Қоғам • 20 Шілде, 2023

Су тапшылығы: Мәселе қалай шешіліп жатыр?

324 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астананың бас жоспарына енген межелі міндеттер, ауқымды тапсырмалар кезең-кезеңімен, ең бастысы, мерзімінен кешікпей орындалуға тиіс. Мейлі, басшылық ауысса да, бас жоспардағы міндеттер жүзеге асуы керек. Рас, елор­дадағы судың мәселесі жұртқа бұрын­нан мәлім. Бірақ суға қатысты жобаларды орындау мерзімі кейінге ысырылып келді.

Су тапшылығы: Мәселе қалай шешіліп жатыр?

Мұның салдарын қала тұр­ғындары көктемде, қысым төмен­деп, су тапшылығы қыса бас­тағанда сезді. Сол шақта мамандар жазға қарай суды пайдаланатындар тіптен көбейетінін ескер­туіндей-ақ ескертті. Президент жақында ғана Астананы сумен қамтамасыз етуге басымдық бе­ру керек екенін айтты. Иә, жаз шыға қала тұрғындарының су тапшылығына қатысты талап-тілегін жаудырып, шағымдануы орынды. Олардың арасында ауыз­ суды талап етіп, тіпті жолды бөгеп, митингке шыққандар бар. Пре­зидент мұндай келеңсіз жағдайға жол беруге болмайтынын ескертті. Яғни тұрғындар су, жарық, жылуға жарымай, қи­налып қалмауы қажет.

– Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұ­мысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуа­л қалыптасты. Мұны, тіпті жұ­мысқа селқос қарау емес, қаса­қана зиян келтіру деуге болады. Себебі су, жылу, жарық – күн­­делікті тұр­мыстағы аса ма­ңызды қа­жеттіліктер. Бұл салада қа­телікке мүлдем жол бе­руге болмайды. Сондықтан кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек. Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұр­ғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық. Бұған қоса су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік бі­луге тиіс. Қойманың түбін таза­лап, оны тереңдету ке­рек. Ас­тана су қоймасының бө­гетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуа­л көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, келер жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алу, сондай-ақ Астананы сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қарастыру жөнінде тапсырма жүктелді. Астананың аумағы кеңейіп, халқының саны өскен соң, тұрғын үйлер де үсті-үстіне салынып, көше-көшемен жалғасып жатыр. Мейлі, мегаполисте тұрғын үйге қолы жетпей жүрген қауым көп делік. Бірақ жиған-тергенінің басын қосып, қалаға қоныс аударған ағайын инфрақұрылымға, соның ішінде суға жарымай отырса, «жығылғанға жұдырық» дегеннің көкесі сонда болмай ма?

Мемлекет басшысы қаперге алып, тарқатып отырған өзекті мәселелердің бірқатары жайын­да газеттің өткен сандарында жа­риялағанбыз. Кейін қала әкімі Жеңіс Қасымбек те баспасөз мәсли­хатында қаланы сумен қамту жөнінде қабылданған шаралар туралы жан-жақты айтып берген еді. Сонда қала әкімі жыл басында 25 мың текше метр судың тапшылығы сезілгенін жасырмады. Осы жазда Астана су арнасынан келетін тағы бір су құбыры іске қосылды. Бұл су тапшылығының орнын толы­ғымен жапты. Осыдан бөлек, сорғы-сүзгі стансасының бірінші кезеңі аяқталған. Енді екінші кезеңі тамызда бітеді екен. Алай­да мұның өзі қаладағы судың тап­шылығын небәрі 3-4 жылға дейін алдын алуға септесетінін қала басшылығы біліп отыр. Неге десек, қала халқының саны өсіп жатыр. Құрылыс қарқыны да бәсеңдеген жоқ. Сондықтан қала әкімдігі тағы екі жоба бойынша құжаттарды дайындап, келер жылы құрылыс бастауға бекініп отыр. Мұнан соң 4-сорғы-сүзгі стансасын салып, Ертіс – Қара­ған­ды каналынан құбыр тар­туға қатысты үлкен жоба да бар. Осы жоба-жоспар мерзімінен кешік­пей орындалса, алдағы 15-20 жыл­ға қаланы сумен қамтуға сеп­теседі.

Астана су қоймасы 1968 жылы салынған. Ескісіне ескі. Бірақ соның түбін тазартып, тереңдетіп, алдын ала қамдану керек емес пе? Президент кеңесте Астана су қоймасына қатысты түйткілге де жеке тоқталғаны орынды болды. Елордада судың мәселесі кеше ғана туындаған жайсыздық емес, бұрыннан бар түйткіл екеніне тағы бір мәрте көз жетті.

Қалада су тапшылығы бай­қала бастағанда «Астана су арнасы» мекемесі судың қысымына байланысты міндетті шаралар қа­былданатынын алдын ала ес­керт­ті. Сол тұста қаладағы кей­бір үйлердің тұрғындары судың қысымы азайғанмен қой­май, кейде мезгілсіз уақыт­ша тоқтайтынын айтып шағым­данды. Осы мезгіл­де ауыз судың стансаға қашық жатқан және кейінгі салынған тұрғын үйлерге жетпеуі мүмкін екенін білдік.

Президент тапсырмасынан кейін қаланың алдағы жоба-жос­парына тағы да толықтырулар еніп, ширайтыны түсінікті. Ке­мінде қала әкімі айтқандай, 15-20 жылға дейін Астана халқы судан таршылық көре қоймас делік. Алайда кешегі келеңсіздіктерге қарап суды ысырап қылудан сақ­танып, су үнемдеу технологияларын енгізуге ертерек қам­данғанымыз тиімдірек шығар деп толғанасың. Эколог-ғалым Блок Шайкенов су да мұнай секілді сарқылатын байлықтардың қата­рында екенін еске салған еді.

– Қалаға бұрын үш құбыр арқылы су жетсе, жуырда тағы біреуі беріліп, төртеуі түгел бо­лып­ты. Менің жүргізген зерт­теу­леріме сәйкес осы су шығы­нының үштен бірі далаға кетеді. Егер су үнемдеу технологиялары болғанда тағы бір құбыр тартып әуре-сарсаңға түспеуге болар еді. Халық саны өсіп жатыр, сәйкесінше 4-5 жылда қалаға тағы құбыр керек болады. Қазір суға жауапты мекемелер арналардан суды қалай тартамыз деп бас қатырып отыр. Бірақ суды үнем­деу дегенді ескеріп жат­қан ешкім жоқ. Ал Астананың маңында үлкен судың қоры жоқ екенін көпшілік біліп отыр. Ал­маты, Жамбыл, Шымкент қала­ларында су таудан түседі. Бірақ тау шыңдарында да көкпен таласқан мұздықтар еріп барады. Мұзарт аз. Жер астындағы су да мұнай сияқты бір күні таусылады. Бұл – бөлек үлкен тақырып. Айтайын дегенім, табиғатта тау­сылмайтын ресурс жоқ. Батыс елдерінде мұндай мәселелер туын­даса, ең бірінші үнемдеуге көңіл аударады. Астанада су қой­маларынан құбырлар тартылар. Уақытша реттелер. Бірақ суды ысы­рап қылудан қазірден сақ­тануымыз керек деп ойлаймын, – дейді Б.Шайкенов.

Түптеп келгенде, қаланы сумен қамту мәселесін көп ұзатпай реттеу ұдайы назарда болмақ. Өйткені Президент елорданы дамыту мәселелері жөніндегі ке­ңес­­те бұл жағдайға ерекше екпін беріп, әкімге және жауапты министр­лерге бірлесіп шешу үшін нақты тапсырма берді.