Медицина • 16 Қазан, 2023

Ана мен баланы аман алып қалды

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда дәрігерлері жүктіліктің сегізінші айындағы әйелге екі операция жасап, ананы да, баланы да аман алып қалды.

Ана мен баланы аман алып қалды

Бұл операцияны Ұлттық нейрохирургия орталығы­ның дәрігерлері Ана мен бала ұлттық ғылыми орта­лы­­ғының акушер-гине­колог­терімен бірлесіп жаса­ған. Әуелі мидың сол жақ самай бөлігіндегі ісікті микро­хи­рур­гиялық әдіспен алып тас­таған. Көп кідірмей жүк­ті­­ліктің 34 аптасындағы әйел­ді кесар тілігі арқылы босан­дырған.

Негізі дәрігерлер жас әйелдің маңдай бөлігін­дегі көлемді ісікті шілдеде анық­таған. Содан жүктіліктің 29-аптасында науқас Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқан. Дәрігерлер шарананы сақтай отырып, науқастың сол жақ маңдай бөлігінің ісігін алып тастау үшін операция жасаған. Кейін әйелдің денсаулығы жақсарып, үйге шығарылыпты. Алай­да көп ұзамай пациент ден­сау­лығының қайта нашарлай бастағанын сезеді. Дәрі­гер­лер тағы тексере келе, ісік­тің ұлғайғанын байқа­ған. Операциядан кейін нау­қастың самайындағы ісік мөлшері ұлғаюымен қой­май, функционалды маңыз­ды аймақтарға тез өсе бас­тапты. Бұл – пациенттің қозға­лыс және сөйлеу орталық­тары­ның бұзылуына әсер еткен.

Мидың сол жақ самай бөлігіндегі ісікті микро­хирур­гиялық әдіспен алып тас­тау операциясына нейрохирургтер араласқан. Көлемді ісік толығымен жойылған. Мұнда дәрігерлер ана мен балаға зиян келтірмеуді ойлап, хирургиялық тәсілді дұрыс таңдай білгенін айта кеткеніміз жөн. Оның үстіне нейрохирургтер мен акушер-гинекологтер операция­да жиі тізе қоса бермейді. Соны­мен операциядан кейін сал­мағы – 1 350 грамм, бойы 48 см нәрес­­те дүниеге келген. Жаңа туған сәбиге одан әрі ме­­­ди­циналық күтім жасау үшін Ана мен бала ұлттық ғылы­ми орталығының Нео­на­тология бөлімшесіне ауыстырған.

Қуанышқа орай, екі операция да сәтті өткен. Қазір баланың жағдайы жақсы, салмақ жинап, өсе бастаған. Ана да өзін жақсы сезінеді. Операцияны Нейро­хирургия орталығының үз­дік дәрігерлері және Ана мен бала орталығының тәжірибелі акушер-гинеко­лог­тері жүргізгенін айттық. Ұлттық нейрохирургия орта­лығының дәрігерлері мұндай операцияны үшінші мәрте жасап отыр екен.