Қазақстан • 13 Қазан, 2023

Қоғамдық бақылау – халық билігінің қуатты құралы

231 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Түркістандағы отырысында: «Әділетті Қазақстанды құру – ми­нистр­лер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүние­танымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйт­пе­се, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгер­месе, ештеңе де өзгермейді», деген пайымы кімді болсын ой­лан­дыруға тиіс.

Қоғамдық бақылау – халық билігінің қуатты құралы

Бұл ретте Мемлекет басшы­сы­ның 2020 жылғы «Жаңа жағ­дай­да­ғы Қазақстан: іс-қимыл ке­зеңі» Жолдауына сәйкес әзір­ле­ніп, ұзақ та кеңінен талқы­лан­ғаннан кейін таяуда алғаш рет қабылданған «Қо­­ғамдық бақылау туралы» және «Қа­­зақстан Республикасының кей­­бір заңнамалық актілеріне қо­ғам­дық бақылау, әкімшілік рә­сім­дерді жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заңдардың маңызы ерекше. Бұл нормативтік құқықтық актілердің мақсаты – аза­маттардың мемлекет істерін бас­қаруға белсене атсалысуына жағ­дай туғызу.

Қоғамдық бақылауға жекелеген азаматтар және діни бірлес­тіктерді қоспағанда, коммер­ция­лық емес ұйымдар қатысатын болып бел­г­і­ленді. Олар саны бес адам­нан аспайтын қоғамдық бақы­лау тобын құра алады. Бұл ел ішін­дегі белсенді азаматтардың заң­на­ма аясында әділдік жолында бірлесе қимылдауына мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, он сегіз жасқа толмаған жасөспірімдер, алынбаған соттылығы бар және сы­байлас жемқорлық құқық бұ­зу­­шылық, экстремистік жəне тер­­рористік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар, сондай-ақ шетелдің қатысуымен жұмыс іс­тейтін коммерциялық емес ұйым­дар қоғамдық бақылауға қа­тыс­тырылмайды.

Қоғамдық бақылауға қатысу­шылар атқарушы мемлекеттік би­лік жəне жергілікті мемлекеттік бас­қару органдарының, мемле­кет­­тік мекемелердің, квази­­мем­­лекеттік сектор кәсіп­орын­­дары­ның, дербес білім беру ұйым­да­рының, қызметі қоғамдық мүдделермен байланысты орта­лық жəне жергілікті атқарушы ор­­ган­дардың функцияларын орын­­даушылар болып саналатын ұйым­­дар­дың қызметіне бақылау жа­сайды. Бұл ретте Парламент депутаттары Үкімет ұсынған қо­ғамдық бақылау нысандарының тізбесін кеңейтіп, республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырса да бұрын бейінді министр­лік­терге бағындырылмай, бақы­лау­дан тыс қалдырылған автономды білім беру ұйымдары – Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев уни­вер­си­тетінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры­ның жұмы­сына қоғамдық ба­қы­­лау орнату туралы нормалар ен­гізгенін айтқан жөн. Ал ре­жім­дік нысандар санатына жат­­­қы­зылған мемлекеттік орган­дар мен ұйымдар қызметіне қо­ғам­дық бақылау жасалмайды. Сонымен бірге, «Әскери қызмет жә­не әскери қызметшілердің мәр­тебесі туралы» және «Қазақ­стан Республикасының арнаулы мем­лекеттік органдары тура­лы» заңдарға толықтыру енгі­зіліп, ата-аналардың әскери бө­лімдер мен оқу орындарына ба­рып, балаларының өмірі мен тұр­мы­сымен танысуына жол ашылып отыр. Мұның өзі әскеріміз бен Ұлттық ұланда кейде шын сыры ашыла бермейтін суицид оқиғаларының алдын алуға ық­па­лын тигізеді деп үміттенеміз.

Қоғамдық бақылауға қатысу­шы­лар қоғамдық бақылау нысандарының жазбаша келісімі бо­йынша олардың аумағы мен үй-жайларына баруға, қажетті ақпа­рат­ты сұрап алуға, бейне жəне фототүсірілім жасауға қақылы. Сонымен қатар қоғамдық бақы­лау нысандарына қоғамдық ба­қы­лау барысында анықталған бұ­зу­шылықтарға ықпал еткен се­беп­терді жою жөніндегі шаралар туралы ұсынымдарды қамтитын қорытынды құжатты жіберуге, уә­кілетті мемлекеттік органға да қо­ғам­дық бақылау нәтижесі жайлы ақпаратты жолдауға міндетті. Қорытынды құжат қоғамдық ба­қылау нысандарының қарауы үшін міндетті болып саналады және онда жасалған әрбір ұсыным бойынша он жұмыс күнінен кешіктірмей уəжделген жауап бе­­рілуге тиіс. Егер қоғамдық ба­қы­лау объектісі қорытынды құ­жат­ты қараудан бас тартса, онда қо­­­ғамдық бақылауға қатысушылар тиіс­­ті мемлекеттік органдарға ша­­­ғым­дана алады.

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде әр­түрлі тақырыпты көтерген «пе­ти­­циялар» жарияла­нып жүр. Алай­да бұл «арбаның аттың алдына шығып кеткеніндей» жағдай болып отыр. Себебі елімізде пети­ция туралы заң нормасы жақында ғана қабылданды әрі заңды күшіне әлі енген жоқ. Сон­дықтан да мыңдаған адам қол қойып, құптап жатқан ұсы­ныс­тар жазылған «петиция» белгілі дәрежеде қоғамдық пікір туғызып, билік басындағылардың назарын аудартқанымен, ресми қарауға жататын құжат болып саналмайды. Сол себепті Мем­­лекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлеп, Пар­ла­мент қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң арқылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске петиция туралы толықтырулар ен­гізілді. Онда: «Петиция – мем­ле­­кеттік органға, жергiлiктi өкiл­дi жəне атқарушы органға элек­трондық құжат нысанында жі­бе­ріл­ген жəне осы Кодексте бел­гіленген тəртіппен қаралатын ұжым­дық хабар, үн қосу немесе ұсыныс» деп көрсетілген. Осы орайда бір ескерерлік жайт, конс­титуциялық құрылысқа, қо­ғам­дық тəртіпке, халықтың ден­саулығы мен имандылығына нұқ­сан келтіруі мүмкін мəселелер, елі­­міздің бiртұтастығы мен аумақ­тық тұтастығын, оны бас­қару ны­санын, ел Президенті жеті жыл мерзімге сайланады жəне бір адам бір реттен артық Мемлекет басшысы болып сайла­на алмайды деген ережені өз­герту, республиканың əкім­ші­лік-аумақтық құрылысы мен мем­лекеттік шекарасы, сот тө­релігін жүзеге асыру, про­ку­ратура органдарының заңды­лық­­тың сақталуын жоғары қада­ғалауы, құқық қорғау қыз­меті, кү­зетілетін адамдар мен объек­ті­лердің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету, қылмыстық және азамат­тық заңнама, қорғаныс, ұлттық қа­уіп­сіздік жəне қоғамдық тəр­тіп­ті сақтау, Президенттің, Пар­ламент Палаталары мен Үкімет­тің қарауына жататын адамдарды лауазымынан босату, ха­лық­аралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді орындау мəселелері, сайлау жəне рес­пуб­ликалық референдум туралы заң­на­мада реттелетін мəселелер, мем­лекеттік рəміздер, мемлекеттік тілдің мəртебесі, мемлекеттік ор­­гандардың құзыретін, өкілет­тік­­терін, функциялары мен мін­дет­терін өзгерту, төтенше жағ­дай жəне төтенше ахуал режім­де­рінің қолданылуы аясында қабыл­да­на­тын шешімдердің күшін жою туралы мəселелер петицияның нысанасы бола алмайды.

Петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналас­тыру үшін он жұмыс күні ішін­де электрондық нысанда жəне жиырма жұмыс күні ішінде жаз­ба­ша түрде кемінде елу аза­мат­­тың петицияға қосылуы қа­жет. Олар мұны интернет-ресурста электрондық цифрлық қол­­таңба арқылы немесе жазба­ша түрде куəландыра отырып жү­зеге асырады. Петиция интернет-ресурста еркін қол­же­тім­ді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай ішінде оған өзге азаматтардың қосылуына болады. Қосылудың қорытындысы бойынша Үкіметтің құзыретіне жататын мəселелер бойынша оны қолдауға Қазақстан азаматтарының кемінде елу мың даусына ие болған петиция қолдау тапқан болып есеп­теледі. Аталған Кодекске ен­гі­зіл­ген толықтыруларда облыс­тар­дың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудан­дар­дың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының, аудан­дық маңызы бар қалалар мен ауыл əкімдері аппараттарының құзы­ретіне жататын мəселелерге қа­тысты петициялар бойынша да тиісінше талаптар айқындалған.

Заңнамада белгіленген тəртіп­­пен берілген петиция мін­детті түрде қаралуға жатады. Оны қарау ке­зінде орталық мемле­кет­­тік орган құ­рамына мүдделі мем­лекеттік органдардың өкіл­дерін, Парламент пен мəсли­хат­­тардың депутаттарын, арыз иесін, сондай-ақ қоғамдық бір­лес­тіктерді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құруға, петицияға қатысты келіп түскен пікірлерді, экономикалық, əлеуметтік, статистикалық жəне өзге де ақпаратты талдауға, заң­намаға өзгеріс енгізу талап етіл­ген жағдайда халықаралық тə­жіри­бені зерделеуге міндетті. Петицияны қа­­рау нəтижелері бойын­ша ор­та­лық мемлекеттік немесе жер­гі­­лікті атқарушы органның бі­рін­ші басшысы, жергiлiктi өкiл­дi органның төрағасы пети­цияны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы және петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды. Мұндай шешім арыз иесінің жəне петицияға қосылған Қазақстан азаматтарының қа­был­­данған шешімге шағым жа­сау құқықтары бар екендігі түсін­діріле отырып, олардың дə­лел­де­рін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс. Петицияны қарау нəтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергiлiктi өкiлдi органның төрағасы ресми түрде хабарлама жасауға міндетті.

Түйіндей айтқанда, келесі жыл­дың сәуір айында күшіне ене­тін қоғамдық бақылау туралы заң­нама – елімізді одан әрі демо­кра­тияландырып, мықты аза­мат­тық қоғам құруға бағытталған ма­ңызды қадам. Ал бұрын-соңды болмаған әрі кең ауқымда қолға алынатын қоғамдық бақылау «дастарқандық патриотизмнің» орнына шынайы патриотизмді қалыптастыруға жол ашып, ха­лық билігінің қуатты құралына айналуға тиіс.