Білім • 11 Шілде, 2023

Үздік университетте оқиды

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Анна Лазарева Shanghai Jiao Tong University-ге (SJTU) Инженерлік кластер бағдарламасы бойынша оқуға түсті. SJTU – Қытайдағы ең көне әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі, сондай-ақ елдегі үздік бес және әлемдегі ТОП-100 университеттің қатарында.

Үздік университетте оқиды

– Маған оқу мен сақтандыруды толық және тұрғын үй ақысын ішінара өтеп беретін стипендия ұсынылды. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Алайда қытай тілін меңгеру – барлық студент үшін міндетті. Меніңше, тағы бір шет тілін білу пайда әкелмесе, зиян келтірмейді, – дейді ол.

Анна SJTU-де механикалық инженерия саласына оқуды жоспарлап отыр. Университеттің басты ар­тықшылығы – студенттер мамандықты бірінші не­ме­се екінші курстан кейін таңдау мүмкіндігіне ие.

– Зияткерлік мектепте білім алу үздік университетке түсуге жол ашты. 11-сыныпта FLEX бағдарламасы бойынша оқып, біраз тәжірибе жинадым. Сондай-ақ ата-анама да ерекше алғысымды білдіремін. Анам маған ағылшын тілін үйретсе, әкем қиындыққа мойымай, мақсаттарға жетуге талпыныс берді, – дейді қарағандылық зияткер.

Шанхай көлік коммуникациялар университеті (Цзяотун) жоғары сапалы мамандандырылған білімі бар білікті оқытушылық құрамға ие. Жүзден аса танымал ғылым қайраткері, соның ішінде Нобель сыйлығының үш лауреаты университеттің ғылыми кеңесшілері қызметін атқарады. Бүгінде жоғары оқу орнын аяқтаған түлектер саны 100 мыңнан асты, олардың қатарында Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминь бар.

Аннаның оқуға түсуі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының осы университетпен SJTU Global Elite Program аясындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асты. Бағдарлама бойынша 20-дан астам талапкер өтініш білдірсе, Анна бірінші дәрежелі грант иегері атанды.