Жәдігер • 16 Қазан, 2023

Жүсіп ата жазбасы

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел аузында сақталған аңыз – әпсана деректерде Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті саналатын әулие, пір Жүсіп атаның қолжазбасы табылғаны туралы мәліметті Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің баспасөз қызметі таратты.

Жүсіп ата жазбасы

Ресми мәліметтерде Жүсіп ата ХІІ ғасырда өмір сүрген және ежелгі жазбаларда «Ғашық Жүсіп» атымен әйгілі адам дейді. Яғни бұл тіркес ғұлама ғалым бір Алла­ның іліміне құмар-ғашық болды деген сөз.

Бұл әулиенің кесенесі. Түр­кістан қаласынан 25 шақырым жерде ескі Иқан ауылында ор­наласқан. Өткен ғасыр басында кесененің іші толған кітап болған дейді көнекөздер. Өкінішке қарай, кеңес үкіметі бұл құнды жәдігердің көбін 1930 жылдары жойып жіберген-мыс.

Жүсіп атаның ұрпақтары бар­шылық. Әулет шежіресінде: Камалиддин – Сүлеймен – Омар – Жиен – Сыддық атты ата­ларының аты аталса,  жиені Иқан қожадан тарайтын Ата қожа ұрпағы Шарафуддин әулиенің исынат-тізбегі жазылыпты.

сми

«Ұзындығы үш метр болатын құн­ды қолжазба қазір әу­лие ата­мыздың ұрпағы елорда тұрғыны шежіреші қа­рия Сейдәлім Юл­дашевтың қо­лында сақтаулы тұр», дейді комитеттің баспасөз хатшысы Мәдина Сабыр.

Ал құнды жазба ақыиесінің айтуына қарағанда, жәдігерді атасы Юлдашқожа сақтап келген. – Мен тарихшы емеспін, – дейді Сейдәлім ака.  Қол­жазбаны біле­ді-ау деген адам­дарға көр­сеттім, олар мәтінді оқып көріп, мұн­да на­сабнама емес тарих жа­зыл­ған дейді. Яғни ханның жар­лықтары, жер-су атаулары, ха­лықтың тыныс-тір­шілігіне қа­тысты көптеген мә­лімет бар. Жазбадағы де­ректерді то­лықтай зерттеу ғалымдардың еншісінде. Жәдігер кезінде қу­ғын-сүргін салдарынан жерге көміліп аман қалғандықтан, қа­зіргі таңда тұпнұсқасы жойылу алдында тұр.

«Құнды мұраларды жоғалт­пай сақтау – болашағымыз үшін маңызды міндеттердің бірі. Ха­­лықтың қолында сақталған осын­­дай құнды құжаттарды із­­деп табуды басты назарға алып отырмыз. Жеке қолдағы та­­рихи мұраларды мемлекет қор­ғауына алып, қаншама бел­гісіз деректердің бетін ашуға және олардың болашақта жойы­лып кетпеуіне үлес қосуымыз керек», дейді комитет төрағасы Қуат Бораш.