Пікір • 12 Қазан, 2023

IT секторды дамыту жоспары

363 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Еліміздің IT держава атануға деген ұмтылысы аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындап жатыр. Әлемдік деңгейдегі IT экожүйесін құруға бағытталған қызметтің негізгі бағыттары да айқындалған. Бұл ретте еліміздің IT экожүйесін құруға бағытталған инновациялық саясатын енгізу және жүзеге асыру бойынша кешенді қызмет басталғанын атап өткен жөн. Ол бес негізгі элементті қамтиды.

IT секторды дамыту жоспары

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Біріншісі – адами капиталды ілгері­лету әрі дамыту және IT дарындарды тәрбиелеу. Адами капитал – біздің эко­жүйенің жүрегі. Бұл бағытта кадрлар даярланып, одан кейін түлектеріміз жалдамалы жұмысқа кіріседі немесе жеке стартап идеяларын дамытады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы ел халқының 88,3 пайызы цифрлық сауатты екені анықталған. Ғылым және жоғары білім министрлігі республиканың 76 жоғары оқу орны IT саласына мамандар даярлайтынын хабарлады. 2022-2023 оқу жылында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығы бойынша 53 мыңнан астам студент оқып жатыр. Жылдан-жылға жоғары оқу орындарында IT саласын таңдаған студенттердің саны артып келеді.

Цифрлық даму министрлігі заманауи бағдарламалау мектептерін ашуды, IT мектептерге ваучерлер бөлуді және өңірлердегі мамандандырылған университеттерді қолдауды жалғастыра отырып, IT мамандарды даярлауға барынша ықпал етеді. 2021 жылдан бері Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Ол 18 бен 45 жас аралығындағы ел тұрғындарының IT саласындағы оқуын қаржыландырады. Сондай-ақ кадр­ларды даярлауға және аймақтарда жаңа IT мектептерді ашуға ықпал етеді. Бағдарлама аясында 2021-2022 жыл­дарға 3168 ваучер (2021 жылы – 100 грант, 2022 жылы – 3068 грант), биыл 3000-нан астам ваучер берілді. Алдағы уақытта білім сапасын арттыру мақсатында мұғалімдердің біліктілігін арттыруға гранттар бөлу және IT кафедраларға сапа стандарттарын енгізу мәселелерін пысықтауды көздеп отырмыз.

Еліміз өзінің даму стратегиясы­на сәйкес Samsung және Huawei сияқты жаһандық технология көшбас­шыларымен барынша ын­тымақтасып отыр. Мұндай әріптес­тік студенттерге әлемдік стан­дарт­тарға сәйкес келетін білім беру бағдар­ламаларын ұсына отырып, әлемдік озық тәжірибелерді ұлттық білім беру жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді. Осылайша, меморандумға сәйкес Samsung бірнеше қалада 4 IT мектебін ашып, екі бағытта оқытуды жүргізеді: Python тілінде бағдарламалау және Android Studio бағдарламасында Java тілінде мобильді қосымшаларды әзірлеу. Былтыр Samsung IT мектеп­терінде 220 адам оқып, оның 47-сі сертификат алды. Қазір бұл мектептер­де 140-қа жуық оқушы білім алып жатыр. Сондай-ақ Huawei қазіргі уақыт­та еліміздің бірнеше қаласы мен аймағында IT саласындағы құзыреттер мен дағдыларды арттыруға бағытталған 25 ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясын басқарады.

Осылайша, Қазақстан адам әлеуетін, инновациялық білім мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аудара отырып, IT көшбасшы болу жолында саналы қадамдар жасап келеді.

Екіншіден, Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық технопарк – Astana Hub-та ІТ стартаптарды қолдаудың инно­вациялық инфрақұрылымы қалыптасты. Егер экожүйенің бірінші элементінде біз болашақ стартап жобаларын ашатын адамдарды дайындайтын болсақ, одан кейінгі кезеңде оларға барлық қолдау шарасы бар платформа қажет. Astana Hub – осы мәселені шешетін құрал. 2018 жылы іске қосылғаннан бері технопарк 15 мыңнан астам адамға білім беру бағдарламалары өткізіліп, 2 мыңнан астам адам акселерация және инкубациялық бағдарламаларды аяқтаған инновациялардың эпицентріне айналды. Бес жыл ішінде жалпы 1 мың­нан астам іс-шара өткізіліп, 50 мыңнан астам тыңдаушы қамтылды.

Қазіргі уақытта Astana Hub 1 256 IT-компанияны біріктіріп отыр. Оның 319-ы – шетелдік қатысуы бар компания. Қатысушылардың жалпы табысы 383 млрд теңгеге жетті. Оның 197,7 млрд теңгесі экспортқа тиесілі. Соны­мен қатар қатысушылар 198,6 млрд теңге инвестиция тартты.

Жаһандық серіктестермен бел­сенді қарым-қатынасымыз өңірлік экожүйе мүшелеріне пайда әкелетін әртүрлі бірлескен жеделдету бағ­дарламаларын жүзеге асыруға мүм­кін­дік берді. Жаһан­дық серіктестік да­муымыздың ең ірі факторына айнал­ды. Google, Microsoft, StartX және Дүниежүзілік банк сияқты әлемдік деңгейдегі корпорациялармен бір­лескен жеделдету бағдарламалары өз жемісін берді. Google for stratups-пен ынтымақтастығымыздың екінші жылы керемет нәтижелер әкелді: осы кезеңде компаниялардың жиынтық бағасы екі есе өсті. Бағдарламаны аяқтаған стартап-жобалардың жалпы капиталдандыруы 400 млн доллар­ды құрап, ай сайынғы кірісі 2 млн долларға жетті. Бағдарлама барысында 7,2 млн доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл компаниялар Таяу Шығыс, АҚШ және Еуропа нарығына шығып үлгерді және бұл бағыт ұлттық экономикамыздың өсуіне айтарлықтай әсер етті. Енді біз ең әлеуетті стартаптарды Силикон алқабында өтетін акселерация бағдарламаларына жіберіп жатырмыз.

Astana Hub білім беру бағдарла­маларының маңызы зор. Жоғарыда аталған Tech Ordа-дан бөлек, негізгілерін қысқаша айтып өтуге болады. Мәселен, Scalerator – жергілікті технологиялық компанияларға халықаралық деңгейге шығуға көмектесуге бағытталған акселерация бағдарламасы. Hero Training – Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің стартаптарына арналған акселерация курсы. Seed Money – дамудың әртүрлі кезеңдеріндегі стартаптарды қолдауға арналған кешенді бағдарлама. IT-Aiel – IT саласында жұмыс істегісі келетін әйелдерге арналған арнайы бағдарлама. Startuphana – IT саласындағы қазақтілді контентті дамытумен айналысатын кәсіпкерлер мен ақпараттық технологиялар мамандарының қауымдас­тығын қолдау мақсатында өткізілетін IT форум. Global Outsourcer – IT сервис компанияларына тапсырыстарды қабылдауға бағытталған акселерация бағдарламасы. Astana Hub сайтында осы және басқа да өнім туралы ақпаратты олардың веб-сайтына өту арқылы білуге болады.

Қазіргі уақытта IT саласын одан әрі дамыту мақсатында министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп технологиялық хабтарды белсенді түрде енгізіп жатыр. Astana Hub табысынан шабыт алған 11 аймақтық хаб іске қосылды. Түпкі мақсат – 2024 жылға қарай олардың қызметін еліміздің барлық аймағына тарату. Аймақтық хабтарды құру жақсы нәтижелер беріп жатыр. Аймақтық түлектер оқудан өткеннен кейін Astana Hub-та дамуын жалғастыра алады. Сондай-ақ халықаралық биз­нес-бағдарламаларға қатыса алатын жас инноваторлар үшін инкубатор ре­­тінде хабтар қызмет етеді. Бұл үде­ріс­ті нығайту үшін біз хабтарды қар­жы­­ландыруды ұлғайтуды, жаңа биз­нес-бағдарламаларды енгізуді және жаһан­дық IT сектормен интеграцияны терең­детуді жоспарлап отырмыз.

400-ден астам мүшесі бар Digital Nomads жаһандық IT қауымдастығына, яғни шетелдегі отандастарымызға ерекше назар аудару керек. Бұл мамандар соңғы жаһандық трендтерді сақтай отырып, ұлттық IT секторды дамытуға белсене қатысып келеді. Сонымен қатар жуырда Сан-Францискода Silkroad Innovation Hub ашылды. Бұл жоба Орталық Еуразияны Силикон алқабында ілгерілету және IT кәсіпкерліктің дамуы­на үлес қосу үшін әзірленген. Хаб АҚШ пен басқа елдердің IT мамандары үшін маңызды кездесу орнына айналуға тиіс. Кез келген кәсіпкер өз ісін жүргізуде, мейлі ол операцияларда, мейлі инвестиция тартуда болсын қолдау ала отырып, осы орталықта өз орнын таба алады. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста да осындай хабтарды ашу жоспарда бар. Жетекші IT мамандарды тартуға арналған Digital Nomad visa жобасын жүзеге асыру да маңызды қадам болмақ.

Үшіншісі – венчурлық қор нарығын дамыту, сондай-ақ бизнес-періштелерді танымал ету. Стартаптарымыз бен инноваторларымыз Astana Hub-тың жеделдету бағдарламаларынан өтіп, өздерінің алғашқы шағын капиталын таба алған­дықтан, олар жобаны кеңейтуді ойлайды. Бұл жерде венчурлық капитал көмекке келеді. Қазіргі уақытта елі­мізде венчурлық капиталдың жаңа ланд­шафы қалыптасып жатыр. Онда бірнеше венчур пайда болды. Олардың есімдері көпшілікке белгілі. Мұрат Әбдірахманов, Тимур Турлов, Михаил Ломтадзе бастаған азаматтар бұл бағытқа үлес қосып келеді. Отандық 24 венчурлық қор бар, олардың инвес­тиция көлемі 145 млн долларға тең. Орташа келісімдердің мөлшері 500 мың долларға жетеді. Бұл бізді жаһан таныса екен деген міндеттемемізбен үндесіп жатыр. Мұны венчурлық капиталдың тартымдылығы индексінде 6 позицияға көтерілуден-ақ көруге болады. Бізде мемлекет қатысуымен жұмыс істейтін венчурлық қорлар да бар: Baiterek Venture Fund, Tumar Venture Fund, TechGarden, Quest Ventures. Жеке қорлар да жемісті жұмыс істеп жатыр – Myventures, Falconry, Most Ventures, Jas Ventures, Astel Ventures, Activate Venture partners. Sturgeon Capital, Big Sky Capital, ADB Ventures, Tesla Capital секілді халықаралық қорларды да атап өтуге тиіспіз. Қорлардың жалпы капиталы 500 млн доллардан асады.

Дегенмен елімізде венчурлық капитал мәдениеті әлі қалыптасу сатысында екенін мойындау қажет. Бұл осы сектордың тұрақты дамуына қажет­ті жағдайларды жасау үшін біздің ұжым­дық күш-жігерімізді қажет етеді. На­рық­тағы венчурлық келісімдердің өсуіне қарамастан, қаражат тапшылығы шама­мен 100 млн долларды құрап отыр. Ал біздің стартаптар венчурлық капиталдың жоқтығынан шетелдік жобалардан ұтылып жатыр. Бізде бірқатар заңнамалық бастама бар. Оларды келесі жылдың ортасына дейін енгізуді көздеп отырмыз. Осылайша, отандық IT саланы қолдау үшін венчурлық секторға қосымша қаржы бөлінеді.

Төртінші – ірі қатысушылардың пайда болуы. Стартаптар сәтті дамып, өз қызметін кеңейткенде, олардың алдынан екі жол шығады: бұларды сатып алынады немесе экспортқа шығады. Сондықтан біз табысты стартап-жобаларды сіңіру арқылы инновацияларды дамытуды ынталандыратын ірі бизнес өкілдерінің пайда болуына, сондай-ақ жалпы жылдық табыстың 1 пайызы көлемінде жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмықа жұмсаған қаражатын тарту арқылы IT-компанияларды қаржы­лан­дыруға ерекше назар аударамыз.

Бүгінгі таңда елімізде Kaspi, Freedom, BI Group сияқты ірі компаниялар бар. Олар Aviata, Chocotravel, Santufei, Kolesa, Krisha, Sergek секілді табысты компанияларды сатып алып жатыр. Мұндай тәжірибе бізге ғана тән емес. Бүкіл әлемде Google, Amazon және Microsoft сияқты технологиялық алпауыттар табысты стартаптарды сатып алып жатыр. Осылайша, олар өз қаражатын үнемдейді әрі компанияны дамытуға кететін уақытты босқа кетірмейді.

Біз сондай-ақ Tech Garden брендімен жұмыс істейтін Инновациялық технологиялар паркі автономды кластерлік қоры арқылы ірі бизнестің IT компания­ларға қолдау көрсетуіне жол аштық. Ол 2015 жылы құрылғаннан бері өнеркә­сіптік кәсіпорындардың цифрлық трансфор­мациясының, жер қойнауын пайдалану­шылардың қаражатын жинақтаудың және тұтынушылардың өндірістік мәселелерін шешуге қажетті инновациялық жобаларды қаржыландырудың негізгі алаңына айналды. Жалпы, кейінгі бір жылда оның жинаған қаражатының көлемі 7,7 млрд теңгеге жеткен.

Осы орайда жер қойнауын пайда­ланушылардың технологиялық мәсе­лелерінің шешімін таба білген отандық IT компаниялар туралы бірнеше мысал келтірейін. «Intelligent Digital Solutions» ЖШС тапсырыс беруші «Каспий Мұнай» компаниясы үшін Индустрия 4.0 халықаралық стандарттарына негізделген кәсіпорын архитектурасын дамыта отырып, біріктірілген модельдеу платформасын енгізуге атсалысты. Жоба сомасы 1 млрд теңгеден асты. «Ag tech» ЖШС нүктелік және аймақтық позициялау жүйесі және персонал қауіпсіздігі үшін аппараттық-бағ­дар­ламалық кешен, сондай-ақ «Бақыр­шық тау-кен кәсіпорны» ЖШС мен «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС үшін тау-кен-көлік кешенін басқару­дың автоматтандырылған жүйесін әзір­леумен әрі енгізумен айналысты. Жобалардың жалпы құны 1,5 млрд тең­геден астам қаржы құрады. «OST Engineering» ЖШС «ФИК Алел» акцио­нерлік қоғамы үшін Суздальское кен орнын­да қоршаған ортаға эмиссияларды ба­қылаудың автоматтандырылған жүйе­лерін енгізуіне атсалысты. Жоба 220 млн теңгеден астам сомаға тең болды. Мұндай ірі жобалардың саны аз емес.

Сонымен қатар Қазақстан өзінің IT экспортерлерімен де мақтана алады. Мысалы, Индонезия нарығына кірген Clockster жобасын (саусақ ізі арқылы жұмыскерлердің уақытын бақылау) айтуға болады. Ел азаматтарына жақсы таныс Arbuz.kz интернет-супермаркеті Америка нарығына «Pinemelon» деген жаңа брендпен шықты. Отандық «Сергек» жобасы Өзбекстанда өз өнімдерін ілгерілетіп жатыр. Parqour ақылды тұрақ жүйесі де әлемге таралып жатыр. Бұл жүйе әлемнің көптеген елінде бар және Дубайда кеңінен ұсынылған. Introdex – алгоритмдер мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, кәсіби қоғамдастықта кон­тактілер мен жеке таныстарды іздеуді оңтайландыруға көмектесетін Сингапурдағы отандастарымыздың жобасы. Мұндай мысалдар жетерлік.

Бесіншіден, ең жоғары деңгейде мемлекеттік қолдау. Мемлекет басшысы отандық ІТ саланың дамуына жіті көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Соның нәтижесінде бізде аз уақыттың ішінде көп мәсе­лені шешуге мүмкіндігіміз бар. Биылғы Жолдауда IT салаға үлкен мән берілген. Алдымызға ауқымды мақ­саттар қойылды, енді оған қол жеткізіп, орындауға ниеттіміз.

Қазіргі күні жоғарыда сипатталған IT экожүйе жұмыс істеп тұр. Қазақстан БҰҰ рейтингінде электронды үкімет индексі бойынша әлемде 28-орында, ал онлайн қызмет көрсету бо­йынша 8-орында тұр. Бұл отандық IT мамандарды осы саланы одан әрі дамытуға ынталандырады. Біздің келесі мақсатымыз – Индустрия 4.0 және жасанды интеллект енгізу. Біз IoT, Cybersecurity, AI, Smart Field, Robotics & automation, Additive technologies, AR/VR, Positioning system, Industrial safety қамтитын осы экожүйені Almaty Hub алаңында енгізуді көздеп отырмыз. Біз әлі орынды анықтап жатырмыз. Big Data ұсыну арқылы отандық стартап-жобалар жасанды интеллект жұмысына қажетті ақпараттың үлкен көлемін ала алады. Жасанды интеллект біздің елде дамуы үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады. Бұл үлкен инвестиция әкелетін болашақ саланың негізін қалайды.

Ерекше атап өткім келетін дүние – саланы заңнамалық және қаржылық жағынан қолдау шаралары бойынша мемлекеттік саясатты жетілдірудегі жүйелілік пен тұрақтылықтың маңыз­дылығы. Осы қағиданы ұстанатын болсақ, әсерлі нәтижелерге қол жеткізе ала­мыз. Мысал келтірейін, осыдан 10 жыл бұрын жас стартапшыларымыз Алексей Ли, Қайрат Ахметов, Даниэль Тонкопи мемлекеттік қолдау бағдар­ламасы арқылы АҚШ-қа акселерация бағдарламасынан өтуге барды. Бүгінде олар «Сергек», «Авиата», «Арбуз», АҚШ-тағы скутерлерді зарядтау секілді танымал жобаларды жүзеге асырды. Сондықтан жас инноваторларды ілгерілетуге бағытталған барлық шараларымыз бен бағдарламаларымыз жалғасын табуға тиіс.

Сондай-ақ баршаңызды 12-13 қазанда Мемлекет басшысының қа­тысуымен өтетін ЭКСПО халық­ара­лық көрме орталығының ғима­ра­тында өтетін Digital Bridge 2023 форумына шақырғым келеді. Бұл – біздің IT сек­торымыздың даму динамикасын көруге және жаһандық инновациялармен танысуға тамаша мүмкіндік. Іс-шараның басты тақырыбы жасанды интеллект болмақ. Келетін қонақтардың ішінде жаһандық IT индустрияның жетекші сарапшылары бар. Бұл жолы келесідей спикерлер қатысады деп жос­парланып отыр: Шоу Зи Чу – Tik Tok компаниясының бас директоры, Билл Паучер – Колледждік бағдарламалау халықаралық чемпионатының (ICPC) негізін қалаушы, Лорен Драйер – SpaceX компаниясының іскерлік операциялар бойынша аға директоры, Тим Дрейпер – атақты венчурлық капиталист, ол шоудың жетінші маусымын түсіру үшін өз командасымен келеді.

Форум аясында Meet the Drapers іс-шарасы өтеді. Бұл – Тим Дрейпер үшін әлемнің түкпір-түкпірінен техноло­гиялық стартаптар таңдалатын реалити-шоу. Стартаптар келесі кезеңге өту үшін бір-бірімен жарысады. Плей-офф кезеңіне өту үшін әрбір эпизодтан бір кәсіпкер таңдалады. Бір стартап маусым финалында 1 млн доллар инвестиция ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл стартаптарды жаһандық аудиторияға көрсету және инвестиция ұтып алу үшін үлкен мүмкіндік.

Сонымен қатар форумда әлемдік FIRST қозғалысының робот чемпион­дарының шайқасы және дрон жарысы, Drone racing өтеді. Стартаптар Pitching Zone аумағында ірі, орта бизнес және үкімет өкілдерімен кездесе алады. Бос орындар жәрмеңкесінде Kaspi.kz, Huawei, BI Innovations, Glovo, Halyk Bank сияқты 20 жетекші компания болады. Astana Hub Battle іс-шарасында үздік стартап-жобалар өз жұмыстарын ұсына алады.

 

Қаныш ТӨЛЕУШИН,

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі