Инфляция • 11 Қыркүйек, 2023

Қатаң ақша-несие саясаты жалғаса ма?

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім қабылданатын уақытқа дейін әлі біраз бар. Дегенмен Ұлттық банк төрағасының ауысуы осыған дейін қолданылып келген ақша-несие саясатына өзгеріс енгізетін сыңайлы. Қазір базалық мөлшерлеме – 16,50 пайыз, инфляция деңгейі – 13,1 пайыз. Жыл басымен салыстырғанда біршама төмендеді. Бірақ «солай екен деп базалық мөлшерлемені төмендетіп жіберсек, қайтадан ауыр инфляция қыспағында қалмаймыз ба?», деген сауал туады. Енді бір сарапшылар мөлшерлемені дәл бұлай ұстап отырудың қисыны жоқ, халыққа да, бизнеске де қымбат кредит қол жеткізбей тұр дейді.

Қатаң ақша-несие саясаты жалғаса ма?

Инфляция, яғни баға өсімінің баяулауы жалғасып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұған ең бірінші кезекте сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі себеп. Азық-түлік пен энергия тасы­мал­д­ау­шылардың әлемдік бағасы қатты қымбаттау шегіне жеткен 2022 жыл­дың ортасынан бастап төмендеп келе жатыр. Бұл жағдай Қазақстандағы баға дең­гейін ұстауға әсер етті.

Екіншіден, төл валюта нығайды. Жыл басынан бері долларға қатысты теңге бағамы 5 пайызға күшейді. Бұл да инфляцияның баяулауына үлес қосты. Үшінші себеп – Үкіметтің араласуы дейді сарапшылар. Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін төмендету және бақылау бойынша кешенді жоспарды қабылдаған еді. Баға өсімін тежеуге бұл да септесті.

Ұлттық банк биыл инфляция 10-12 пайызға дейін баяулайды деп күте­ді. Алайда болжам тәуекелі ешқа­шан тысқары қалған емес. Өйткені Украина­­дағы шиеленістің қалай өзгерерін, батыс санкцияларының қандай зардабы боларын ешкім де тап басып айта алмайды. Оның үстіне соңғы күн­дері Әзербайжан мен Армения да өз шекарасына әскер топтастыра бастады. Әсіресе, Әзербайжанның біз үшін альтернативті логистикалық бағыт және стратегиялық әріптес ретіндегі маңы­зына назар аударар болсақ, екі ел ара­сын­дағы соғыс өртінің тұтануы елдегі эконо­микалық ахуалды қиындата түспек. Мұндай тәуе­келдер экономикалық өсім­нен бас­тап қымбатшылыққа дейінгі ара­лықта күтпеген қиындық туғызып, жағ­дай­ды басқа қырына аунатып жіберуі бек ықтимал.

Бірқатар эксперттер базалық мөлшер­ле­менің төмендеуі елдің экономикалық өсіміне оң әсер етеді деп санайды. Яғни мөлшерлемесі төмендесе кредиттікі де төмен түседі. Бұл өз кезегінде компаниялар мен кәсіпкерлерді ынталандырып, өз кәсіптерін кеңейту жолында артық инвес­тиция тартуға жол ашуы мүмкін. Бірақ мұның екінші қыры – депозиттер бойынша да мөлшерлемелер төмендейді және салымшылардың салым қаражатының түсімі азаяды. Былай айтқанда, жинап отырған депозиттен табыс табу әжептәуір азайып қалады.

Экономикалық зерттеулер институ­ты­ның аға сарапшысы Тоқтасын Бақ­бер­геннің айтуынша, кейінгі жылдары ел тұрғындарының материалдық жағ­дайы өте нашарлап кеткен. Ал жан басына шаққандағы кіріс көлемі орташа дең­гей­ден төмен халық үлесі 90 пайызға жеткен.

«Ұлттық банк баяндамасында соңғы екі жылдағы инфляцияның үдеуі аясында халықтың нақты табысының азаюы­на назар аударылады. 2023 жылдың екін­ші тоқсанында инфляцияның баяу­лауы және номиналды табыстың өсуі фонында нақты табыс өсім аймағына оралды. Алайда 2010 жылдан 2021 жылға дейін халықтың ақшалай кірісі құрылымындағы жалақы үлесінің үз­дік­сіз төмендеуі байқалды. Мұндай үрдіс белсенді бюджеттік саясат салдарынан жоғарылаған трансферттерден түскен табыстың ұлғаюынан анық аңғарылды. 2013-2020 жылдар аралығында бол­ған әлеуметтік трансферттерге жұм­сал­ған бюджет шығынының өсімі экономикадағы ең­бек­ақы төлеу қо­рының өсімінен де асып түсті», дейді сарапшы.

Ол келтірген деректерге мән берсек, 2022 жылы халықтың жан басына шақ­қандағы орташа табысы айына 154 мың теңге болған. Бұл ретте медианды табыс көлемі 2,5 есе төмен және 63 мың теңгеге тең. 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы дерек бойынша, халықтың 90 пайызында жан басына шаққандағы табыс айына 151 мың теңгеден аспайды. Қазақстан халқы табысының төрттен бірі (24,3 пайызы) елдегі ең жақсы қамтылған адамдарға тиесілі.

Мемлекет экономикалық түйткілдерді тарқатып, әлеуметтік міндеттерді атқару­да және жаңа инфрақұрылымдық жоба­ларды жүзеге асыруда Ұлттық қор қара­жа­тына мұқтаж. Жоғары инфляция да халықтың төлем қабілетін күн санап кемі­тіп бара жатыр. Әрине, мұндай жағдайда Пре­зидент қойып отырған инфляцияны 5 пайыздық деңгейге дейін төмендету міндетінің орындалуы біршама қиынға соқпақ.