Медицина • 08 Қыркүйек, 2023

Медицина маманы сұранысқа сай болса...

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана медицина университетінің басшылығы білікті маман даярлау ісіне жаңашылдық енгізуге ықылас танытып отыр. Университетте «XXI ғасыр академия­сы: медициналық білім берудің, ғылым және практиканың алғы шебінде» атты халықаралық саммиті сөзімізге айқын дәлел.

Медицина маманы сұранысқа сай болса...

Саммитті ұйымдастыруға бірне­ше жылдан бері университеттің стратегия­лық серіктесі болып келе жатқан «Ариэль университетінің» де басшылығы мүдделі болған. Бұл екі университет арасындағы байланыстың берік екендігін ұқтырады. Мысалы, биыл Астанада Израиль мен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйе­лерін салыстырмалы талдау бойынша халықаралық курс өткен. Онда білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды әзірлеу мәселелері талқыланып, мамандар тәжірибе алмасқан. Осы жолы саммиттің өтуіне Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсеткен.  Сам­мит­ке Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Израильдің Қа­зақ­стан Республикасындағы жә­не Қыр­­ғыз Республикасындағы ел­шісі Эд­вин Натан ябо Глусман, «QazInnovations» инновацияларды дамы­­­ту жөніндегі ұлттық агенттіктің және Ғылым қорының басшылары, медици­на­лық университеттердің ректорлары, декандар, ғалымдар қатысты. Сондай-ақ Чехия, Қытай, Жапония, Оң­түстік Корея, Литва, Өзбекстан, Әзірбай­жан және басқа елдердің сарапшылары, профессорлары және «Ариэль университетінінен» қонақтар келді.

Саммитте Астана медицина универ­си­тетінің ректоры Камалжан Надыров медицина мамандарын даярлау ісіндегі жаңашылдықтар турасында орамды ой айтты.

– Университет тек білім алып, кәсіби машықтарды игерумен шектеле­тін орын емес. Кейінгі жылдары жоғары оқу орындарында зерттеу, кәсіпкер­лік, цифрлық университеттер моделі бойын­­ша даму векторы белсенді тал­қы­ла­нуда. Қазір университеттердің мем­­ле­кет пен қоғамдағы әлеуметтік және эко­номикалық мәселелерді шешуге ба­ғытталған үшінші миссиясы туралы кеңінен айтылып жүр. Қа­зіргі уни­верситеттің даму парадигмасы үнемі өзгеріп отырады. Оны бар­лы­­ғы­мыз біліп, көріп отырмыз. Оқу бағ­­дар­ламалары мейлінше ғылыми ізде­ніс­терге негізделуде. Медицина бір орын­да тұрмайды. Бұрын өлім-жітім деректері жиі анықталатын аурулардың емі табылып жатыр. Мұның барлығы, әрине, ғылыми зерттеулердің жетістігі деп білеміз. Келешекте университеттер студенттердің осы қабілетін шыңдауға ден қояды деп ойлаймыз. Сонымен қатар студенттерді кейінгі кездері пайда болып жатқан жаңа мамандықтарға ер­терек дайын­дауымыз керек. Мұндай маман­дықтар салада баршылық, – деді ректор. 

Ізінше, ректор Астана медицина уни­верси­тетінің саладағы мәселелерге қатысты ұсыныстар әзірлеп, жаңа бас­тамалар қалыптастыруға, идея алмасып ынты­мақтастықты нығайту мақ­сатында меди­цинадағы білім, ғылым мен практикаға қатысты ұсыныстарды талқылау маңыз­ды екенін еске салды. Бұл ретте шетел­дік қонақтар медицинаға кейінгі жылдарда енгізілген өзгерістерге сай маман даярлау идеясын қуаттады. Сосын өндіріспен байланыс орнатудың маңызы туралы ой қозғады. Саммит бағдар­ламасында пленарлық және па­нель­дік пікірталас, ректорлар форумы, де­кандар форумы, медициналық технология­ларды жаһандық нарықтарға шығару­ға арналған MedTech панельдік сессиясы бар. Осы сессияларға қатыса­тын мамандар фармацевтика саласын дамытуға байланысты мәселелерді де талқылайды. Себебі медицинаның бар­лық саласында білімді де білікті мамандар еңбек етуі керек. Бір сөзбен айтқанда, саммитке келген қонақтар үш күн медицина ғылымы мен білім берудегі соңғы үрдістерді, жетістіктерді талқылайды. Білім беру ісін одан әрі дамыту жолын ұсынады.