Партия • 05 Қыркүйек, 2023

Тапсырма тиянақты орындалуға тиіс

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына партия активімен кеңес өткізді.

Тапсырма тиянақты орындалуға тиіс

Жиынды ашқан партия төрағасы Жолдау Мемлекет басшы­сының елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформа­ларының жалғасы екенін және оны тарихи құжат деп атауға болатынын атап өтті.

«Жолдауда экономикалық дамуымыздың таяу жылдардағы эволюциясы айқындалды. Өте ауқымды, нақты әрі кешенді іс-шаралар жоспарланып отыр. Сонымен қатар Жолдауда жұрт­­шылықты алаңдатып, тол­ған­тып отырған басқа да өзек­ті мәселелер толыққанды қам­тылды. Сондықтан партия­мыз үшін бұл Жолдау – страте­гия­лық маңызды құжат. Ен­дігі кезекте алдымызда Мем­лекет басшысының жаңа эконо­ми­калық саясатына қолдау көр­сетіп, оның сапалы орында­луын қамтамасыз ету мақсаты тұр. «Amanat» партиясы осы мақсатты жүзеге асырудың алғы шебінде болуға тиіс», деді ол.

Ерлан Қошанов партиялық­тарды Жолдауды жүзеге асыру үшін бүкіл қоғамның күш-жі­герін жұмылдыруға шақырды. Ол Жолдауда Мемлекет басшысы су мен газ тапшылығы, инф­рақұрылымның тозуы, отан­дық кәсіпорындарға қолдау­дың жеткіліксіздігі, өндірісті дамыту үшін ұзақмерзімді қар­жылай қолдаудың болмауы, агроөнеркәсіп секторының проблемалары сияқты еліміздегі бір­қатар өзекті мәселені қам­тығанын баса айтты.

«Осы мәселелердің барлығы да жұртшылық тарапынан талай рет көтерілді. Біз партияның барлық деңгейдегі депутаттары арқылы да, партиялық жобаларымыз арқылы да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Айта­лық, өткен жылы «Жер амана­ты» жобасы аясында 5 млн гек­тар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, шаруаларға қайта бөлінді. «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылып, оның аясында өз ісін ашуға 2,5 пайыз жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Президент бұл жобаның қажет екенін атап өтіп, жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясын ынталандыруды тапсырды», деді Ерлан Қошанов. Сон­дай-ақ партия төрағасы Мем­лекет басшысының ха­лық­тың қаржылық сауатын арт­тыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын қолдағанын ерекше атап өтті. Енді «Amanat» осы жобаны Үкі­метпен бірге бүкіл ел аума­ғында кеңейтіп, сапалы іске асырумен айналысады.

Ерлан Қошанов партияға қолданыстағы заңнамалар­­ды жетілдіру, жаңа экономи­ка­лық сая­сатты іске асыруға бағыт­талған жаңа реттеуші құралдарды құру жөніндегі ұсыныстарды дайындауға атсалысуды тапсырды. «Өнеркәсіптік саясат, сауда, кәсіпкерлік саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қа­жет. Бүгінгі таңда салық жә­не бюджет заңнамасы партия алаң­дарында қызу талқыланып жатыр. Ғылым мен инновация, цифрландыру және ақпараттық технологияларды дамыту саласында қосымша реттеуші құралдарды әзірлеу қажет. Пре­зиденттің бастамаларын заң­на­малық тұрғыда қолдау – Мә­жі­лістегі біздің фракцияның мін­деті», деді партия төрағасы.

Іс-шара барысында Мәжіліс­тің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Мақсат Толықбай, партия­ның Шығыс Қазақстан облысын­дағы филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова мен Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров сөз сөйледі.

Жиын соңында Ерлан Қошанов партияның Орталық аппа­раты мен өңірлік филиал­дарының алдына бірқатар нақты міндет қойды. Атап айт­қан­да, Жолдаудың негізгі бағыт­тары орталық және облыстық деңгейлердегі «Talqylau» және «Bir Tolqynda» диалог алаңдары аясында талқыланады. Партия кеңестері өз ұсыныстарын да­йындауы қажет. Сондай-ақ ол Жолдауда жүктелген міндет­тердің орындалуына барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясы мүшелерінің бір кісідей жұмылып, қатысуын тапсырды.