Елорда • 20 Шілде, 2023

Рухани келісімнің айнасы

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ширек ғасыр шеңберінде елордада бой көтерген тарихи-мәдени маңызы бар нысандар көп. Осы қатарға адамзатты ізгілікке шақыратын әлемдік діндер ғимараттарын қоссақ болды. Астана қаласының әкімдігі қаланың 25 жылдығы қарсаңында сол ғимарттарды түгендеп, осындағы діни қызметтің тарихы туралы деректерді де жинақтап көрсетіпті.

Рухани келісімнің айнасы

Тұсаукесерге елордадағы діни бір­лес­тіктердің басшылары, ғылыми-са­рап­тамалық қоғамдастық өкіл­дері, мемлекеттік орган­дар­дың қызметшілері келді. Салтанатты шарада Астана қаласы әкімдігінің тапсыры­сымен шығарылған 5 діни әдебиеттің тұсауы кесіл­ді. Негізі елде жыл сайын мемлекеттік тапсырыс­пен әртүрлі діни кітаптар жа­рық көреді. Бұл қадам қоғам­да рухани, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, дін, мәдениет арасында өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізуде маңызды рөл ат­қарады деп білеміз.

Іс-шарада қалалық мәсли­хаттың төр­ағасы Ерлан Кана­лимов та дін мен дәстүр сабақтастығы жайында тағы­лымды ой қозғады.

– Дін халқымыздың әлеу­меттік және рухани өмі­рінің бір бөлігі іспетті. Қа­зақ халқы ежелден салт-дәс­түр, әдет-ғұрпын дінмен ұш­тастырғанын бі­лесіз­дер. Иә, дін мен дәстүр егіз ұғым се­кілді. Ұрпақ тәрбиесінде де дін мен дәс­түрдегі құнды­лықтар қатар жү­реді. Елор­дадағы діни нысандарды және оның шығу тарихын тү­гендеп, энци­кло­педия шы­ғару – үлкен еңбекті қажет ете­тін іс. Енді келешекте осы кітап­тар елордалықтарға, қо­нақ­тарға, дін сала­сының зерт­теушілеріне салмақты нұс­­қаулық болады деп ойлай­мын. Осындай ізгілікке үндейтін еңбектер көп болсын. Авторларға алғыс айтамыз, – деді қайраткер.

Білсеңіздер, «Елорданың діни нысандары» деген атау­мен жарық көрген энци­кло­педия Астана қаласындағы діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі туралы мағлұмат қамтылған ең алғашқы бірігей еңбек саналады. Сондықтан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен де осы жинақтың мазмұнына аз-кем тоқталды.

– Жыл басында Дін істері басқар­масы­мен кеңесіп, елор­даның ширек ғасы­рын­да астаналықтарға қандай дүние ұсы­намыз деп ойладық. Ақылдаса келе осы энциклопедияны жарыққа шы­ғаруды қолға алдық. Елордада 14 діни конфессия мен 57 діни бірлестік ел еге­мендігін алған тұс­тан беріге дейін өзінің дара жолын қалыптастырды. Осы же­тістіктерді бүгін тұ­сауын кесіп отыр­ған жинақ­та көрсетуге тырыстық. «Ел­ор­даның діни нысандары» энциклопе­диясы және діни сауат ашатын кітаптар елордалықтарға олжа болсын, – деді Е.Байкен.

Жинақ 16 тараудан тұра­ды. Әрбірінде елорданың діни конфессиялары туралы мағлұмат түгенделген. Тұсауы кесілген кітаптардың мән-маңызы туралы «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы былай деді:

– Бүгін тағылымды кі­таптар баршаға ой салып отыр. Бірін­ші – тарихқа барлау, екін­ші – бүгі­німізді айқындап алу, үшінші – осы кітаптың шең­­берінде қоғаммен бай­ла­нысты қалай нығайтамыз деген мәселе төңірегенідегі пайым. Қа­ланың тарихына зер салсақ, әуелі біздің мың жылдық жолымыз, Бозоқ қалашығы, Есілдің бойын­дағы қала, қоныстардан бас­тау алады. Бұл – даланың тарихы. Ал бүгін тұсауы ке­сіліп жатқан жи­нақта Ақ­мола астана болған тұстан бе­ргі ізденістер, ғимараттар қам­тылғанын мазмұнынан аңғардық. Энциклопедиямен қатар дінтану­шы­лардың төрт еңбегі де маңызды. Біз дін туралы ұғымымызды нақ­тылайтын, жүйе­лейтін ке­зеңде тұрмыз. Лайым, бү­гінгі кітап­тардың оқырманы көп болсын.

Салтанатты жиынға келген қонақтар тарихи кезеңде тұсауы кесіліп жатқан кітап­тар елге кең тарап, зерделі оқыр­манын тапсын деген жылы лебізін білдіріп, құтты болсын десті.