Сенат • 13 Қазан, 2023

Жастар Сенат Төрағасына қандай уәж айтты?

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Digital Nomads қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Шетелде тұратын және әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істейтін қазақ жастарын    біріктіретін қауымдастықтың мүшелері Астанада өтіп жатқан Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына қатысу үшін  арнайы келген, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Жастар Сенат Төрағасына қандай уәж айтты?

senate.parlam.kz

Палата Спикері соңғы жылдары Digital Bridge форумы айтарлықтай кеңейіп, IT-индустрияны дамыту саласында танымал және беделді алаңға айналғанын атап өтті. Биыл аталған форумға 20 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында 300-ден астам IT-компанияның өкілдері мен 30 елден келген делегация мүшелері бар. М.Әшімбаев  елімізде ІТ саласына жоғары деңгейде баса мән беріліп келе жатқанын тілге тиек етті. Қазақстан электронды Үкімет пен финтехті дамыту индексі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында екендігі де айтылды.  

«Мемлекет басшысы таяуда жариялаған Жолдауында ІТ саласына ерекше көңіл бөлді. Президентіміз 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу жөнінде стратегиялық міндет жүктеді. Осыған байланысты Парламенттің алдында аталған тапсырманың орындалуын қажетті құқықтық базамен қамтамасыз ету міндеті тұр. Еліміздегі қазір қолданыстағы және қалыптасып жатқан құқықтық жағдай халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы керек. Сондай-ақ қазақстандық IT-компаниялардың дамуына ықпал етуге тиіс», деді М.Әшімбаев.

Кездесуде елімізде IT-саланы қоғамның сұраныстары мен жаһандық трендтерді ескере отырып дамытудың келешегі талқыланды. Жасанды интеллекттің дамуына қатысты сын-қатерлер де айтылды. Сонымен қатар іс-шарада жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, саланың сапасын арттыруға арналған жобаларды іске асыру жөніндегі ұсыныстарын талқыға ұсынды.