Ғылым • 14 Қыркүйек, 2023

Биологиялық сын-қатерлерге жауап

297 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамзатты жұқпалы вирустардан сақтау әлем елдеріне жаңа міндеттер жүктеп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, адамзатқа қауіп төндірген, экономикалық, әлеуметтік жағдайын тұралатқан COVID-19 пандемиясының патогенезі академиялық қауымдастықтар үшін әлі күнге жұмбақ. Олар қауіп-қатер туғызатын вирустар осыдан жүздеген жыл бойы өзекті болғанын, технологиялар ғасыры вирустардың жаңа түрлерін анықтап, алдын алу жолдарын қарастыруы қажет екенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, COVID-19 әсіресе Таяу Шығыс, Азия мен Еуропа елдерінде өршіп отырғаны байқалады.

Биологиялық сын-қатерлерге жауап

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде республика жұртшылығын аса қауіпті вирустардан сақтау мен ал­дын алу шаралары арнайы заң­мен бекі­тілген. Өткен жылы елімізде «Қазақ­стан Республикасындағы биоло­гия­лық қауіпсіздік» туралы заң қабыл­данып, оны жүзеге асыруға 2022-2024 жылдарға 25,5 млрд теңге қарастырылды.

«Биотехнология және биологиялық қауіпсіздік: жетістіктері мен даму пер­с­пек­тивалары» тақырыбына арналған ха­лықаралық ғылыми конференция­да дүниежүзінің бірқатар елінен жи­налған ғалымдар адамзатқа қауіпті вирус­тарды анықтау мен алдын алуға не­гізделген ортақ мәселелерді тал­қылады. Атап айтқанда, медицина, ве­теринария және ауыл шаруа­шы­лы­ғында туындайтын жаңа вирус­тар, олармен күрес жолдары қарас­ты­рылды. Конференция барысында Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті, биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закарья ел ға­лымдарының биотехнология сала­сын­дағы, оның ішінде Биологиялық қауіпсіздік проб­лемаларының ғылыми зерттеу инс­титутының жетістіктерімен бөлісті. Бүгінде аталған институтта био­ло­­гиялық қауіпсіздік мәселелерін то­лыққанды шеше алатын ғылыми-өн­дірістік кластер жолға қойылған.

– Ғалымдар COVID-19 пандемиясы кезінде инновациялардың заманауи мүмкіндіктеріне иек артып, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне үл­кен үмітпен қарағаны анық. Ел үшін қиын кезеңде Президент тапсырмасына сәйкес әсіресе биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылыми зерттеулердің дамуына, кадрлық әлеуетті нығайтуға және ғалымдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды. Нә­ти­жесінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу инс­титуты базасында GMP стандарты бо­йынша иммунобиологиялық препараттарды шығару үшін Қазақстанда және Орталық Азияда «OtarBioPharm» толық циклді биофармацевтикалық зауыты салынып, пайдалануға берілді. Көптеген ғалымның күмәніне қарамастан, QazVac COVID-19 вакцинасы жасалды. Осы кезге дейін QazVac вакцинасының 5 млн-нан астам дозасы өндіріске шық­ты. COVID-19 пандемиясы кезінде биоло­гиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғылыми зерттеулердің, инновациялар мен са­раптамалық білімнің, жұқпалы ауруларды диагностикалаудың, алдын алудың маңызды бөлігіне айналды. Осылайша, пандемияның ең қиын кезеңінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әзірлеу жөніндегі маңызды мін­детті ел ғалымдары ойдағыдай атқар­ды. Қазақстан ғалымдарының адам денсаулығы, қорша­ған ортаны аса қауіп­ті вирустардан қорғауға қатысты зерттеу­лері қашан да әлемдік ғылыми қауым­дастықтың назарында. COVID-19 вирусына қарсы вакцина шығарған алғаш­қы 6 елдің бірі ретінде таныла оты­рып, Биологиялық қауіпсіздік пробле­маларының ғылыми зерттеу инсти­­туты ғалымдарының табанды зерт­теу­лерінің нәтижесінде әзірленген вак­ци­на халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын да айта кеткен абзал. Инс­титут ғалымдары осы 65 жылдық тарихында іргелі және қолданбалы зерттеу­лер жүргізе отырып, аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналар мен тест-жүйелерінің 70 түрін әзірледі. Қа­зіргі уақытта институт биологиялық қа­уіпсіздік, вирусология, биотехноло­гия, гендік инженерия, микробиология, молекулалық биология және фитопатология салаларында жоғары білікті мамандарды даярлау жөніндегі бірегей орталық болып саналады. Бүгін­де биотехнологиялар саласындағы жетек­ші ма­мандардың ұстанаханасынан білікті мамандар тәрбиеленіп, олардың бірқатары еліміздегі ірі орталықтарда басшылық қыз­метте отыр, – деп атап өтті Күнсұлу Закарья.

Институттың егемендік жылдары­на дейінгі және қазіргі кезеңдегі жетіс­тіктерінде білікті мамандардың қосқан үлесі жоғары. «Қазбиофарм» ұлттық холдингінің бас директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Әбдірайымов әсіресе кейінгі кезеңде әзірленген ғылыми-техникалық жобалардың әлеуеті зор екенін алға тартты.

– Осы уақыт ішінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында 27 ғылы­ми-техникалық бағдарлама, 39 ғылыми жоба және 33 халықаралық грант жү­зеге асырылып, оның шеңберінде ауыл шаруашылығы және жабайы жа­нуар­лардың – 34, құстардың – 7, адамға қа­тысты 4 инфекциясы және өсім­дік­тер­дің 18 инфекциясы зерделен­ді. Инс­ти­тутта ғылыми зерттеу жұмыста­ры­­мен бірге өнімді өндіру мен сатуға дейін­гі ғылыми-техникалық және өнді­ріс­тік инфрақұрылым жүйеленген. Ғалым­дар 124 биологиялық препарат, оның ішінде денсаулық сақтау саласына – 4, ветеринарияға – 63, ветеринария мен денсаулық сақтауға арналған бактерио­фагтер негізінде 6 препарат техноло­гиясын әзірледі. Вирустарды, саңы­рауқұлақтарды, бактерияларды және басқа микроорганизмдерді зерттеу бойын­ша ірі ғылыми орталыққа айна­лып қана қоймай, өнімдері медицинада, ауыл шаруашылығында және өнер­кәсіпте нәтижесін беріп келеді. Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің вакцина өндірушілер тобына енген институт болашақта ғылымды қажет­сінетін отандық өнім өндіру көрсет­кіштерін көбейту жоспарланып отыр, – деді Ерғали Әбдірайымов.

2021 жылы Президент тапсырмасы­мен салынған «OtarBioPharm» биофарма­цевтикалық зауыты жылына 60 млн доза өнім шығарады. Алдағы уақытта им­му­но­биологиялық препараттардың 10-нан ас­там түрін өндіру жоспарланып отыр. Иммунобиологиялық препараттар­ды (вакциналарды) шығару бойынша то­лық циклді кәсіпорын өнімдері GMP талаптарына сәйкестендірілген. Оларды өндіру мен сапасын қамтамасыз ете отырып, денсаулық сақтау және ауыл шаруа­­шылығы үшін аса қажет, шетел­дік аналог­тарынан кем түспейтін профи­лакти­калық және диагностикалық препа­­раттар жүйесі де жолға қойылған. Өнім­­дер­дің тиімділігі мен халықаралық стан­­­дарт­тар үдесінен шығуы еліміздің экс­порт­­­тық әлеуетін арттыруға да ықпал ете түседі.

Биологиялық қауіпсіздік проблемала­рының ғылыми зерттеу институтының директоры Аслан Керімбаев атап өткен­дей, ғалымдар әлемдік деңгейдегі же­тіс­тік­терді басшылыққа ала отырып, молекулярлы биология, гендік инже­не­рия, биотехнология саласында бәсе­ке­ге қабілетті технологиялар мен диаг­нос­тикалық және вакциналық препараттарды әзірлеуде заманауи әдістерді қолданып келеді. Олардың жетістіктері халықаралық ғылыми журналдарда көрініс тауып қана қоймай, әлемдік ортақ мәселелердің шешу жолдарын ұсынуымен ерекшеленеді. Бүгінде институтта 10-нан астам ғылыми зерттеу зертханасы жұмыс істейді.

Кейінгі жылдары ғалымдарды транс­ше­кара­лық қауіп-қатерлер алаңда­тып отыр. Осы тұрғыдан алғанда экономика­лық ынтымақтастық келісімшарттар аясын­дағы тауар алмасумен қатар құс­тар, жан-жануарлар арқылы келетін көпте­ген ви­рус түрін анықтап, олармен күрес­те ортақ ғылым нәтижелерге сүйену қажет­тігін көрсетеді. Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Рысбек Нұр­ға­зиев, Көкшетау облысы «Атамекен-Агро» компаниясының өкілі Алексей Моргу­нов халықаралық жобалардың ауыл шаруа­шы­лығы үшін маңызды екенін алға тартса, Түр­кия, Ресей, Америкадан келген ғалым­дар трансшекаралық вирустар­ды анықтау жолдарына қатысты тәжірибе­лерімен бөлісті. Ал еліміздің Денсау­лық сақтау, Ауыл шаруашылығы министрлік­те­рінің, Алматы қаласы санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау департаментінің өкілдері институт ғалымдарының қауіпті әрі аса қауіпті, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жобаларының, құс, шошқа тұмауы, туберкулез, бруцеллёз, тағы да басқа ауруға қарсы препараттары жоғары сапасымен ғана ерекшеленіп қоймай, Ресей, Орталық Азия елдері тәжірибесінде тиімді қолданылып отыр­ғанын жеткізді.

 

АЛМАТЫ