Қоғам • 01 Қыркүйек, 2023

Көлік-логистика саласына серпіліс керек - Мемлекет басшысы

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты бүгінгі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толыққанды көлік-логистика етіп құрылымдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.  

Көлік-логистика саласына серпіліс керек - Мемлекет басшысы

«Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет. Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер», деген Президент олқылықтарды жою үшін  нақты тапсырма жүктеді.

«Жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Президент келешекте Еуразия құрлығында көлік-логистика өрісі бойынша ірі мемлекетке айналу қажет екенін айтты.   

«Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды», деген Президент Көлік министрлігінің аясын кеңейтіп, қайта құрып, жол инфрақұрылымын салу жұмысы осы ведомствоның  еншісіне берілетінін айтты.