Мәдениет • 03 Тамыз, 2023

«Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығын беру ережесі өзгереді

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидаларына өзгерістер енгізілетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығын беру ережесі өзгереді

Атап айтқанда, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының номинациясына «Шығармашылық бастамалар» қосылды.

Енді сыйлық келесі номинациялар бойынша беріледі:

1. Әдебиет;

2. Ғылым;

3. Дизайн және бейнелеу өнері;

4. Журналистика;

5. Классикалық музыка;

6. Шығармашылық бастамалар

7. Спорт;

8. Театр және кино;

9. Тренд;

10. Халық өнері.

Бұған дейін тізімде «Қоғамдық қызмет» болған.

Сондай-ақ бірінші кезеңде жан-жақты қарастыру мақсатында комиссия мүшелері арасынан «Эстрада, классикалық музыка, халық шығармашылығы», «Әдебиет, театр және кино», «Журналистика және шығармашылық бастамалар», «Спорт», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Ғылым» бағыттары бойынша алты секция құрылатыны айтылды.

Одан бөлек, мемлекеттік сыйлықты беру шарттары да өзгеретіні қоса хабарланды. Дәлірек айтқанда, уәкілетті орган Комиссия шешімі негізінде жылдың 10 желтоқсанына дейін (бұрын 15 қазанға дейін) сыйлықақы тағайындау туралы бұйрық шығарады.

Жүлдені беру туралы бұйрық Тәуелсіздік күніне (16 желтоқсан) дейін бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады деп көзделуде. Бұған дейін ол Республика күні (25 қазан) жарияланған болатын.

Марапаттар Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жағдайда табыс етіледі.

Уәкілетті орган ақшалай сыйлықты тиісті жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірмей жүлде иегерінің банктік шотына аударады.

Құжат 17 тамызға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА веб-сайтында орналастырылған.