Зерде • 28 Қыркүйек, 2023

Ақан серіні неге ұлықтай алмай отырмыз?

433 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша және Уәлиханов аудандары 1944 жылы құрылған «отау» – Көкшетау облысының құрамына кіргізілген. Ал 1997 жылы Көкшетау облысы жабылған соң «қара шаңырақ» – Солтүстік Қазақстан облысына қайтарылған. Соған қарамастан, осы өңірдің мәдениет саласында аталған бес ауданды «өгей» санаушылық салқыны әлі де ара-тұра сезіліп қалып жүр.

Ақан серіні неге ұлықтай алмай отырмыз?

Нақты айтсақ, мұндай теріс көз­қарас аса көрнекті сазгер, әнші, ақын Ақан сері Қо­рам­саұлының мерейтойын өткізу кезінде бай­­қал­ды. Ақиық ақын Ілияс Жан­сүгіров «Лақабы әлде әулие, әлде пері, Арқаның атақтысы Ақан сері» деп жырына қосқан ұлы тұлғаның «Мерейтойлар мен атау­лы күндердi мерекелеу тура­лы» Үкiмет қаулы­сына сәйкес рес­публикалық деңгейде атап өтілуге тиіс 175 жылдығы Айыртау ауда­ны­ның 90 жылдығы аясында «Ұлылар елі – серілер жері» атты республикалық айтыс өткізумен ғана шектелгені – соның айғағы. Мұның өзі жергілікті жұртшылықтың әділ сынына ұшыраған. Осыған орай, алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Оны жариялаған Тұрғын Сыздықов: «Халқымыздың Ақан сері Қорамсаұлы сынды асыл перзентінің мерейтойын лайықты түрде атап өту ойластырылмай отыр. Биыл Айыртау ауданының 90 жылдық торқалы тойына орай ұйымдастырылған іс-шаралар барысында Ақан сері есімі аталып жатты. Бірақ аудан жұртшылығы өмірі мен өнері аңызға айналған атақты тұлғаның есімін ардақтап, лайықты құрмет көрсету қажет деп ойлайды. Өз заманында өнеріне ел-жұрты сүйсінген ардақты бабамызды ұмыт қалдыру – оның жерлестеріне ғана емес, бүкіл қазақ халқына үлкен сын», деген еді.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, тиісті орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдар өз тараптарынан жіберілген кем­шілік­терді түзету шараларын кештеу болса да қолға алды. Атап айтқанда, 2019 жылы Ақан сері мазары Қазақ­станның киелі орындарының картасына енгізілді, ал 2020 жылы ұлы сазгер есімі Солтүстік Қазақстан облыстық филармонияға берілді. Ал биыл ұлы сазгердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті деңгейде атап өтілетін 180 жылдығы әлдеқайда кеңірек мерекеленді. Оған облыс басшылары, депутаттар, қоғам бел­сенділері, ақын-жазушылар, жұрт­шылық өкілдері қатысты. Екі күнге жоспарланған мерейтой іс-шаралары Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылының Ақан сері атындағы аудандық Мәдениет үйінде республикалық ақындар айтысымен басталып, ертеңіне ұлы сазгер ауылында жалғасын тапты. Сондағы Ақан сері ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі салтанатты жиынға және Қызылжар өңірі өнерпаздарының концерті мен спорт жарыстарына ұласты.

Әйткенмен, Ақан сері баба­мыз­дың бұл жолғы асында да кейбір кемшілікке жол берілді. Мә­селен, тойға келген меймандар мен жұртшылықтың өкілдерінің Айыр­тау ауданының Жұмысшы ауылының маңында орналасқан ұлы сазгер мазарына барып, зиярат етуі ұйымдастырылған жоқ. Мұның бір себебі – Қазақстанның киелі орындарының картасына енгізілген Ақан сері мазары әлі де қараусыз екенінде және маңайы көркейтілмегенінде болса керек. Мазарға арнайы келіп зиярат етушілер мен туристердің авто­көліктерін қоятын орын жасалмаған, орындықтар мен дәретхана да жоқ.

Той үстінде кеңес заманын­да елеусіз қалған Ақан сері қабірі­нің басына мазар орнатудың тағы­лымды тарихы туралы бірауыз сөз қозғалмағанын да құптау қиын. Қысқаша айта кетсек, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Болат Көшімбаев Ақан сері қабірінің басына мазар тұрғызу мәселесін көтерген. Осы мақсатпен ол сол кездегі елорда – Алматыға барып, Ақан сері мазарын қаржыландыру мәселесін шешуге тырысқан. Алайда ол кезде киелі орындарды жаңғырту бастамасын билік емес, халық көтеруге тиіс еді. Атеизмді мемлекеттік саясат етіп ұстанған коммунистік режімнен мазар салуға бюджеттен қаражат бөлгізу мүмкін емес-тұғын. Мәселені тек адамдардың ерікті қайырмалдығы есебінен шешуге рұқсат етілген. Осыған орай Болат Көшімбаев бастамашыл топ құрып, оны басқаруды «Карасев» кеңшарының директоры Жақсыбай Төрегелдинге тапсырған. Мұндай объектінің құрылысын бастау үшін облыстың бас сәулетшісінің келісімін алу қажет екен. Бірақ бұл бюрократиялық рәсімге қыруар уақыт кететіндігін білген аудандық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Рахимов жауапкершілікті өз мойнына алып, мазар құрылысын бастай беруге рұқсат берген. Ал Жақсыбай Төрегелдин мазар жобасын әзірлеуді тездету үшін өзінің қорасындағы сиырын сатып, түскен ақшаны сәулетші жалдауға жұмсаған. Кейін айыртаулық азаматтар қаражат жинап, ұлы сазгер зиратын көтеруге үлес қосқан. Сөйтіп, мазар құрылысы 1988 жылы басталып, 1990 жылы аяқталған. Оған ұлы сазгердің 150 жылдық мерейтойына қатысушылар Көкшетау қаласынан бірнеше автобуспен келіп, зиярат еткені есімізде. Өкінішке қарай, Ақан сері мазарын орнатуға аянбай атсалысқан Жақсыбай Төрегелдин бұл мерейтойға қатыса алған жоқ, ол 1991 жылы кенеттен қайтыс болған. Кеңес заманында Ақан серінің мазарына жұртқа жарияламай келіп зиярат етушілердің ішінде Әбіш Кекілбаев, Кәкімбек Салықов сынды көрнекті қайраткерлер болған және көпшілігі Төрегелдиндер отбасының дастарқанынан дәм татқан.

Ұлы сазгерге қатысты көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе де бар, ол – Ақан сері ауылының тағдыры. 1993 жылы тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтарға қарамастан, Ақан сері Қорамсаұлының республика деңгейінде атап өтілген бір жарым ғасырлық мерейтойына орай аталған ауылда заманауи үлгідегі 70 жеке тұрғын үй салынған болатын. Әр үйге су, жарық, жылу беріліп, тұрмысқа қолайлы жағдай жасалған. Мектеп, Мәдениет үйі де бой көтерген. Ауыл төріне Ақан серінің ескерткіші қойылған. Өкінішке қарай, арада бірнеше жыл өткенде сәулеті мен дәулеті келіскен ауылдың тоз-тозы шықты. Екі қолына бір күрек таппаған тұрғындардың көбі жұмыс іздеп, жан-жаққа көшіп кетті. Бірінен соң бірі ауысып жатқан аудан әкімдерінің ешқайсысы ұлы сазгер ауылын қайта өркендету қамын ойлап, пәрменді шара қолданған жоқ. Қасиетті елді мекенге қандастар мен оңтүстіктен қоныс аударушыларды орналастырып, олардың кәсіппен айналысуына көмектесу жөніндегі ұсыныс та әлі күнге ескерілер емес.

Тағы бір айта кететін жайт, кеше­гі Көк­шетау облысы тұсында Ақан серіні айрықша ардақ тұтатын бабасы санаған Ақмола облысының қазіргі орталығының зиялы қауымы ұлы сазгерден ешқашан бас тарт­қан емес. Оның есімі Көкшетау қаласының бір көшесіне және жоғары мәдениет колледжіне берілген. Қала орталығында орнатылған Ақан ескерткішіне қоса, ұлы сазгердің 175 жылдығы қарсаңында жоғары мәдениет колледжінің алдында оның ескерткіш мүсіні қойылған. Ақан серіні осылайша ұлықтап отырған көкшетаулықтардың ресми делегациясы ұлы сазгердің биылғы мерейтойына шақырылмай қалғаны орынды реніш тудырды. Соны естіген Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Тұралинов қана бір топ көкшетаулық ардагерді мерейтойға өзі шақырып, қонақ етті. Солтүстік Қазақстан облы­сының басшылығы алдағы уақыт­та осы мәселені де ескерер бол­са, көршілес екі өңірдің мәдени-руха­ни байланысы нығая түсері даусыз.

Келесі бір ойланарлық жайт – бес жылда бір келетін мерейтой сайын Ақан серіге арналған республикалық ақындар айтысын өткізгеннен гөрі оның музыкалық бай мұрасын насихаттауға арналған дәстүрлі әндерді орындаушылардың республикалық фестивалін ұйымдас­тырған жөн сияқты. Себебі «Сырым­бет», «Қараторғай», «Балқадиша», «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжен­дет», «Сырғақты» сияқты елуге жуық ғажап әні қазақ мәдениетінің алтын қорына енген Ақан сері бабамыз ұлттық өнеріміздің тарихында, ең алдымен, ұлы сазгер ретінде қалғаны анық.