Аймақтар • 09 Қазан, 2023

Қостанай облысына қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетілді

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында Қостанай облысына 961 адам қоныс аударған, оның ішінде еңбек күші артық өңірлерден 680 қоныс аударушы және 281 қандас көшіп келген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысына қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетілді

Фото: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше өңірге қоныс аударғандардың барлығына мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Оларға жалпы 841,6 млн теңге төленді, оның ішінде 222,6 млн теңге сомасына көшуге, 119,2 млн теңге сомасына тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) материалдық көмек, сондай-ақ 114 отбасына 499,8 млн теңге сомасына экономикалық ұтқырлық сертификаттары берілген.

Еңбекке қабілетті 286 қоныс аударушы мен 105 қандастың 381-і жұмысқа орналастырылған, 10-ы кәсіпкерлік қызметпен айналысып жатыр.

Жалпы, өңірдегі қоныс аударушылар мен қандастар келесі бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған: қазақ, ағылшын тілі мұғалімі, медицина қызметкері (дәрігер, фельдшер, медбике), тәрбиешінің көмекшісі, құрылысшы, аспаз, жүргізуші, менеджер, машинист, машинист көмекшісі, әртіс, зертханашы, меңгеруші, өндіріс, жолсерік және т. б.

Мысалы 2020 жылы өңірлік қоныс аудару квотасына қосылып, Щербаков ауылына қоныстанған Шукур Худьяровтың отбасы көшіп келгеннен кейін  бизнес бастау үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1 млн 300 мың теңге көлемінде грант иегері атанған. Грантты алғаннан кейін фотоаппарат, түрлі-түсті принтер сатып алып, тапсырыс ала бастаған аталған отбасы мемлекеттің көрсеткен көмегіне ризашылығын білдірді. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл Ұлттық жоба аясында Қазақстанның еңбек күші тапшы өңірлерінен 7 498 адам өз еркімен қоныс аударған, оның ішінде 1 870 қандас және 5 628 қоныс аударушы көшті. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген.