Зерде • 10 Қазан, 2023

Қалың елден шыққан қайраткер

226 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жамалбек Шаймерденов – кеңестік дәуір тұсында мемлекеттік және қоғамдық қызметтер атқарған белгілі тұлға. Ол 1963 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Екі жылдан кейін Шымкент облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметті 1983 жылға дейін атқарды. 18 жылдық жоғары лауазымдық қызметінде өңірді өркендету бағытында еңбек етіп, тер төкті. Жалпы, өткен ғасыр­дың 60-80-жылдарын кеңес өкі­метінің алтын дәуірі десе болады. Ауыл шаруашылығы, өндіріс осы кезеңде дамыды. Осының бәрі кеңестік экономиканың өсуіне алып келді. Халықтың жағдайы түзеліп, соғыстан кейінгі қиындықтар мен тұрмыс тауқыметі адамдар санасынан ұмытыла бастаған шақ. Ел еңсесінің тіктеуіне уақытпен санас­пай күндіз-түні еңбек еткен Ж.Шаймерденовтей азаматтардың бұған, әлбетте, үлесі көп болды.

Қалың елден шыққан қайраткер

Міне, осынау аяулы жанды ұрпақтар жадында қайта жаңғырту мақсатында «Дәуір және тұлға» ғылыми-ағартушы­лық жобасы аясында Шымкент қаласы мен Түркістан облысында конференциялар өтті. Ме­гаполистегі басқосу атауы – «Тіл. Қоғам. Уақыт» халықаралық ғылыми-практикалық конферен­циясы. Бұл ауқымды іс-шара қоғам және мемлекет қайраткері Ж.Шаймерденовтің 95 жылдығы­на арналып отыр. Ал конференцияны ұйымдастыруға тікелей бастамашы болған қыздары Мең­діғаным мен Нұрсұлу Шаймер­деновалар. «Тектіден текті туар» демекші, олар да – қара жаяу емес, филология мен тіл білімі са­ласының білікті ғалымдары. Жиын­ның тақырыбы неге тіл мә­селесіне арналды десек, Жамалбек ағамыз кезінде өте әңгімешіл, сөзшең кісі болыпты. Әдебиетке ерекше қызыққан. Кітап жинау, әр іссапарынан үйіне қызықты кітаптар әкелу сүйікті ісі еді. Бала-шағасына да білімді болуды, әсіресе қосымша тілдер білуді көп өсиеттеген. Ұл-қыздарының ғы­лым жолын қууына әке ретінде қамқорлығын аямаған.

сми

Конференция барысында көп естелік айтылды. Абыройлы кісі­нің жақсы қасиеттері сөз етіл­ді. Естелігімен бөліскен азаматтар арасында кезінде көз көрген, ағалық мейірімін сезінген, тіпті Ж.Шаймерденов тұсындағы оңды өзгерістердің куәсі болған жандар сөз алды. Тек еліміздің өзінен емес, он­лайн арқылы шетелден де бел­гілі азаматтар конференцияға қосылды.

Мәселен, Ресейдің Ин­­гу­­­ше­­тия Республикасының өкі­лі, саясаттану ғылымдарының док­­торы Исрапил Сампиев өнді­рісті өркендету ісін­де­гі аға­мыз­дың сіңірген көп еңбе­гін баяндады. Ғалымның айтуынша, Ж.Шаймерденовтің ұйым­дас­ты­­рушылық қабілеті жоғары болған. Сөзсіз іскер адам еді. Нағыз өз саласының білгірі, кәсіби маманы. Бірақ партияның өкі­­лімін деп кеуде соқпайтын. Өте қарапайым, кішіпейіл жан еді. Айналасына шуағын шашып жүретін. Оның жанашырлығы мен қамқорлығын кезінде талай мұқтаж жандар сезінді. Іс­кер­лігімен қатар білімі де өн бойынан көрініп тұратын. Міне, осы қа­сиеттер Ж.Шаймерденовті бас­қалардан ерекшелейтін.

Саясаттанушы баяндағандай, өңірдің атқарушы билігінің тізгі­нін ұстаған 18 жыл ішінде небір алпауыт өндіріс орындары салынды. Оларды санамаласақ, мұнай өңдеу, фосфор, трансформатор, цемент, экскаватор зауыттарын тізіп шығуға болады.

Әрине, өндіріс ел өмірінде маңызды рөл ойнайды. Сонымен бірге халыққа рухани азық та керек. Сол үшін Ж.Шаймерденов көптеген әлеуметтік нысанның бой көтеруіне күш салды. Оның тікелей басшылығымен облыс орталығында музей, стадион секілді спорттық-мәдени нысандар тұр­ғы­­зыл­ды. Бұл, әлбетте, елдің ру­ха­ни дем­алуына, саламат­ты өмір сал­тына бет бұруына үлкен сеп­ті­гін тигізді.

Ж.Шаймерденов басқарған жылдары Шымкент шын мәнінде нағыз қалаға тән сипатта дамыды. Шаһарда жайлы орта қалыптаса бастаған соң, жаңадан жұмыс орындары пайда болғаннан кейін ха­лық саны да біршама өсті. Әсі­ресе ауылдардан келген қа­зақтардың есебінен демография көтерілді. Міне, сондықтан да парасатты тұлға ел дамуына сіңірген осынау еңбегі үшін бір­неше мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Мұндай орден өте жоғары дәрежелі награда саналған. Ол еңбек майданында қаһармандық көрсеткен ең озат азаматтарға ғана берілетін. Ондай еңбек ерлері әрине санау­лы болды. Ал Жауынгерлік Қызыл Ту ордені – бұған балама мара­пат. Ол керісінше соғыс даласында асқан ерлігімен көзге түс­кен батырлардың кеудесіне та­ғы­латын. Бұл орденді кеудесінде жарқыратып тағып жүрген май­да­н­ қаһармандары сирек болатын. Демек Ж.Шаймер­де­новтің бұл марапаты – еңбекте ерекше ерлік танытқан нағыз батыр адам болғандығының белгісі. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен бір емес, бес мәрте наградталған. Осының өзі қоғам қайраткерінің бітім-болмысы бөлек ерекше жа­ратылған жан екенін айтпай ұғындырса керек.

Бұдан бөлек, ел ағасы тағдырлы кезеңдерде тек басқарушылық-ұйымдастырушылық қабілетін ғана емес, дипломатиялық білім-біліктілігін де ел болашағы жолында сарқи жұмсады. Өйткені кезінде Өзбекстан еліне өтіп кеткен жерлердің Қазақстанға қай­та­рылу мәселесінде нар­­ тұлғаның көп еңбегі жа­тыр.­­ Мәселені ың-шың­сыз дипло­ма­тиялық әдіс­пен шешуге атсалысқаны үшін Ж.Шай­мер­денов тағы бір маңызды награда «Халықтар Достығы» орде­німен марапатталды. Бұған әр жылдардағы мемлекетіміздің гүл­­денуіне қосқан айрықша үле­сі үшін марапатталған Ленин, Құр­мет белгісі ордендерін қосыңыз.

Ж.Шаймерденовті өзіне ұстаз, аға тұтқан мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов та жылы естелік айтып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау ұлт үшін, әсіресе өскелең жасқа маңызды екеніне тоқталды. Дара тұлғаны жасы үлкен кісілер білер, ал қазіргі жастар ол адам жайында көп нәрсе білмейді. Бұл арада ұрпақтар сабақтастығы әлсіз болып тұр. Осынау тізбекті жалғап, оны өміршең ету үшін біртуар аза­маттың есімін мәңгі ететін түр­лі іс-шараны үзбей қолға алу керек.

Қ.Айтахановтың айтуынша, кон­ференция алдындағы қайта­лан­бас тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі, оның атына берілген көшелер және осындай ғылыми-практикалық конфе­рен­циялар мен өнегелі өмірі туралы жазылған кітаптар қайраткер атын ешқашан өшірмейді. Осыны айт­қан Қ.Айтаханов мұндай тұл­ғаларды дәріптеу халықтың, оның ішінде жастардың сол кісілерге қарап бой түзеуіне, өткен өмір­ле­­рінен өнеге алып, өздеріне үлгі тұтуларына сеп деген ой түйді. Осы арада Қ.Айтаханов өне­­гелі жанның тіршілікте өте қа­рапайым кісі болғанын, дүниеге еш қызықпаған момын, тақуа, адал адам болып өмір сүргенін бір мысалмен-ақ айшықтап өтті.

«Алдыңғы толқын ағалардың істеген жұмыстарын кейінгі тол­қын інілер біліп жүруі керек. Сонда ұрпақтар сабақтастығы ор­найды. Бүгінгі қоғам қалай пай­да болады? Осыншама игілік­тер қайдан келді? Егер сол Жа­мал­бек Шаймерденовтей ағалар бол­мағанда, мұның бірі бол­мас еді. Еліміздің бүгінгі өнді­рісі­нің негізі 70-80-жылдарда қызмет еткен ел ағаларының ерен еңбегінің нәтижесінде қалан­ды. Бүгінгі ұрпақ соны ұмыт­пауға тиіс. Тәуелсіздік бір­ден келе салған жоқ. Оны қалып­тас­тыру жолында аталарымыз бен апа­ларымыз талай тер төкті. Пре­зидентіміз айтқандай, біз Әділетті Қазақстанды құру ба­ғытында келе жатырмыз. Енде­ше, сол алдыңғы буынның ізін жал­ғап, жемісті еңбектерін жал­ғастыру үшін бізге де солар секілді тынбай еңбек ету керек. Соның ішінде басты қасиеттің бірі адал әрі әділ болуымыз мін­детті. Ал адалдықтың жарқын үлгісін Ж.Шаймерденовтей тұлғалардан көруімізге болады. Ол кісінің арының тазалығы, қанағатшылдығы жөнінде бір ғана мысал айтайын, бір кездері партияның облыстық атқару ко­митетінің бірінші хатшысы Асан­бай Асқаров екіқабатты, 65 пәтерлі зәулім үй тұрғызып, кең бөлмелі пәтерлердің біреуін Ж.Шай­мерденовке әпермекші болады. Бірақ оған ол үзілді-кесілді қар­сы болып, 3 бөлмелі тар пәтер­де шиеттей бала-шағасымен тұ­рып жатса да, ұсынысты қа­был ал­майды. Осыдан-ақ ол кісі­нің бойы­нан ізгілік пен адал қа­сиет­ті анық көре аламыз. Бү­гінгі таңда адамдарға осы мінез жетіс­пей­ді. Конференцияны ұйым­дас­ты­рудағы мақсат біреу ғана, ол – біздің алдымызда жүріп өткен ағалар жолы мен өнеге­сін кейін­гі­лерге насихаттап, өсиет қылып қал­дыру. Әділетті Қа­зақстан­­ды құру үшін адамдар адал болу керек­тігін ұмытпайық», деді Қ.Айтаханов.

Қоғам қайраткері асыл ердің құр­метіне «Дара тұлға» атты кітап жаз­ды. Онда өмірбаяны, соның ішінде соғыс кезіне тап келген боз­бала шағындағы қиындықтар, одан студенттік оқуы мен ақыл-ойы мен еңбегінің арқасында қыз­меттік баспалдақтармен кө­те­­­­­­ріл­­ген өрлеу кезеңдері, сая­си­ өмірдегі отты жылдар, сон­дай-ақ зейнеткерлікке шыққаннан кейін­гі тыныс-тіршілігі керемет баян­­далған. Жазушы Еркінбек Тұры­сов­ айтқандай, Сыр бойы­ндағы қа­лың елдің ортасынан шық­қан­ елжанды азаматтың ендігі жүз жылдық мерейтойына орай тағы бір мазмұнды ең­бек дайын­­далып жатыр. Бұл жолы кітап­қа­ өмірбаяны ғана емес, дара тұл­ға­ның­ шыққан тегі мен ұрпақтары жай­лы көбірек мағ­лұмат енгі­зіл­мек.

 

ШЫМКЕНТ