Пікір • 12 Шілде, 2023

Астана мұғалімі

435 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні кеше Мемлекет басшысы елорданы дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бас қаланың түрлі мәселесіне қатысты шаһар басшысына, құрылым жетекшілеріне ащы сын, тұщы ұсыныс айтты.

Рас, әркім өз жұмысына жауап беруі керек. Бірақ бұл сынның бір ұшы қоғамға да, елорда тұрғындарына да тиетінін ұмытпалық. Адам қандай – үйі мен ауласы сондай, қоғам мен қауым қандай – қаласы мен даласы сондай. Бұл – өмірдің қарапа­йым шындығы.

Осыдан бес ай бұрын қала әкімі редак­циямыз орналасқан Байқоңыр ауданы тұр­ғындарымен кездесті. Буырқанған жұрт­шы­лық. Бәрі ұсыныс-тілегін айтып, мэрдің қолымен мәселесін әп-сәтте шешіп алуды қалайды. Әкім байыпты, дәйекті жауап беріп отырды. Зәрулікті айдалаға ысырмай, тиісті құрылым басшысына тапсырып, шешу жолын нұсқады. Бірсыпыра сүрленген арыз­дың жөн-жобасынан хабардар. Дәл сол жерде көтерілген мәселенің тең жартысы жеке бастың, пендешіліктің қамы болып көрінді.

Сонда «Осы біз мұқтаждықтың санатын, сұраншақтық пен зәруліктің парқын айырудан қалдық па? Ірі қалалар мен өңірдің тең дамымауына бірыңғай атқарушы билік кінәлі ме?» деп ойладық.

Иә, бәрі де қоғамның сапалануына, Прези­дент айтқандай, әділеттілік пен адал­дыққа байланысты. «Біздің қоғам ағармаған» деп айтуға ауыз бармайды. Ағарған, тазар­ған, құндылықтары айқындалған. Алайда дұрыс қарамаса, жүйелі көңіл бөлінбесе, «Түйе ойнақтаса, жұт болады» дегендей, тырнақшаның ішіндегі «ел ағалары» (халқымыз бұл ұғымға орта жастан асқан елге жауапты барлық азаматты кіргізген) тайраңдап, ұлт қазынасын оңды-солды шашып, бейберекет жүрсе, ағарған қараяды, тазарған кірленеді, құндылық жойылады. Жаратқанның ащы ақиқаты – осы. Оны қаң­тардың аязы да, шілденің аптабы да түзей алмайды. Түзететін – сана мен иман, тәртіп пен жауапкершілік. Мұны қайдан аламыз? Тот баспайтынды қайдан табамыз?..

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы алғашқы саяси қуғын-сүргіннен елге аман келгенде, елшіл жас буын өкілдері амандаса барыпты. Рухы күшті Ақаң олардан халық жайын біліп, біраз сұхбат құрады. Шығарда біреуі тәуекел етіп: «Ахмет аға, сізден бата сұраймыз!» депті. Сонда Ақаң жарықтық: «Айналайындар, мұғалім болыңдар!» деп бірауыз бата берген екен...

Біздіңше, осы Ахмет Байтұрсынұлының бірауыз батасы қазір де аса көкейкесті. Бүгін – көкірек көзі ашық азаматтардың үйде, түзде, қызметте, түрлі ортада мұғалім болатын кезеңі. Ақаң дәстүрлі «Молда бол!» деген батаны (оның да мағынасы – тазалық пен ұстаздық) неге жаңа заманға сәйкестіріп айтты? Бұл – «елге, ұлтқа, білімге, мәдениетке, тәртіпке, әр іске жауапты болыңдар!» деген сөз.

80-жылдардың соңынан күні кешеге дейін жер бауырлап қалған мұғалімдік маман­дықтың, шүкір, еңсесі көтерілді. Бірақ «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген даналық бар. Ойдағы-қырдағы қайбір мектеп мұғалімінің қайсыбір кемшілігін көрсек те, «сала түзеліп келеді, осы үрдіс бірте-бірте сапасызды, анти-ұстазды қуады» деп, жақсылықтан үміттенеміз.

Мемлекет басшысы: «Астанада білікті ұстаздар тапшылығы сезіледі. Жыл сайын мыңға жуық мұғалім жетіспей жатады. Сон­дықтан елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын» деді. Мәнді шешімге бастайтын маңызды ой. Мұғалімі кем мектеп жүргізушісі жол-жөнекей түсіп қалып, қаңтарылып тұрған көлік секілді. Мұны ешбір өңірге тілемедік, бірақ «толық мектеп» («толық адам» дегендей) ел жүрегі – елорда үшін маңызды емес пе? Астанада мектеп жасындағы балаларды оқытатын 164 білім ошағының 100-і – мемлекеттік мектеп. Жүздің 35-і – қазақ тілінде, 8-і – орыс тілінде, 57-сі – қос тілде бала оқытып, тәрбиелейді. Ұлттың сапасы үшін, Халық ассамблеясының 32-сессиясы айқындаған мемлекетшіл жоба-жоспарлар үшін 57 мектептің ата-анасымен лайықты сұхбаттасып қана қоймай, шөре-шөре азаматтарға шынайы жанашыр болу – елорданың мінбершілдіктен, әсіре демаго­гиядан ада тұрғындарының парызы. Ақаң­ның «Мұғалім бол!» деген батасы – осы өреде.

«Астана мұғалімі» – өнеге жолы, білім-білік өлшемі. Осындағы педучилище мен пединститут тарихы, тағылымы, тәжірибесі, тіпті ғимараты да ұмытыла қойған жоқ. Мәселе – соны орнықты жаңғыртуда.

Қазақтілді мектеп сапаланған сайын, мұнда ақылды, креативті, намысты ұстаздар көбейген сайын жас ата-аналардың қызығушылығы артады. Дәл осыны балабақшаларға қатысты айтуға да мүдделіміз.

Қазір әлемде «білім инфляциясы» деген қатер бар. ЮНЕСКО дерегіне қарағанда, жаһан университеттері соңғы 30 жылда адам­зат тарихында даярланған күллі маман санындай мөлшерде түлек шығарыпты. Бір кезде білімнің идеалы – «профессор даярлау» еді, бүгінігі мұраты – «жақсы адам әзірлеу, шығармашылықты қолдау» болып тұр. Мұның сабағы неде? Әрине, барлық істе ақыл, есеп, жауапкершілік алға шығуы керек.