Тарих • 21 Қыркүйек, 2023

Амангелдінің айрықша суреті

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мына сурет биыл туғаны 150 жыл толып отырған халық батыры, 1916 жылғы Торғай ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Аман­гелді Имановқа қатысты салынған екен. Оған дәлел – суреттің астың­ғы жағында латын әріптерімен «Тор­ғайдың әскери комиссары халық батыры Амангелді» деген жазу тұрса, жақша ішінде «Қастеев картинасынан» деген сілтеме беріліпті.

Амангелдінің айрықша суреті

Бұл сурет ұлт-азаттық қозғалыстың 20 жылдығына орай 1936 жылы латын графикасымен жарық көрген «Аманкелді Иманов» атты шағын жинақта жарияланыпты. Кітаптың авторы – С.Брайнин, жауапты редакторы – Утемисов делініпті.

Шындығында, бұл кітап әуелі «Аман­гельды Иманов» деген атпен орыс тілінде «Казкрайогиз» баспасынан жарық көріп, жедел түрде қазақшаға аударылған кө­рінеді. Өйткені кітап авторы Соломон Хаймович Брайнин – орысша жазатын адам. Бұл кісіні қазіргі алаштанушылар 1935 жылы жарық көрген (Ш.Шафирамен бірігіп жазған) «Очерки по истории Алаш­орды» атты еңбегі арқылы біледі.

Бұл суретті Әбілхан Қастеев қа­лай салды дегенге тоқталсақ, кеңес бил­і­гі­нің алғашқы жылдары КСРО басшысы И.Сталин арнайы тапсырма беріп х­алық­ты патриоттық рухқа тәрбиелей­тін қа­һармандар тізімін жасатқан. Бұл тізім­­де қазақ халқы атынан Амангелді Иманов болған. Осы тұлғаларды дәріптеу бұқара­лық сипат алған. Сөйтіп, халық батыры Амангелдінің портретін жасау жас суретші Әбілхан Қастеевке жүктеледі. Суретші жұмысты ойдағыдай атқарып шығу үшін көп ізденеді.

Ә.Қастеев 1936 жылы салған алғашқы суреттен бастап батырдың бейнесін 1950 жылға дейін әрқилы кейіпте төрт дүркін салып шығады. Суретші 1960 жылы жарық көрген «Білім және еңбек» журналын­дағы мақаласында: «Мен батырдың бей­несін іздегенде екі түрлі тарихи мате­риалдарға сүйендім. Оның біріншісі – доку­менттік (архивтік) материалдар. Онда Амангелдінің суреттері болмағанымен, өзі құрған отряды, жүр­гізген жұмыстары туралы деректер жазылған. Сондай деректер жұмысымды толық түсініп алуға қажет болды. Екіншісі – батыр туралы халық аузындағы аңыз-әңгімелер. Олар Амангелдіге байланысты оқиғаларды, оның түр-сипатын, келбетін, іс-әрекетін, мінез-құлқын қол­мен қойғандай етіп айтатын. Осындай мате­риалдарды мол зерттей келіп, дұрыс түйін­дегенде іздеген бейнең ойдағыдай шыға­тынын байқадым», деп жазыпты.