Денсаулық • 04 Қыркүйек, 2023

Обырға шалдыққанға шұғыл шешім мен көмек керек

207 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірдегі медициналық ұйымдар онкологиялық ауруларды мейлінше ерте сатыда анықтауға тырысса, Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеп-жазуға күш салады. Үйлесімді жұмыстың нәтижесінде «аты жаман аурудан» аман қалған науқас көп.

Обырға шалдыққанға шұғыл шешім мен көмек керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Онкология орталығын ашу туралы шешім қабылданған тұс­та мекемені жаңа үлгідегі тех­нологиялармен жабдықтап, бі­лікті мамандарды тарту мә­селесі күн тәртібінде тұрды. Осын­­дай кезеңде Алматыдағы А.Сызғанов атындағы хирургия орталығын басқарған медицина ғылымдарының докто­ры Тоқан Сұлтанәлиев орталық­тың басшылығына келді. Ұлттық ғы­лыми онкология орталығын кейін басқарған профессор-дәрігерлер де өз ісін жетік білетін. Міне, содан беріге дейін 14 жыл өте шы­ғыпты. Ендеше, онкология – отандық медицинада кеше пайда болып, бүгін көңіл бөлінген бағыт емес.

– 2013 жылдың маусымында онкология орталығында мәйіттік донордан алғаш рет трансплантация жасалды. Қазір қарап отыр­сам, сын сағатта жылдам әрі дұрыс шешім қабылдаппыз. Мәйіт­тік донордың бауыры, екі бүй­регі мен жүрегі 4 адамға өмір сыйлады. Төрт ағза төрт ауруханаға жөнелтілді. Біз до­нордың көмегімен хал үстінде жат­қан екінші науқастың бауырын ауыстырдық. Айта кетерлігі, ол операцияға шетелдіктер кел­меді. Негізі ағзада өңеш ішіндегі көктамырлар бауырдан өтеді. Ал пациенттің бауыры цирроз бол­ған соң тамырлар ұлғайып, қан қы­сымы жоғарылағанда бірнеше рет жарылған. Мәйіттік донордан алған бауырды 10 сағаттан артық сақтай алмайтынымыз тағы бар. Ал дерті асқынған науқасты ем­деудің трансплантациядан бас­қа тәсілі жоқ. Алғашқы транс­плантацияның сәтті өтуіне 25 ма­ман ниеттес болды. Иә, опе­ра­цияның сәтті шықпауы да мүмкін еді. Алайда біз, сосын өмірге құш­­тар науқас үмітін үзбеді. Қа­зір сол күйеуінен көз жазып қал­­ған әйел, яғни донордың жа­ры трансплантация жасаған әйел­­мен жүздесіп тұрады. Осы­­дан соң трансплантацияға басым­дық беріп, тамызда екінші, қыр­күйекте үшінші науқасқа операция жасадық. Кейін туыс­тық донорға иек арта бастадық, – дей­ді орталықтың хирургия жө­ніндегі бас консультанты Тоқан Анарбекұлы.

Операцияға дейін Т.Сұлтан­әлиев АҚШ, Корея, Беларуське барып бауыр трансплантациясы бойынша тәжірибе жинаған. Себебі операция кезінде қандай кедергі туындайтынын бол­жап білу қиын. Қайта тәжірибелі дәрігердің арқасында аман қал­ған науқастардың көрер жарығы бар екен. Тоқан Сұлтанәлиев Алматыдағы медициналық инс­ти­тутта, кейін 1976 жылы Мәс­кеудегі медицина академиясында аспирантурада оқыған. Алты жылдан соң Мәскеуде докторлық диссертация қорғап, Алматы мем­лекеттік дәрігерлердің білі­мін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі, профессор, ректоры болған. Сол шаңырақта 29 жыл еңбек етіп, Алматыдағы А.Сызғанов атындағы хирургия орталығында төрт жыл дирек­тор болыпты. 2009 жылдан бе­рі он­кологиялық ауруларды ем­дей­тін орталықта еңбек ететін Т.Сұл­танәлиев науқастарды емдеумен қатар шәкірт тәрбиелеуге де көңіл бөліп келеді.

Елде мәйіттік донордың тап­шылығына байланысты орталық мамандары туыстық донор­дың көмегіне көбірек жүгінетін бол­ған. Мұндай операцияларда до­­нор мен науқас жіті тексеруден өтеді. Тақырыпты кеңінен тар­қатсақ, донордан бауырдың бө­лігін алған соң 10-15 күнде бауыр өздігінен 30% өседі екен. Жүрек, бүйрек сынды басқа ағ­залар өспейді. Бауырдың ерекше қасиеті сол, трансплантация кезінде донорда бауырдың жартысынан да аз бөлігі қалады. Се­бебі донордың өзінде бауыр қайта өссе, бауыры ауысқан нау­қаста өспейді десе де болады. Мұндай күрделі операциялар­ға дәрігерлер мейлінше ерте қам­данады. Өйткені қатерлі ісік ор­­наласқан тұсты анықтап, алдын алмаса, ісік метастаз бе­ріп, науқастың ахуалы операция жасауға келмей қалуы да мүм­кін. Орталықтың дәрігерлері шет­елде тәжірибе жинап, ел медицинасына жаңашылдық енгізуден қол үзбейді. Мысалы, трансплантологтер қан орталығымен бір­лесіп қан тобы сай келмейтін пациент пен донорды үш айға жуық арнайы курстардан өткізіп, операция жасауды да меңгерген.

Қатерлі ісік барлық ағзада болуы мүмкін. Тіпті теріден де, сүйектен де анықталатын жағ­дайлар кездеседі. Қиыны, онкологиялық аурулар асқын­ғанда ғана жанға батады. Оған дейін науқас әлсіреп, қажып, тә­беті қашып жүрген шағын шар­­шағанның салдары деп бей­қам жүруі әбден мүмкін. Қа­зір скринингтің көмегімен онк­о­логиялық ауруларды мей­лін­ше ерте анықтауға мүмкін­дік мо­лайған. Қатерлі ісікті емдеу, со­ның ішінде трансплан­тация ел азаматтарына те­гін. Яғни шығынды мемлекет өтеп отыр. Әйтпесе, күр­де­лі операциялардың құнын екі­нің бірі өтей алмайтын еді. Орта­лықтан осы күнге дейін ем ал­ған пациенттің көптігін ес­кер­сек, сала дамып келеді деп айта аламыз. Медицина маман­да­рының жадында болса керек, алғашында, елдің барлық аймағынан онкология орталы­ғын ашу туралы идея ұсынылып­ты. Алайда Тоқан Сұлтанәлиев күр­делі операцияға араласатын орталықтарды елдің әр өңі­рін­де ашқаннан 3-4 орталықтың жұ­­мысын мықтап жетілдірген дұрыс деп санайтынын айтып қалды. Неге десеңіздер, нау­қас­тың трансплантацияға дейін­гі және кейінгі күтімі де жақсы болуы қажет. Ал елдің барлық аймағынан орталық ашуға әуелі қаражат немесе білікті маман жетпей қалуы әбден мүмкін.

Ұлттық онкология орта­лығында еңбек ететін маман­дар­­­дың дені АҚШ, Беларусь, Ко­рея, Үндістан, Түркия, Пәкіс­тан тағы­сын-тағы бірнеше ел­де тәжі­ри­бесін шыңдаған. Орта­лыққа шетелдердің де білікті профессор дәрігерлері келіп, ше­берлік сабағын өткізіп тұрады екен.

– Мәскеуде оқып жүргенде талай жақсы-жайсаңдармен, бел­­ді академик, профессорлармен таныстық. Тәлім алдық. Із­­дендік, шыңдалдық. Қазір өзі­­­­міз де түйген-білгенімізді ізі­­­­міз­ден ерген жастарға шама-шар­­­­қы­мызша айтып отырамыз. Ұс­таздарымыздың күні бізге де туды. Орталықта 2013 жыл­дан бері 70-тен аса пациент­ке ба­уыр трансплантациясы жа­­сал­ды. Яғни мұндай операция­­лар­ды жасаудың әдіс-тәсі­лі біріз­діленді. Осында жүріп жаңа тех­­нологиялық операциялар­ды ен­гізуге үлес қосқанымыз­ға, нау­қас­тарға қолдан келгенше кө­мек көр­сеткенімізге ризамыз, – деп тү­йіндеді Т.Анарбекұлы.