Білім • 06 Қазан, 2023

Мектепте нені оқытпайды?

287 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бәсекеге қабілетті сапалы маманның негізі мектепте қаланады. Баланың бағытын айқындауға бағдар беретін де, оны өмірге дайындайтын да – мектеп. Алайда еліміздегі оқу ордаларындағы білім сапасы көңіл көншітпейді деген пікірлер де бар. Көп оқушының бейінді пәнін ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын кезде ғана таңдап жататыны – соның дәлелі. Ал мектеп қандай болуы керек? Отандық мектептерде нені оқытпайды? Нені оқытуға тиіс?

Мектепте нені оқытпайды?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жыл басында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырым­дама оқу бағдарламасын жетілдіру­ге бағытталған. Яғни қосымша пәндер енгізіледі, бағдарламалар жаңарады. Бірақ көкейде бәрібір «жаңарған оқу бағдарламасы оқушыдан нәтиже шығара ма, жүйені өзгерте ме?» деген сауал тұрады.

Қазір білім саласындағы кейбір өзге­рістерді жаңадан ашылып жатқан жекеменшік мектептерден ғана байқауға болады. Жекеменшік мектепте негізгі пәндерден өзге сыни пайым, көшбасшыға тән машықтарды дамыту, шешендік өнер, роботтехника, стартап сынды қосымша пәндер енгізіле бастады. Сондай-ақ салалық бағыттағы мектептер ашылып жатыр.

Сарапшы мамандардың айтуынша, жалпы мектептерде де оқушыны сыни ойлауға, ақпаратты сараптауға, сұрақ қоюға үйрету керек. Кәсіби өмірде негіз болатын академиялық білім беріп, ғылы­ми сана қалыптастырған жөн. Сонымен қатар оқушылардың әлеуметтік машығын жетілдіріп, бір-бірімен байланыс орната білуге, мәселелерді өз бетінше шешуге дағдыландыруды да қоса үйрету қажет.

ва

Мектепте оқушылардың шы­ғар­машылық қабілетін шың­дау да аса маңызды. Өйткені шығармашылық сана балаға қызығушылығын табуға және жеке тұлға болып қалыптасуға көп көмектеседі. «Тәрбиесіз бе­ріл­ген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан оқушылардың бойына адалдық, жауапкершілік, қор­шаған ортаға, айналаға құр­мет­пен қарау құндылығын сі­ңіру­ге мән беру керек.

Қазір оқушылардың көбі мек­тепті бітірген соң кім бола­рын, қайда барарын білмей дағ­дарады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағы жанса, ұпайы білім грантына жеткен маман­дық­қа өзі түсінбесе де түсе береді. Мамандығы бойын­ша жұмыс істемейтін жастар­дың көбеюі де түптеп келгенде мектептің осал жүйесінен. Сондықтан сарапшы мамандар оқушыға нарықты түсіндіру, нарықтағы бәсекені көрсету және сол бәсекеге дайын болуға үйрету қажет екенін айтады. Сон­дай-ақ баланың физикалық, психо­ло­гиял­ық саулығы да мектептегі білім­нің ажырамас бір бөлігіне айналуға тиіс.

Халықаралық PISA зерттеу орталы­ғы­ның 2018 жылғы дере­гін­ше, еліміздің оқушылары білімін пайдалана алу бо­йынша 79 елдің арасында 69-орында тұр. Шынында бұл – өте нашар көрсеткіш. Ал кәсіптік бағдар беру маманы Диас Асанов бұл мек­тепте үйретілуі керек маңыз­ды білім екенін айтады.

«Ең бастысы, оқушыға еркін ой­лауды үйрету керек. Екін­ші мақ­сат қоюды және алған білі­­мін шынайы өмірде іске асы­руға үйрету керек. Бірақ осы тұста ескеретін бір нәрсе бар. Біз қазір бәріміз «балаға не беру керек, балаға не үйрету керек?» деп қана ойлаймыз. Бірақ балаға бәрін үйрететін, бағдар бере­тін мұғалім екенін ұмытып кетеміз. Сондықтан мемлекет болсын, басшылық болсын, талапты мұ­ға­лімге қою керек, назары мұғалімде болуы керек. Мұға­лім­нің кәсібилігін арт­тыр­сақ, оларды жақсы даяр­ласақ, жүйені рет­теуге болады. Балаға ғана та­лап қоя бер­сек, академиялық сауаттылық та, фукционалдық сауаттылық та қалып­тас­пай­ды. Айтылып жатқан мәселе­лердің бәрі бос әңгіме болып қалады. Яғни көп нәрсе мұғалімге байланысты», дейді Диас Асанов.

Білім сапасы сөз болғанда, әсіресе бір сыныпта 30-35 баладан отыратын, жалпылама білім бе­ретін мемлекеттік мектеп­тер­ді айтамыз. Алайда «Steppe & WORLD Publishing» бас директоры Назгүл Қожабектің пікірінше, тереңдетіп оқытатын арнаулы мектептерде де білім сапасы мәз емес.

«Менің балаларым жалпы арнаулы білім беретін музыка мек­тебінде оқиды. Үлкен ұлым мектепті бітіріп, жоғары оқу ор­нына түсті. Қазір консервато­рия­­да халықаралық деңгейде музы­кант­тармен байланыс орната бас­тады. Ортамен араласты. Осы кезде арнаулы музыкалық білім беретін мектептердің өзін­дегі музыкадан білім беру бағдар­ла­ма­сын­дағы кемшіліктері көріне бас­тады. Соның барлығын көр­ген соң балам маған: «Ештеңе үй­рет­пейді екен ғой бізге», деп келді. Енді жалпы музыканың сольфеджиосы бар, гармониясы бар, арнаулы пәндері бар. Бірақ жалпы мектепте музыка туралы балаға толық қам­тылған түсінікті бермейді екен. Содан ұққанымыз, бізде білім саласында же­тілдіретін нәрселер көп, үйрететін нәр­селер жетерлік. Жал­пы мектептерде музыка туралы бір толық түсініктерді бере­тін әдебиет те жоқ. Ал қазақ тілінде музыка әдебиеті мүлде оқытылмайды. Музыка тарихы, әлем музыкасының тарихы қазақ тілінде мүлде өткізілмейді. Бәрі орыс тілінде», дейді Н.Қожабек.

Білім сапасын арттыруда адам құқығы мәселесі де өте маңызды. Өкінішке қарай, мұндай білім беру бағдарламасы жалпы мектептердің ешқайсысында жоқ. Ғалым, заңгер, «Street Law Kazakhstan» балаларды зорлық-зомбылықтан және кибербуллингтен қорғау жөніндегі білім беру жобасының үйлестірушісі Халида Әжіғұлованың пікірінше, құқықтық сауат – білім берудің міндетті бір бөлігі.

«Біз балалардың қандай бол­ғанын қалаймыз? Мысалы, елі­міз­де мектеп бітіргеннен кейін бала қандай болады? Жеке өзім елі­міздің әрбір азаматында, мек­теп түлегінде жоғары құқық мәдениеті болуы керек деп есептеймін. Мәселен, ай­на­­ламдағы адамдардың жақ­сы болғанын, мәдениеті жо­ға­ры бол­ға­нын қалаймын. Жа­ным­да жүргендер ішпейтін, төбе­лес­пей­тін, айқай-шу шығар­майт­ын, мені құрметтейтін болса екен деймін. Сондықтан да құқық мәдениетін енгізуіміз керек. Шетелде әр балаға өз құқығы бар екенін ғана емес, табиғаттың да, флора мен фаунаның да құқығы бар екенін түсіндіреді. Жалпы, құ­қықтық мәдениет мәсе­ле­сін 2019 жыл­дан бері қоз­ғап жүр­мін. Мысалы, бізде бала­лар өздерінің құқығын біл­мей­ді. Олар өздерін қорғай алмайды. Мектепте де зорлық-зом­бы­лық­тан зардап шегеді, үйде де зиянын тартады. Зорлық-зомбылық әсіресе үйден бас­талады. Содан кейін мектепке көшеді, мектептен далаға, көшеге шығады да, солай жалғаса береді. Менің ойымша, балаларды ешкім ұра алмайтынын, ешкімнің он­дайға құқығы жоқ екенін 1-сыныптан бастап түсіндіруіміз керек және оларға басқа адамның да осындай құқығы бар еке­нін әрі оны құрметтеу керегін үйрету маңызды», дейді Х.Әжіғұлова.

Жоғарыда атап өткен техни­калық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға ар­налған тұжырым­да­масы – ма­ңызды құжат. Өйткені мек­теп­тердің дамуына мән беру – ел бо­лашағына қатысты іс. Ы.Алтын­сарин атын­дағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институтының директоры Сейфолла Смайыловтың ай­туынша, техникалық және кә­сіп­тік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында білім са­пасын кезең-кезеңімен көтеру жос­пар­ланған.

«Жоспарға сәйкес оқулық­тар­дың сапасын арттыру, орта білім беруде электронды оқу­лық­тар мен оқу-әдістемелік ке­шендерді әзірлеу, сараптау, бала­лар­дың қауіпсіздігі, олардың құ­қықтары мен мүдделерін қор­ғау, жастарды оқуға және ең­бек нарығына интеграциялау, білім беруді цифрландыру, білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалды интеллектісін дамыту жұ­мыс­тары атқарылады. Сонымен қатар қосымша білім бойынша түрлі пәндер оқытылатын болады. Әрі 2029 жылға дейін мектептер жылдам интернетпен толық қамтамасыз етіледі», дейді С.Смайылов.

Жоспарға сенсек, жоба жақсы. 2029 жылға дейін олқылықтың орны толады, білім сапасы жақ­са­рады. Иә, мектептегі жүйе өзгер­мей, мемлекеттің дамуы қиын. Сон­дықтан тұжырымдаманы жүзе­ге асыруда сарапшылардың айтқан пікірлері ескерілуі қажет-ақ.