Елорда • 11 Қазан, 2023

Nobel Fest – жаңашылдыққа бетбұрыс

165 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада әлемнің түкпір-түкпі­рі­нен­ заманауи ғылымның көрнекті тұл­ғалары – Нобель сыйлығы­ның­ лауреаттары, ғылыми Оскар иегер­­­лері, жоғары деңгейдегі ға­лым­­­дар, сонымен қатар стартаптар­ мен бизнесмендердің басын қос­қан Nobel Fest фестивалі өтті.

Nobel Fest – жаңашылдыққа бетбұрыс

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Фестивальда инновация бағы­тын­да соңғы технологиялық жетіс­­тіктер, жасанды интеллект,­ GPT сияқты өнертабыстар, нейро­­­желі­лер­дің өзгеруі секілді тақы­рып­­­тар тал­қыланды. Сондай-ақ жаңа ин­­дус­­­­­­­­триялар, роботтар жəне еңбек­ на­ры­­­ғының болашағы қалай өзге­ретіні де­ айтылды. Ғылым­мен бай­ланысты, жа­қын арада ашылатын құпиялар туралы сұрақтар жəне адамның миы мен сана­сын зерттеу барысы да қамтылды. Соны­мен қатар кванттық компьютерлер, жерден тыс өмір мен өркениеттерге қатыс­ты мəселелер талқыланды. Біліммен бай­ланысты осы саладағы заманауи тəжі­рибелер, цифрлық дəуірде қандай дағ­дылар мен білімнің маңызды бола бас­тағаны сөз болды. Фестивальдың екін­ші күнінде де аталған тақырыптар ауқым­ды көлемде талқыланды. Сондай-ақ Nobel Fest ғылыми фестивалі аясында мұға­лім­дер­дің ашық ұлттық саммиті өткізілді.

Ғылымның дамуы техно­ло­гиялық, инновациялық жетіс­тік­терге жетуді жедел­детті. Ғылым – барлық саланы дамыту­шы әрі қозғаушы күш. Қазіргі ғы­лым әлемдегі, қоғамдағы өзек­ті­ мәселе­лерді шешуде үлкен әле­ует­ке­ ие. Ғылым және жоға­ры­ білім ми­нистрі Саясат Нұр­бек­­тің айтуын­ша, қазір әлем үлкен ғылыми революцияның алдында тұр. Сондықтан Nobel Fest фестивалінің өткізілуі – еліміздің ғылымға бетбұрыс жасауы.

ап

«Дүниежүзінде ғылымға, білім­ге­ деген көзқарас тағы да өзгерді. Үлкен ғылыми-техно­ло­гиялық революцияның алдында тұр­мыз. Өткен жылдың қараша айында қызық жаңалықтар шықты. Білім, технология, инновация саласында OpenAi деген кішкентай компания – ChatGPT, яғни жасанды интеллектінің төр­тін­ші буынын жасап шығарды. Гене­ративті жасанды интеллект, алгоритм дүниеге келді. Нарықта бірден үлкен бәсеке бас­талып кетті. Осы салада он жылдай жиналып қалған жетістіктердің нәтижесінде революция басталды. Үлкен алпауыт Google тәрізді, Microsoft тәрізді, Amazon тәрізді технологиялық компаниялар бір сәтте кіп-кішкентай компания біздің жасап жатқан үлкен жұмысымызды қалай төңкеріп тас­тады деген сұрақпен бас қатырды. Екінші қызық жаңалық АҚШ-тың энергетика министрі ұлттық зертхананың негізінде тұңғыш рет термоядролық реак­цияның энер­ге­тикалық про­фи­цит­ті бір тұрақты реакцияны жүзеге асырылғанын хабарлады. Қысқасы, қазір энер­ге­тикалық революцияның ауылы жа­қындап келеді. Оның үстіне үлкен ғылым саласындағы ғылым моде­лінің реформасы басталып жатыр. Фестивальдың да маңызы осында», деді С.Нұрбек.

Қазақстан блокчейн-техноло­гия­лар қауымдастығының төр­а­ғасы Исламбек Салжановтың айтуынша, бұл фестиваль – Орталық Азиядағы басты ғылыми білім беру және инновациялық оқиға.

«Біздің миссиямыз – ел жас­та­рына әлемдегі үздік білімді қолжетімді ету және олардың ұлы ғалым немесе технологиялық лидер болуға барлық мүмкіндігі бар екенін көрсету. Өйткені бола­шақты жас­тар жасайды. Техно-ғылыми өзгерістер мен жетіс­тік­­терді іске асыратын да – жас буын. Қазақстан осы ауқымды техно­логиялық өзгерістердің авангарды бола алады. 90-жылдары біз Ресей мен Қытайдың ортасында қалып қойдық. Бүгінгі таңда еліміздің айрықша тарихи мүмкіндігі бар. Біз оны уыстан жіберіп алмауымыз керек. Осы жерде әлемнің технологиялық транс­формациясына қол жет­кі­зуге, әлемнің инновациялық көш­бас­шы­ларының қатарына қосылуға мүм­кін­дік бар», деді ол.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетінің рек­­торы Дария Қожамжарова елі­міз адамзаттың барлық соңғы жетіс­тіктерін, соның ішінде білім беру саласындағы жетістіктерін пай­далануға тиіс екенін айтты. Сон­дай-ақ қазір классикалық білім жаңа әлемнің талаптарына сай келмейтінін атап өтті. «Сарап­шы­лардың болжамынша, 10 жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қыз­меттердің 70 пайызы жасан­ды­ интеллектіні қол­данатын цифр­лық платформалы модель­­ге­ негізделеді. Уақыттың өзге­руі­не және жаңа ғылыми техно­ло­гия­лар­дың дамуына байланыс­ты біз инно­вациялардың қарыштап дамып келе жатқанын, ал университет түлектерінің алған білімі кейде олар жұмысқа орналасқанға дейін ескіріп қалатын жағдайға келіп отырмыз», деді ректор.

Nobel Fest фестиваліне арнайы ша­қыр­­­­­тылған шетел ғалымдары қазіргі күн­нің басты жетістігіне де, қаупіне де айнал­ған жасанды интеллект жөнінде ғылыми баяндамалар жасады. Нобель сый­лығының лауреаты, климат­ және тұрақты даму бойынша сарап­шы Рае Квон Чунның пікі­рінше, жасанды интеллект адам­зат­қа тек құрал болуға тиіс.

«Біздің бұрыннан келе жатқан білі­мі­міз, былайша айтқанда, өзек­ті болмай қалды. Ескі білім негізінде біз бола­шақ­тың әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерін шеше алмаймыз. Жасан­ды интеллектіні қолдануға жаңа білім қажет. Ол үшін шығармашылықты, ізденісті дамытуымыз керек. Жасанды интеллект дегеніміз не? Біз үшін жасан­ды­ интеллект дегеніміз өте керемет дүниеге айналды. Оны кез келген уақытта пайдалануға болады. Бірақ бізге интел­лек­тіден артық нәрсе қажет. Ол – инсайт. Біз жасанды интеллектіні құрал ретінде қолдануымыз керек. Ол біздің басшымыз болып кетпегені жөн. Қайта біздің қолымыздағы құрал болуы керек. Ал оны құрал ретінде қолдану үшін өзіміздің қабілетіміз бен білімімізді жетілдіруіміз керек», деді Рае Квон Чун.

Ал бейресми түрде «Ғылы­ми­ Оскар» деп аталатын Breakthrough Prize (Серпін) әлемдік сыйлы­ғы­ның лауреаты, ДНҚ талдау сала­сындағы революционер Паскаль Майердің пайымынша, жасанды интел­­лектіден төнетін қауіпті ескер­­месе, адамға өмір сүру қиын­дай­ түспек.

«Қазірдің өзінде жасанд­ы интел­лектіні қолданудың жаңа кезеңі басталып кетті. Мысалы, жаңалықтарды, сурет­тер­ді­ ­өңдеп жатыр және жақын арада фильм­дер түсіріледі. Рас, нақты жаңа­лықтар мен фейкті ажыратуда қиындықтар бар. Болашақта сенім – ең маңызды актив, ең маңызды элемент болады. Сіз көршілеріңізге, өзіңіз білетін адам­дар­ға сене аласыз, бірақ жаңа­лық­тарға, интернетте көрген­дері­ңіз­ге сене бермейсіз. Егер біз осы кедер­гілер мен қиындықтарды жеңе алма­сақ, онда адамзатқа өмір сүру өте қиын болады», дейді ғалым.