Медицина • 05 Қазан, 2023

Қазақстанда Еуропалық ағза донорының күніне орай Донор күні атап өтіледі

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

4 қазанда Астанада «Ағза донорлығы күні: өмірді құтқару шындыққа айналады» тақырыбында брифинг өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда Еуропалық ағза донорының күніне орай Донор күні атап өтіледі

Брифингте «Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева мен Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың қоғаммен байланыс маманы Жәнібек Зейнелұлы Қазақстандағы донорлық пен трансплантацияның даму ерекшеліктері, жалпы елімізде оның ішінде Астана қаласы бойынша трансплантацияны күтіп жүрген науқастардың саны, сондай-ақ Ашық есік күнінің мақсат-міндеттері туралы баяндады.

Ағзаны трансплантациялау – маңызды медициналық жетістік, бірақ донорлық органдарға сұраныс ұсыныстан асып түседі.

Мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы тек 4 мәйіттік донор 16 адамның өмірін сақтап қалған, ал 2023 жылы 4 мәйіттік донор 9 адамның өмірін жалғастыруға үміт сыйлаған.

Биылғы 10 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша, «Күту парағы» тізімінде 3 953 науқас бар, оның ішінде бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек және «жүрек-өкпе» кешеніне зәру адамдар бар.

Еуропалық ағза доноры күні аясында Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықпен бірлесе отырып, биыл 7 қазан күні сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Керей-Жәнібек хандар 3 мекенжайы бойынша Ашық есік күні шарасын өткізеді. Азаматтарды қабылдауды білікті онколог-дәрігерлер, хирургтар, трансплантологтары жүргізеді.

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың трансплантация үйлестірушісі қайтыс болғаннан кейін органдардың донорлығына ниет білдіру туралы, Күту парағын құру және жүргізу мәселелері бойынша, сондай-ақ туыстық ағза донорлығы мәселелері бойынша кеңестер береді.

Учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді. Келушінің өзімен бірге жеке куәлігі мен медициналық құжаттары (зертханалық зерттеулердің бұрын алынған нәтижелері, аспаптық/сәулелік диагностиканың қорытындысы, үзінді көшірмелер және т.б.) болғаны жөн.

Консультацияға жазылу үшін мына нөмірге хабарласыңыз: +7 7172 702 911, 702 900.

Еуропалық ағза донорының күніне орай Қазақстанда биыл 9 қазанда Донор күні атап өтіледі.