Жәдігер • 07 Қыркүйек, 2023

Талды ханзадасы

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдары та­былған құн­ды қазы­на­мыздың бірі – Тал­ды хан­задасы. 2009-2010 жыл­­дары археолог Ар­ман Бей­­сеновтің жетекші­лігі­мен Қарағанды облысы Қар­қаралы ауданы орталы­ғы­нан 44 шақырым қашықта орна­ласқан обаға қазба жұ­мыс­тары жүргізілді. Өңірде бір-біріне жалғасып жатқан жеті қорған-оба тізбегі Талды өзені аңғарын көлбей қоныс теп­кендіктен ғылыми тілде «Тал­ды қорғандары» деген атау­ға ие.

Талды ханзадасы

Арқа өңіріне тән ежелгі ке­зең тарихын зерттеуші Игорь Кукуш­киннің пікіріне жүгінсек, мұндағы қорғандар тізбегі Алтын Орда заманынан бастап, қола дәуірді қамтитын нысандар көрінеді. Сондықтан да шығар, археологтер Талды – 2 қо­рымының №2 обасын ж.с.д. VІІ ғасыр үлесіне жатқызса, іргелес тұрған №5 обаға ж.с.д. VІ ғасыр деген анықтама бе­ріпті.

Қорымға қазба жұмыстарын жүр­гізу нәтижесінде, 200-ге жуық ірі ал­тын бұйым, 22 мыңнан астам ұсақ бұйым табылған. Мамандар бар­лық оба ерте кезде тоналғанын айтады. Десек те, көпшілік назарын аударған дүние – №5 обада жерлеген 30-35 жастағы ер адам мен № 2 обадан табылған 50-55 жастағы әйелдің мүрдесі. Антрополог Айнагүл Исмағұлова бұл адамдарда аз­даған моңғолоид қоспасы бар, еуропалық нәсіл екенін айтады.

Экспедиция жетекшісі, архео­лог Арман Бейсенов «қорымнан та­былған сақ жауынгері алтын киім­мен жерленгендіктен бұл да кезекті «алтын адам» ретінде танылуы тиіс. Екіншіден, бұл пенде әрі билеуші әрі жауынгер болған сыңайлы» деген жорамал айтады.

Өйткені адамның кеудесі то­лықтай алтынмен апталған. Соны­мен қатар аталған қорған ішінен 130 дана дара алтын бұ­йым, сонымен қатар алтыннан жасалған көп­теген інжу-маржандар мен қабыр­шақтар, қоладан жасалған 14 жебе, тас моншақтар табылса, алтын бұйым­дар арасында мысықтектес жырт­­қыштың шебер мүсіндері, садақ оқтарын салып, белде тағып жү­руге арналған оқшантай қорамсақ, сыр­ғалар, алқалар, т.б. бұйымдар анық­талған.

Талды ханзадасының ғылыми жаңғыртпасын жасаған археолог Арман Бей­сенов пен реставратор Қырым Ал­тын­беков, Тасмола мәдение­тінің ескерткіштерінен алынған киім элементтерін қолдана отырып, Тыба жерінде ашылған Аржан-2 қоры­мынан алынған деректерді пайдаланыпты. Нәтижесінде, алтын жапсырмалы қысқа күртеше киген, конус тәрізді аласа бас киімі бар, шалбарлы, мүсіннің тұла бойы аң стилінде жасалған алтын бұйым­дармен әше­кейленген, жауын­герлік биік мәртебесін әйгі­лейтін, мойыналқалы, бел­дігіне қос қанжар асынып, арғы­мақ жетелеген «Талды ханзадасын» мүсіндеп шығыпты.