Қоғам • 25 Қыркүйек, 2023

Жасөспірімдер архивпен танысты

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұйымдастыруымен биыл екінші рет «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында еліміздегі барлық мемлекеттік архивтер мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталықтарында ашық есік күні өтті. Мәдени іс-шараға 15 мыңнан астам жасөспірім қатысты.

Жасөспірімдер архивпен танысты

Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 223 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Оның ішінде 5-еуі республикалық. Атап айтқанда: Ұлттық архиві, Орталық мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві және Қол­жаз­балар мен сирек кітаптар ұлттық орта­лығы.

«Жоғарыдағы жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты ата-бабаларының тарихы һәм салт-дәстүрімен таныстырып, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімін ояту және ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарына ынталандыру, архивтік құ­жаттар мен архив саласының тарихи маңызын сезіндіру. Өйткені архив дерек сақтаушы мекеме ретінде елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өткен, қазіргі және бола­шақ көкжиектерін байланыстыратын плат­форма», дейді Архив, құжаттама және кітап ісі ко­митетінің басқарма басшысы Ибраим Бабаев.

Іс-шара аясында тақырыптық фотоқұ­жат­тық экспозициялар мен көрмелер, экскурсия­лар, шығармашылық кездесулер және сирек кітаптарды реставрациялау жұмыстары, шеберлік сабақтары өткізіліп, архив жүйесі мамандарының қызмет көрсету және ғылыми зерттеу жұ­мы­сын жүргізу ісі насихатталды. Соны­мен қатар жас көрер­менге архив ісін бірыңғай жетілдіру, қо­ғамдық ақпарат көз­­дерінің ықпалын арттыру жолы әрі орта­лықтандырылған дерек­кө­зін пайдалану әрекеті сияқты заманауи жұмыстар та­ныс­тырылды.

Ашық есік күнінің табысты өтуіне – бел­гілі ғалымдар мен архив саласының мамандары атсалысып, жасөспірімдерге архивтік құжаттарды сақтау, реставрация жасау, көне кітаптар мен қолжазбаларды аудару, құндылығын анықтау бойынша дәрістер өткізді.