Технология • 02 Қазан, 2023

Цифрлық гигиена

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Технология заманында әрбір іс-әрекетіміз интернетпен тікелей байланысты. Өзімізге қажетті қызметтерді пайдалану кезінде деректеріміздің көбі сақталады. Ал біз оның маңызына аса мән бере бермейміз. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті жеке деректерді қалай қорғау керектігі туралы бірқатар кеңес ұсынды.

Цифрлық гигиена

Өмір­дегі қауіпсіздігіміз қандай маңыз­ды болса, цифрлы әлемдегі қауіп­сіздігіміз де дәл сондай маңызды. Қазір онлайн режімде барлығы қолжетімді. Жұмысты онлайн істейміз, пікірді онлайн білдіреміз, тамаққа да онлайн тапсырыс жасаймыз, билетті онлайн сатып аламыз, құжаттарды да онлайн реттейміз. Осы қызметтердің бәріне онлайн төлем жасау да түк қиын емес. Күнделікті өміріміздің көрінісі осы. Алайда аңғарған болсақ, осының барлығын жүзеге асыруға жеке деректеріміз қолданылады. Сондықтан абай болмасақ, алаяқ­тарға алданып қалу оп-оңай. Өткен жылы әлем бойынша әр­түрлі кибершабуылдың саны 90 пайызға өскен. Яғни тех­нология өмірімізді қалай жеңіл­детсе, солай қиындатып та жа­тыр. Мәселен, әртүрлі әлеумет­тік желіден, әсіресе WhаtsApp чаттардан келетін қорғал­ма­ған сілтемелер өте қауіпті. Одан кейін кез келген жерге жазып қалдыратын телефон нө­міріміз бен электронды пош­та­мыз да – аса құнды дерек. Ал ки­берқылмыстың құрбанына ай­налмау үшін әрбір адам кибер­гигиена ұғымын күнделікті өмірі­не енгізуге тиіс. Сондықтан қо­ғамның цифрлы сауатты болуы қауіпсіздік үшін аса маңызды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіз­дік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, жеке деректерді қорғауға нақты қадамдар жасалуы қажет.

– Цифрлы гигиена – интернетте қауіпсіздікті сақтауға көмек­тесетін ережелер мен нұсқаулар жиын­тығы. Интернет пайдаланушыларына әуелі әртүрлі аккаунттарға бірдей құпия сөзді қолданбауды әрі күрделі құпия сөз ойлап табуды ұсынамын. Бұл жеке ақпараттарға рұқсат­сыз кірудің алдын алуға көмектесе­ді. Одан кейін құрылғыдағы бағ­дарламаларды жаңартып отыру  керек. Өйткені жаңа нұсқаларда қауіпсіздік күшейтіліп отырады. Бұл хакерлердің шабуылдарынан қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ күдік тудыратын ха­барламаларға жауап бермеген әрі бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерді ашпаған абзал. Вирустардан және басқа да қауіптерден қорғауға антивирус бағдарламаларын пайдаланған жөн. Бұл құрылғыны зиянды бағдарламалардан қор­ғауға көмектеседі. Жеке ақпарат­тарды бейтаныс сайттар мен қосым­шаларға сеніп, жібере беру­ге мүлде болмайды. Жеке ақ­паратты ұсынар алдында сайт­тар мен қосымшаларды мұ­қият тексеру керек. Сонымен қатар же­лідегі парақшаларды қор­ғауға екі факторлы аутентификацияны пайдалану қажет. Бұл парақшаларға рұқсатсыз кірудің алдын алуға көмектеседі. Әрі әлеуметтік желілерде және бас­қа да онлайн-сервистерде құпия­лы тетігінің орнатылғанын тек­серіп алған дұрыс. Бұл жеке ақ­параттардың тек жіберген адам­дарға қолжетімді екеніне көз жеткізуге көмектеседі, – дейді Руслан Әбдіқалықов.