Қазақстан • 01 Тамыз, 2023

Мәлім де беймәлім туристік мекендер

221 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Былайғы жұрт Көкшетау дегенде табаны тисе де, тимесе де Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы демалыс орындарын біледі. Астанаға жолы түскен қонақтар реті келсе, «көп естігеннен бір көрген артық» деген ниетпен Бурабайға баруға тырысады. Шын мәнінде, орманды нуы мен суға бай Ақмола облысында экотуризм мен этнотуризмге таптырмайтын өзге де аудан, ауылдар бар емес пе? Керек десеңіз, сыры мен сыйы бүгулі жатқан көрікті орындарға қазірден туристерді тартуға болады.

Мәлім де беймәлім туристік мекендер

Қоқиқазға қорған болған қорық

Былтыр Орталық Азияның Еуразия қоры серіктес «Шеврон» компаниясымен бірге «Байтақ жер» жобасын əзірлеген. Жоба жетекшілері кеңесе келе экотуризм, этнотуризмді дамытуға қолайлы ауылдарды көпшілікке танытуды жоспарлаған. Соның бір бағыты бизнес жобасын іске асыра алмай жүрген ауыл тұрғындарын қолдау арқылы ішкі туризмнің көкжиегін кеңейтуге орайластырылған. Қор мен компанияның өкілдері өлкенің көрсе көз тоймайтын табиғатын одан әрі таныта түсу үшін БАҚ құралдарын Қорғалжын – Зеренді – Сандықтау бағытын қамтитын турға шақырды. Көп ұзамай жоба жетекшілері бастап, журналистер Ақмола облысындағы Қорғалжын қорығына жол тартты.

Сапардың бірінші күнінде әріп­тес­тер­мен ЮНЕСКО-ның қорғауындағы қорық­тың визит-орталығына аялдадық. Онда бізді қорық директорының ғылым жөніндегі орынбасары Александр Федулин қарсы алып, қорық туралы мазмұнды мағлұмат берді. Қорықта өсімдіктің 500-ден аса түрі, құрлықта және суда мекен ететін жануарлардың
1 400-ден астамы, сондай-ақ жәндіктердің 700-ден аса түрі анықталған. Негізі табиғатта мекендейтін аң-құстың жайлы ордасына айналған Қорғалжын қорығы 1968 жылы құрылыпты. Қорық аумағын алып жатқан Теңіз, Қорғалжын көлдері бар. Су қорының басым бөлігі Нұра өзенінен келеді. Теңіз суы ащы болса, Қорғалжын суы тұщы. Мұнда құстардың 350-ден аса түрі бар деседі. Оның 14-і «Қызыл кітапқа» енген.

Көпшіліктің көкейінде қорық аума­ғы­на құстар жыл сайын мыңдаған шақы­рымды еңсеріп, неге дәл осы маңға келеді деген орынды сауал тууы мүм­кін. Бұл ретте басқасын былай қойып, қорық­тың визит-картасына айналған «Қызыл кітаптағы» қызғылт қоқиқаздар жайын­да айталық. Ерекше құс қорыққа қорек үшін келеді екен. Мұнда тұзды, тұщы 60-тан аса су айдыны болса, біз айтып отырған құс тұзды суда жан бағады. Ал Теңіз өзені тұздылығы жа­ғынан мұхиттардан асып түседі. Бір қарағанда тұзды суда тіршіліктің тіні көрінбегенімен, қоқиқаздар шаян тәріз­дес омыртқасыздармен қоректенеді. Қызы­ғы, құстың қанатындағы қызғылт реңк те қоректен пайда болады екен. Қоқиқаз қамыстан алыс, қауіпсіз жерде мекендейді. Климатқа төзімді. Олар наурыз­дың ортасында, солтүстіктің қары ери бастаған мезгілде келеді. Тағы бір ере­к­шелігі, қоқиқаздар дене температура­сын­ қалыпты сақтап тұру үшін әр кез бір аяғын судан көтеріп тұрады. Үркек құс қауіп келсе, кез келген уақытта ұшып ке­туге осылай қамданады. Ұзындығы – 1,5 метр, салмағы 4 кг шамасында. Сал­ма­ғына қарамастан тұмсығын суға мал­тып күніне 2-3 кг азық тұтынады. Турис­тер­ Қорғалжынға бірінші кезекте осы таң­ға­жа­йып құсты бақылау үшін барады.

Қорықтың аумағы 2008 жылы екі есе ұлғайып, Қарағанды облысының кейбір территориясы қорыққа қосылған. Бұл да болса табиғат панасына алған жануарлар әлеміне қол сұғушыларды шектеуге бағытталған қадам деп түйдік. Заң бо­йынша қонақтар қорыққа кіре алмайды.­ Табиғатты қорықтың төңірегіндегі қор­ғалған аймақтардан бақылайды. Сон­дық­тан біз де қоқиқазды қызықтау үшін қорық­тың оңтүстік-шығысындағы Саумал­көл өзенінің жиегіне бардық. Көл­дің ортасындағы құстарды қашық­тан­ дүрбімен бақыладық. Қорық дирек­то­рының орынбасары айтқандай, қоқи­қаз­дар бірінен соң бірі тұмсығын суға ма­лып қорек іздейді екен. Қанатын кеңге жай­ғанда қызғылт-қара аралас түсін аңғардық. Бізге қорықтың қызметкерлері Қорғалжынның артықшылығы көп деген еді. Әсіресе табиғатта мекендейтін аң-құстарға шетелден келген ғалымдар, қонақтар қатты қызығатын көрінеді. Олар адам аяғы баспаған демесек те, жануарлар дүниесін қызғыштай қорып отырған қорықтарды сырттай апталап тамашалау­ды жөн көреді деседі.

Қорықтан қайтар жолда Қорғалжын ауданының Өркендеу ауылындағы XVII ғасырға тән Қаныкей мазарына, кейін Нұра өзенінің сол жағалауында, Қорғалжын ауы­лынан 2,5 шақырым қашық орналасқан Ботағай кесенесіне аялдадық. Бұл сәулет өнерінің баға жетпес құнды мұраларының тарихы жа­йында аңыз-әңгіме көп екенін білетін шығарсыздар. Жолай Қорғалжын ауданында «Байтақ жер» жобасына қатысып, қаржылай қолдау көрген Амина Есина есімді кәсіпкермен жүздестік. Ол иппотерапиямен бұрыннан айналысса, қазір жоба аясында туристерге жылқымен экскурсия ұйымдастыруды бастаған.

Зерендіге бардыңыз ба?

Сапардың екінші күніне жоспар­лан­ған бағыт – Зеренді ауданы. Сәті түс­кенде «Байтақ жер» жобасы бойын­ша­ қаржылай көмек алған кәсіпкер Марат Алтынбековтің жол бойындағы «Жас­мин»­ демалыс орнына тоқтадық.

– Демалыс орны облыс орталығынан 8 ша­қырым жерде. Біз «Байтақ жер» жобасы туралы естігенде өтініш тас­тап, қызмет көрсету сапасын күшейтуді ойла­дық. Қаралған қаржыға бассейн жылытатын насос сатып алып, орнаттық. Энергияны 4 есе үнемдей бастадық. Бастысы, энергияны біз құрылғылардың көмегімен табиғатқа зияны тимейтін жолмен алып отырмыз. Иә, жоба шеңберінде біз Астанада бірнеше бағытты, соның ішінде экотуризм, этнотуризм бойынша оқудан өттік. 6 млн теңгенің шамасында қаржы алдық. Енді кесте бойынша қыркүйектен бастап қарызды қайтара бастасақ, екі жылдың шеңберінде толық өтейміз, – дейді кәсіпкер.

Ізін ала Зеренді өзенінің іргесіндегі «Зеренді парк» демалыс орнына бардық. Мұн­да қонақтар жазда, қыста келсе де әбден болады. Қазір жазғы лагерге келетін бала көп екен. Кәсіпкер жоба бо­йын­ша алған 7 млн теңгеге демалыс­ орнынан биыл бассейн дайындап, келер жылы көк­тем шыға пайдаланамыз деп отыр. Осы сәтте «Шеврон» компаниясының әлеу­меттік жобалар бойынша кеңесшісі Лейла Айтмұхановадан жоба туралы аз-кем ақпарат сұраған едік.

– «Шеврон» компаниясы мұнай өнді­румен, өңдеумен айналысатынын білесіздер. Сонымен қатар біз серік­тес­тер­мен бірлесіп қолға алған жобалар бар. Жыл сайын білім, денсаулық, экология, кәсіпкерлікті дамыту және басқа да ба­ғыт­тар бойынша 25-ке жуық жобаны қар­жыландырамыз. «Байтақ жер» былтыр қанатқақты жоба ретінде басталды. Біз бұрын кәсіпкерлерге грант бөлсек, осы жолы ақылдаса келе пайызсыз қаржы қарас­тыруды ұйғардық. Осылайша, Қор­ғалжын, Зеренді, Сандықтаудан ­­­6 кәсіпкерге қолдау көрсеттік. Біз ұйым­дас­тырған тренингке 20-ға жуық үміткер кәсі­пкер қатысты. Әуелі онлайн тренинг өтті. Кейін ақпанда Астанада тағы тренинг ұйымдастырылды. Қаржы кәсіпкерлерге мамыр­да­ тиді. Олар енді бөлінген ақшаны қазан айына дейін игеруге тиіс. Жобаны Орта­лық Азияның Еуразия қорымен кеңесіп үйлес­тірдік. Қаржы қарастырдық. Енді жоба жемісті іске асып жатса, келер жылы да жалғастыру жоспарда бар, – дейді Л.Айтмұханова.

Көп ұзамай аудан атымен аталған Зеренді ауылындағы «Көкшетау» мемле­кет­тік ұлттық табиғи паркінің «Смольная» шо­қысына жеттік. Негізі Көкшетау қала­сынан 60 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан ұлттық парк Зерендімен қатар Шал­қар, Имантау, Айыртау аймақтарын қам­тиды. Осы мезетте ауыл тұрғыны, экскурсия жетекшісі Алесия Родинамен жолы­ғып, теңіз деңгейінен 450 метр биік шоқыға өрледік. Төбеге дейін қалың қарағай, қайың, теректерді кезіктірдік. Шоқыға көтеріле бере Зеренді ауылын, Зерен­ді өзенін, ұлттық парктің таңдай қақ­тырарлық сұлулығын жақыннан көр­ген­дей болдық.

Осыдан соң біз 1898 жылы бірде-бір­ шегесіз, ағаштан салынған Зеренді ор­ман шаруашылығына арналған үйге же­тіп, одан ары Тіржан қажының «Тас­бұлағына» бардық. Көп кідірмей «Айда­һар үңгірі» тауына беттедік. Мұның да өз алды­на бөлек тарихы бар. Таңғажайып таби­ға­ты­мен ерекшеленген өлкеге жолы түсіп, сапар­лауды ойластырған оқырман үшін айтар болсақ, Зеренді Көкшетаудан 45 шақы­рым, ал Щучье – Бурабай курорттық айма­ғынан 79 шақырым қашық жатыр. Көк­шетау – Зеренді, Бурабай – Зеренді екеуі екі бөлек бағытта. Яғни Зеренді шамамен Көкшетау мен Бурабайдың ортасында орналасқан.

Сандықтаудың сырын ұққыңыз келсе...

Сапарда Сандықтау ауданының «Балкашин» ауылдық округіне де ат ізін салдық. Алдымен ауылдың талай саңлақ спортшысы шыныққан шаңғы базасына тоқтадық. Мұнда жазда шаңғыроллермен айналысып, қыста шаңғы тебуге болады. Енді даңқты спортшылар дайындығын пысықтаған ауылда «Байтақ жер» жоба­сы бойынша шаңғыдан жарыс­тар­ ұйымдастырылмақ. Бұл да болса,­ спорт туризмін дамытып, ауылды танытуға бағытталған қадам деп түйдік. Әуесқойлар арасында шаңғы спорты қоғамдастығының төрағасы Александр Коринецкийдің айтуынша, туризм мен спорт – бірімен-бірі байланысты сала.

– Шаңғы базасында облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Спорттың осы түрінен ауылда небір шеберлер, байрақты бәсекелерде жүлдеге іліккен спортшылар шыққан. Бізде кәсіби шаңғышылардың арасында спорттан алыстағанда мүлде шаңғыға жуымайтындар кезігіп жатады. Көптің назарынан тыс қалған соң, өзін-өзі тастап жіберетіндер бар. Біз осындай азаматтардың және шаңғыны енді сүйретіп жүрген жастардың да жарысқа қатысуына мүмкіндік жасап келеміз. «Байтақ жер» жобасы аясында шілдеде бір мәрте шаңғыроллерден жарыс өткізіп үлгердік. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен әуесқойлар қатысты. Жарыстың аты жарыс, шаңғыны шебер меңгерген спортшылардың әуесқойлар арасында жүлдеге ілінбей қалатын тұстарын да көрдік. Біз жоба бойынша осы ауылда 5 жарыс ұйымдастыру үшін 5 млн теңге алдық. Екі жарыс жазда, үшеуі қыста өтеді. Оған еліміздің барлық аймағынан әуесқойлар қатыса алады, – деп ол жағымды жаңалығымен бөлісті.

Шаңғышылардың жолына түскен соң, сол маңнан ауыл үстінен қарауға қолайлы төбеге шықтық. Қайтар жолда Сандықтаудағы музейге тоқтап, ауданның тарихы туралы білдік. Негізі біздің санау­лы күнде Ақмола облысының бірнеше аумағын тамашалауға «Активные туры Кз» компаниясы ықпалдасты. Ақмоланың көрікті жерлерін туристерге таныстырып жүрген компания өкілдерінің тәжірибелі екенін бағыттан жаңылмайтынына, аудандардың тарихы туралы мол дерек білетініне қарап аңғардық. Сосын экотуризм, этнотуризмді ілгерілетуе бірінші кезекте қонақтарға жайлы қызмет көрсететін орындар, инфрақұрылым, кейін табиғаты көркем, тарихы бай өлке жайында хабары бар танымы терең мамандар қажет екенін түйсіндік.