баяндалған. Бұл шығарма, расын айтсақ, тәуел­сіздік жылдарындағы өңір ахуалын баяндаумен қатар, халық ара­сын­дағы мылтықсыз майданды суреттейтін құнды туынды.

Ағамыз ақ қайыңы сыңсыған, ақ самалы жел­піген, көкорайы жайқалған, иісі жұпар, ауасы самал, бірақ шығармашылық шабыты шау тартқан солтүстікте, соның ішінде бұрынғы Ленин, қазіргі Есіл ауданының Тауағаш дейтін кілең қазақтар тұратын елді мекенде өсіп-өнді. Үлкен орта, үлгілі ұстаз көрген жоқ. Сөйте тұра қаламы – қылыш, сөзі – маржан.

Біз де әдеби-рухани мектеп көрме­гендер сапынан едік, бірақ көзімізді тырнап ашқалы жырмен сусындап, дастанмен ауыздандық, ескінің әңгімесін көп тыңдадық әрі күні-түні талмай кітап оқыдық. Осылай жетілдік. Қызық! Жақаң да дәл сон­дай екен. Бәсе деймін, әдеби шығармаларында эпи­калық тыныс басым. Демек Жақаңның мектебі – қазақ­тың отбасылық құнарлығы. Оған дәлел-дәйек те бар. Облыстық «Soltustik Qazaqstan» газетінің 18 қазан күнгі санында жарық көрген «Журналист сыншыл болу керек» атты сұхбатында: «Жас күнімде әңгімені көп тыңдадым. Үйге қонақ келсе, ұйықтаған болып жатып, олардың әңгімелерін тыңдайтынмын. Кітапты да көп оқыдым, ұнаған кей тіркестерді қойын дәптеріме түртіп алып, реті келгенде пайдаланатынмын. Бірде дүкеннен сұрағанымды әпермеген шешеме «жұмыртқадан жүн қырыққан сараң екенсіз» деп таңғалдырғанмын. Сол кезде 2-3 сыныпта оқимын. Шешем ондай сөзді бұрын естімеген екен, таңданысын жасырмады. Жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаятында Аян деген бала бар ғой. Соған ұқсап ойымнан ертегі құрастырып, балаларға айтып беретінмін. Айналамдағы адамдарды тамсандыруға ынтық болдым... Сабақта бірінші болып жауап беруге, жұмбақ айтылса, бірінші болып шешуге тырыс­тым... Өте ұқыпты, тыңғылықты бол­дым. Әрбір затымның өз орны болатын, бәрін өз орнына жинап қоятынмын», деп толғаныпты.

Менің аңғарғаным, Жақсыбай аға жоғарыда айтқандай, өте ұқып­ты, тым тиянақты. Бұл қасиет ағамызға алғашқы мамандығы әрі көп жыл несібесін айырған «есепшіліктен» дарыған болуы да мүмкін. Бұның өзі бір тарих. Өзі айтады: «Орта мектептен соң жан дүнием әдебиетке тартып тұрса да, алыс­тағы Алматыға беттей алмай, жақын жердегі Целиноград (қазіргі Астана) қаласындағы Ауыл шаруашы­лығы институтының «экономфагіне» құжат тапсырдым. Қазақ мектебін бітіріп келген маған орыс тілі­нен диктант жаздырып құлатып жіберді. Содан құжаттарымды алып, жақын маң­дағы Қаржы-эко­номикалық тех­никумға тапсырдым».

Жақсыбай Баянұлы осылай қаржыгер атанған. Текникумды бітірген соң өзі сүйіп айтатын Қызыл­жар қаласына келіп, салық инспекторы болып аз ғана уақыт істеген. Кешікпей ҚазМУ-дың философия-эко­номика факуль­тетіне оқуға түскен. Оны аяқтаған соң облыстық көлік басқармасында сегіз жылдай аға ревизор, бөлім бастығы, бас бухгалтердің орынбасары сияқты қызметтер атқарып, 1993 жылы басқарма тарағанға дейін еңбек еткен.

Сөйтіп, 1993 жылы ағамыз, жазу­шы Оралхан Бөкей «Журна­листика – жол үстін­дегі әдебиет» дегеніндей, осы салаға түбегейлі ауыс­қан. Алғашқы қадамынан об­лыстық телевидение­де қызмет ат­қара жүріп, ҚарМУ-дың тіл-әде­биет факуль­тетін сырттай оқып алған. Осы жылдары әртүр­лі тақы­рыпта қалам тербеген жур­налис­тік ой-толғамдары респуб­лика­лық басылымдарда тұрақты жария­­ланып тұрды. Жазбаларында қоғамдағы көкейкесті мәселелерді әр қырынан көтере білді. Жерлесі һәм кестелі сөздің шебері Ғабит Мүсірепов барлық қалам­герге қаратып айтқан: «Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз. Екіншіден, ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз! Үшіншіден, ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз», дегеніндей, Жақ­сыбайдың журналистік жазбаларында Ғабең айтқан сипаттардың бәрі болды.

Ағамыздың ең бір ашылған, арғымақтай арқы­рап көсілген кезі – «Егемендегі» күндері. Жақаң табалды­рыған аттаған 2004 жылдары ел газеті Ержұман Смайылдың басқаруында нағыз толысып тұр­ған шағытын. Өтірік десеңіз, газет тігіндісін ақтарып көріңіз. Көзіңіз жетеді.

Жақаң мәртебелі басылымда еңбек еткен 2004-2014 жылдар аралығында Президент пулында болып, Мемлекет басшысы, Парламент төрағасы және Үкі­мет мүшелерінің шет мемлекеттерге жасаған сапарлары ­туралы мақалалар жазды. «Президентпен бірге 30 шақты шет мемлекетте болдым. Ел көріп, жер көріп, көкірек көзім ашылып, өмірлік көзқарасым қалыптасты. Осы сапарлардан түйгенім: қазақтың әр баласының жүрегінде «мен осынау ұлан-байтақ жердің иесімін, елімді, жерімді қорғаймын» деген аяулы сезім болуы керек екен. Оны кез келген жерде, ортада айта білу маңызды екеніне көзім жетті», дейді ағамыз.

Қазір ел ағасы жасына жеткен Жақсыбай ұқыпты адам. Президенттік пулда жүріп газетке жария­ланған публицистикалық жазбаларын «Ізденіс жылдары» деген атпен жеке жинақ етіп топтап қойыпты. Бұл кітаптың ерекшелігі – біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мемлекеттің саяси бағыт-бағдарының баяны іспеттес болса, екіншіден, жас журналистер үшін оқулық болуға жарап тұр.

Қашанда қаламы қолынан түспейтін журналист өзінің жеке өмір жолын баяндайтын екі томнан тұратын мемуарлық роман жазып қойыпты. Атауы – «Өмір жолы – тар соқпақ». «Бұл кітапта Қызыл­жардағы ұлтаралық ахуал, аумалы-төкпелі кезең туралы көзі­міз көрген, басымыздан өткен оқи­ғалар толық баяндалады», дей­ді автор. Бұ­йырса, бұл туынды ке­шік­пей оқырман қолына тиері анық.

Сөзімізді түйіндеп айтар бол­сақ, біздің кейіп­керіміз – ерекше еңбекқорлығының сыртында өте турашыл, шыншыл, әділетке жақ, қиянатқа қас адам. Мұндай тұлғаның мынадай заманда қыз­мет­тік тұрғыдан өрлеуі қиын. Ақын Қорғанбек Аманжол осы Жақсыбай інісіне әзілдеп: «Жақсы екен аты да, Жақсы екен заты да, Бетке тура айтам деп, Қалған талай қапыда…» деп жазғаны бар еді. Бұл – дәл баға.

Қазіргі таңда «Мәдениет қай­раткері», «Ақпарат саласының үздігі», «Еңбек ардагері», Есіл ауда­нының Құрметті азаматы сияқты атақтары бар Жақсыбай Самрат «Егеменнің» Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып жүр. Қаламың мұқалмасын, Жақа!