Өнім • 01 Қыркүйек, 2023

Жетісу: жабайы сауданың «жәрмеңкесі»

179 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы орталық көшелерде заңсыз саудамен айналысушылар азаяр емес. Бүгінде қала басшысы Ернат Бәзіл сол жабайы сауда жасайтындармен алысып жүр. Жолды бөгеп, кептеліс жасаған ағайынның айтар уәжі – бала-шағаның қамы. Ал әкімдік заңға сүйеніп, шаһардың сәнін бұзуға болмайтынын ескертеді. Тіпті сатушыларға жаңадан жұмыс орнын тауып беруге пейілді.

Жетісу: жабайы сауданың «жәрмеңкесі»

Талдықорғанның Арбаты маңайына үймелеген саудагерден ­ аяқ алып жүргісіз. Құзырлы органдар қу­ға­ны­мен қайта жи­на­лады. Бұлар басқа сауда нүк­те­лерінің қызметіне кедергі кел­ті­ріп қана қоймай, жол бөгеп, кеп­те­ліс туғызып жатыр. Ретсіз ор­на­ласқан жабайы базарларды ретке келтіру үшін әкімдік тара­пы­нан арнайы ұсыныс немесе арнайы жоба болғаны жөн. Се­бе­бі тұрғындар «еріккеннен шық­пай­мыз, күнкөрістің қамы» деп отыр.

«Менің саудамен айналыс­қа­ныма 2-3 жыл болды. Алтын Орда базарынан жеміс-жидек сатып алып, осын­да әкеліп сау­далаймын. Мен тұрған орын Қарағаш сау­да орталығына тие­сі­лі. Оларға азын-аулақ ақша төлеймін. Жабайы сауда дегенге келмес, егер тәртіп сақ­шылары тиіссе, орталық басшысының рұқсаты барын айтамын. Баға бәріне ортақ, кей­бір мерзімі өтіп бара жатқан жеміс­тер­ді сәл арзандатып сатамыз», дейді Ләйлә Әлиқызы.

Жақында осы мәселеге қатыс­ты қалалық депутаттар мен қоғам­дық кеңес мүшелері бірлесіп, қала басшысы Ернат Бәзілдің ұсынысын ортаға салған. Орта және шағын кәсіп көздерін қалай дамытамыз деген сауал аясында өзара әңгіме өрбіткен еді. Жабайы саудаға жол бермеу үшін қандай амал қарастырарын шеш­кен-ді.

Әрине, заңсыз сауда қылмыс­пен пара-пар. Көше базарында тазалық сақталмайтыны тағы бар. Оған саудагер жауап­кер­ші­лік ала ма, алмай ма, ол өз алдына бө­генайы бөлек әңгіме. Сақтау мерзімі өтіп кеткен көкөніс­тер­ден балалардың іші уланып жатыр, оны да ойлаған жөн.

«Сауда мәселесі бізді бұрын­нан толғандырып жүр. Жаңа­дан жаңалық ашып, біреуді кінә­ла­ғы­мыз келіп отырған жоқ. Әйтсе де, түйткіл бұлай жал­ға­са берсе, өзіміз жапа шегеміз. Сондықтан қайткенде де бір шешімін тауып, жабайы сауданың алдын алуға міндеттіміз. Әрине, оны ақыл­дасып, бұл қадамға барған азаматтармен жеке тілдесіп, жос­парлы әрі тұжырымдамалық ше­шім қабылдап, істі шешу шарт. Қаламыздың ең бір көрікті әрі халық серуендейтін орны – арбат. Оның өзге қалалардағыдай таза әрі тұрғындарға жайлы бол­ға­­ны жөн. Сол себепті бірлесе ат­салысайық», дейді қала әкімі Е.Бәзіл.

Оның айтуынша, жаңа құрыл­ған Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласына тың жобалар қажет. Өңірдің өркендеуі қаланың әлеуметтік деңгейінен-ақ көрініп тұрады.

Мәселен, орталық базардың маңындағы көшелердің іргесі – толған жабайы сауданың ошағы. Гауһар ана көшесі мен ақын Сара көшесінің қиылысы, Қабанбай батыр мен Шевченко көшелерінде де әртүрлі тауар сатып тұрғандарды жолықтырасыз. Көлік жолын бөгеген саудагерлер, на­ғыз кептелістің қызған жерінде орналасқан. Жүргізушілер көлі­гін қояр орын таппай дал болады. Шатыр астында болмаса, сауда нысандарының алдын­да кө­лең­ке­леп орналасқан сатушылар жабайы сауда көрігін қыздырып тұр. Мұның шешімі оңай болмасы анық. Себебі бұған дейін бірде-бір әкімнің жағдайды реттеуге шамасы жетпеді. Неге десеңіз, сауда орталықтарының төбесінен қарайтын «крышасы» мықты.

«Арбатты жағалағандардың дені – зейнеткерлер. Үйде қалған ескі заттарын ұсынады. Кітап, түрлі ойыншық, құрылыс зат­тары, салаттар мен тоқыма киімдер сатып отырады. Олар­ға құзырлы органдар келіп тиіс­ке­німен, басқа не істейді? Нә­пақа табу керек. Негізі әкім­ші­лік арнайы орын белгілеп, жабайы сауда жасаушыларды бір орынға жинаса болады. Сонда орталық көшелерде кептеліс болмайтын еді. Шешімі көп қой, тек олармен ортақ тілге келу қажет», дейді қоғам белсендісі Әнуар Айтманов.

Тұрғындардың айтуынша, жабайы сауданың да тиімділігі бар. Ол бағаның тұрақты болуы­на жәрдемдеседі. Үлкен сауда дүкендерінде азық-түлік нарық­та­ғы бағадан жоғары. Себебі олар орын үшін ақы төлейді. Сондықтан көбірек үстеме ақы қосады. Мысалға, Көкбазар, Алматы, Астана секілді сауда ор­та­лықтарында орын құны 100 мың теңгеден асады. Міне, соған орай сатушылар тауардың жалпы құнын қымбатырақ қояды. Ал бұл тұрғындар үшін тиімсіз. Сол себепті олар жайма базарлардан немесе бұрыш-бұрышта отырған саудагерлерден амалсыздан алады.

«Әрине, Көкбазардың ішінде бір келі алма 700 теңге болса, сыртында – 600 теңге. Жүз теңге болса да ақша, сондықтан дала­дан аламыз. Жуып, әбден таза­лап жейміз. Олардың сапа­сын­да түк өзгешелік жоқ, бәрі бір жерден әкеледі ғой. Анти­са­нитария сақталмаған дегеннің өзінде қа­­бығын аршып береміз бала­ларымызға. Мен бұдан қор­қыныш көріп тұрғаным жоқ», дейді қала тұрғыны Әсел Алданова.

Ал кейбір тұрғындар жабайы саудаға қарсы. Сондықтан «Magnum», «Smаll» секілді заманауи дүкендерден сауда жасайды. Ондағы заттар әбден тексеруден өте­тінін алға тартып отыр.

«Бұрын көшеден ала беретін едім, баламның іші өтіп, ауруха­на­ға түскеннен кейін жоламаймын. Арнайы тексерістен өткен тауарларды алған жөн, әрі пайдалы, әрі қорықпайсың. Сыртында жарамдылық мерзімі де жазылып тұрады. Осыны ойлаған абзал», дейді қала тұрғыны Айнұр Әлімова.

Қазір жаңадан тағайындалған қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы тұрғындардың денсаулығы үшін жабайы сауданы заман талабына сай ретке келтіруге тырысып-ақ жүр. Дегенмен бұрыннан келе жатқан сауданың бұл түрін ауыздықтау оңайға соқпайды. Сондықтан бұл күрделі мәселені қала жұртшылығы өкілдері бір­ле­сіп шешуі қажет. Себебі «адамы қандай – қаласы сондай» деген түсінік бар.

 

Жетісу облысы