Елорда • 09 Шілде, 2023

«Gul Astana» фестивалі

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының 25 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралары аясында қала әкімдігі ұйымдастырған тұңғыш «Gul Astana» фестивалі табысты өтті.

«Gul Astana» фестивалі

Фестивальде Астана қаласы­­ның креативті индустрияларды дамы­ту орталығының мамандары қала тұр­ғындарын эко қозғалысқа шақы­рып, шикізатты қайта өңдеудің ма­ңызын түсіндіруге тырысты. Мұ­ны біз ЭКСПО аумағында сәні мен сал­танаты келіскен көрмеден анық аңғардық. Шатырларды аралап, сол маңда тізілген өсімдіктерді тамашаладық. Осы арада мереке­лік іс-шараға өскіндердің түр-түрін алып келген Надежда Жеребцовамен жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Целиноград ауданындағы Ақ­қайың ауылында шағын кәсібіміз бар. Көшет дайындаймыз. Сонда түсінгенім, тұрғындардың көбі бау-бақша өсіру қиын шаруа деп ойлайды. Шын мәнісінде, өскінге қандай тыңайтыш керегін біліп, тү­сініп, күтіп қарайлассаң, жемісін көресің. Қалауын тапсаң, көпте­ген өсімдікті жерсіндіруге болады. Біз әлемде табиғаты қолайсыз, то­пырағы құнарсыз болса да, жасыл желегі жайқалған елдердің барын білеміз. Жерімізді гүлдендіріп, бақ­қа айналдыру біздің қолдан да келеді. Сол үшін де мен бақ­ша өсіруге қызығатындарға қуа­на-қуана білгенімді айтамын. Біл­ме­генімді үйренуге талпынып жүр­мін. Білсеңіздер, кейбір жазық­та қаулап шығатын өсімдіктер­дің біз­де өсіруге болатын түрлері де бар. Соны бірте-бірте қалаға әкелуге мүмкіндік те мол. Бүгін мен байқауға қатысуға емес, елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған гүлдер фестивалін тамашалауға келдім, – дейді Н.Жеребцова.

Фестивальдің продюсері Майра Измайлованың айтуынша, іс-шара­ға Астана қаласын былай қойғанда, Алматы, Қарағанды облысынан эколог, флорист, урбанист, эко-кəсіпкер, өнер майталмандары келген. Олардың арасында суретші Лəйла Махат пен Лəйла Ахмет Осман, зумба-нұсқаушы Раушан Сарбалинова, энерго-практик Фер­дуса (Қырғызстан) бар.

– Фестивальдің ерекшелігіне аз-кем тоқталайын. Мұнда елдің таби­ғи аймақтарының ландшафтында безендірілген климаттық киіз үйлер тізілді. Гүлзарларды безендіру бо­йынша флористер байқауы өтіп жа­тыр. Арнайы фотоаймақтардың бірінде ILOVE байқауы ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін білім беру жəне эко-шебер­лік сабақтары өтеді. Қалдықтар­ды қайта өңдеу жəне пластиктен өнер туындылары мен бұйымда­рын жасаудан да байқау өтіп жатыр. Урбанистермен қала тұрғындары бірігіп, Астананың жасыл картасын жасайды. Яғни тұрындар қа­лада саябақ ашуға таптырмайтын орындарды белгілейді. Сонымен қатар астаналықтар елорданың сим­вол-гүлін таңдайды. Жалпы, бай­қаулардың жеңімпаздары ақшалай сый­лықтармен марапатталады, – дейді Майра Измайлова.

Фестивальде «Гүл шахары – Астана» байқауының алғашқы ке­зе­ңінен өтіп, іріктелген 15 же­ңім­паз­ анықталды. Осы кү­ні елордалықтар қоршаған орта­ның сұлулығын сүретпен кескін­­де­ген қылқалам шеберлерінің туын­дыларына тәнті болды. Балалар жағы шеберлік сабақтары мен театр­ландырылған интерактивті бағ­­­дарламаны тамашалады. Құм­­мен сурет салып, гүлді оригами жəне саз бал­шықпен жұмыс жасау алаңдарын қызықтап, шат-ша­дыман болды.