Технология • 14 Шілде, 2023

Дерек өңдеудің тәуелсіз қауымдастығы

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Astana Hub» халықаралық технопаркінде еліміздің коммерциялық деректерді өңдеу орталықтарының операторлары мен бұлтты қызмет провайдерлері жиналып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің өкілдерімен кездесу өткізді. Ондағы мақсат – еліміздегі деректерді өңдеу және бұлтты қызметтер нарығын дамытудың жай-күйін сараптап, одан әрі дамыту. Жиналған көпшілік салалық заңнаманы жетілдіру, ақпараттық технологиялар қызметтерін тұтынудың сервистік моделін бірлесіп дамыту стратегиясын қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Дерек өңдеудің тәуелсіз қауымдастығы

Бүгінгі таңда деректерді сақтау және өңдеу индустриясы экономиканың бар­­лық саласы мен әлеуметтік өмір­дің цифрлық трансформациясы үшін аса маңызды болып отыр. Соған байла­ныс­ты негізгі мәселені талқылауға «Қазақтелеком», «Транс­телеком», «Қазтелепорт», «QazCloud», «Ұлт­тық ақпараттық технологиялар», «Интернет-компания PS», «ИТ-Град», «ИТГЛОБАЛКОМ КАЗ», «Ян­декс.Бұлт Қазақстан», «ВК Тех Қазақ­стан», «Облачные решения» секілді ком­паниялардың өкілдері қатысты. Отырысқа қатысушылардың пікірінше, деректерді өңдеу орталықтарын, яғни Cloud нарығын қарқынды дамыту үшін мәсе­лелерді кәсіби қоғамдастық шеңберінде бірлесіп шешу тиімді болмақ. Сондықтан салалық заңнаманы жетілдіру, елде ІТ қызметтерін тұтынудың сервистік моделін дамыту, мемлекет-жекеменшік әріптестіктің тиімді модельдерін әзірлеу, салаға инвестиция тарту, отандық әзір­лемелерді экспортқа шығару және дерек­терді сақтау мен өңдеу жүйесін дамыту үшін Деректерді өңдеу орталықтары опе­ра­торлары мен бұлтты сервистер қауымдастығы құрылды. Қа­уым­­­дастық нарықтағы ком­мер­­­ция­­лық деректер орта­лық­тары­на негізделген қызметтерді және бұлт­ты қыз­меттерді ұсыну­мен тікелей байланыс­ты өкілдердің басын қосады.

Қауымдастықтың жұмысын үйлестіру көп жыл бойы елімізде телеком-аналитика және басқарушылық консалтингке маманданған «iKS-Consulting» аналитикалық агенттігінің деректер орта­лықтары мен бұлтты сервистер нарығы бойынша өкілдігін басқарып келе жатқан Светлана Черненкоға тапсырылды.

– Қауымдастық технологиялық және опе­раторлық бейтараптық қағидат­та­рында құрылады. Бұл нарық пен мемлекет арасында бүкіл саланың мүддесі үшін тиімді коммуникация арнасын жолға қоюға, оны құқықтық жетілудің жаңа деңгейіне шығаруға, ақпараттық ашықтық есебінен инвестициялық тар­тымдылықты арттыруға мүмкіндік береді. Қауымдастық қызметінің маңыз­ды ба­ғыты елімізде де, одан тыс жерлерде де қоғам мен бизнестің игілігі үшін жұмыс істейтін тартымды және тиімді сервистер мен қосымшаларды құру үшін оқыту бағдарламалары, үздік әлемдік тәжірибелерге қол жеткізу және салалық сараптама есебінен кәсіби кадр­ларды даярлауға жәрдемдесу бол­мақ, – деді жаңа қауымдастықтың басшысы С.Черненко.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Теле­ком­муникация комитеті төрағасы­ның орынбасары Гүлнар Бөкеева деректерді сақтау мен өңдеудің отандық инфра­құрылымының деңгейі үздік әлем­дік тәжірибелер мен стандарттарға сәйкес келуі өте маңызды екенін және қауым­дастық нарықтың барлық қатысушысын өзекті салалық сараптамамен өзара байыту алаңына айналатынына сенімді екенін айтты.

– Цифрлық даму министрлігі ком­мерциялық деректер орталықтары мен бұлт­ты қызметтер нарығы ойыншы­лары­ның мемлекет пен нарық арасындағы диалог үшін арна болуға, бір-бірін естуге, деректерді сақтау және өңдеу саласын дамыту үшін тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін салалық қауымдастық құру жөніндегі бастамасын құптайды әрі қол­дайды. Мемлекет басшысының елімізде өңірлік деректер хабын қалып­тастыру жөніндегі алға қойған мақсаты реттеушіден және саладан теңгерімді шешімдер қабылдау үшін тұрақты тығыз байланыста болуды талап етеді. Ұлттық инфрақұрылымдық және сервистік операторлардың мүддесін ескеруге және қажетті қолдау шараларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өз ше­шімдерін Орта Азия аумағында одан әрі тарата отырып, елімізде орналас­­тыруға және оқшаулауға дайын шет­ел­дік инвесторлар мен әріптестер ағы­ны үшін саланың тартымдылығын қалып­тас­ты­руға мүмкіндік береді, – деді Г.Бөкеева.

«Қазақтелеком» АҚ филиалы – Ақпа­раттық технологиялар дивизионының бас директоры Марат Әбділдабековтің айтуынша, экономиканың отандық салаларын цифрландырудың жаһандық үрдістері мен міндеттерін ұстану үшін «Қазақтелеком» өзінің инфра­құры­лымы негізінде де, бұлтты шешімдерді жет­кізушілермен серік­тес­тікте де деректерді өң­деу орталықтары желі­сін кеңейтуге, олардың қолже­тімділігін артты­руға және бұлтты сер­вистерді дамытуға көп көңіл бөледі. Дәстүрлі IaaS сервистерінің дамуын ғана емес, сонымен қатар «бұлттар» мен телеком­му­никациялардың түйіс­­кен же­рінде кешенді шешімдер пысық­талатын болады.

Ал «Қазтелепорт» АҚ басқарма төр­ағасының орынбасары Валерий Маркин тәуелсіз қауымдастықтың берері көп дейді.

– Тәуелсіз қауымдастықтың жұмысы деректер орталығы мен бұлтты техноло­гиялар қызметтері нарығын дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Саланың өзекті мә­селелерінің ашықтығы мен талқы­лануы, сайып келгенде, инженерлік құрамның техникалық мүмкіндіктері мен кә­сібилігін біріктіру арқылы ең жақсы, сенімді қызмет көрсетуге жол ашады. Құрылған қауымдастық қызме­тінің назарында кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселелері болуға тиіс. Бұл – кез келген дата-орталықтың инженерлік инфрақұрылымымен штаттан тыс жағдайларды пысықтауға про­фи­лактикалық тәсіл, екінші жағ­ы­на­н, осы мәселеге назар аудару елде ІТ қыз­меттерін тұтынудың сервистік моде­лін танымал етуге ықпал ететін болады, – деді В.Маркин.