Қоғам • 22 Тамыз, 2023

Ақмола облысында туған жиені кәсіпкердің 123 қойын ұрлап кеткен

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола полицейлері 7 млн теңгенің малын ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ақмола облысында туған жиені кәсіпкердің 123 қойын ұрлап кеткен

polisia.kz

Жақсы ауданының Белағаш ауылының тұрғыны 12 тамызда ұсақ малдың ұрланғаны туралы хабар берген. 

Жергілікті кәсіпкердің айтуынша, белгісіз біреулер шалғай учаскенің аумағынан 123 қойды ұрлап кеткен. Полицейлер мән-жайларды тексере келе, қаскүнемнің жазғы шарбағынан малдарды алып, ауыл тұрғынына 7 млн теңгеден астам залал келтіргенін анықтады.

Осы фактіге қатысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады және жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Жақсы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері қысқа мерзімде ірі ұрлық жасады деген күдікке ілінген топтың 4 мүшесін әшкерелеп, ұстады. Бір қызығы, ұсталғандардың бірі жәбірленушінің туған жиені болып шықты және ол мал басының саны мен орналасқан жері туралы нақты ақпаратты білген.

Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде ұсталғандардың төртеуі де Атбасар қаласының тұрғындары және ет өнімдерін сатып алушылар екені анықталды. Олар ұрланған қойлардың етін жергілікті дәмханаларға, ет сату дүкендеріне және жеке адамдарға сатқан. Барлық айғақтар арнайы тергеу іс-шаралары барысында расталды. Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер ұсталғандардың аймақ аумағындағы басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.