Медицина • 05 Шілде, 2023

Елордада ем алатын шетелдіктер көбейді

236 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Егемендік алған тұста елімізде меди­циналық көмектің сапасы көңіл көн­шітерлік деңгейде емес-тін. Дерті асқынып, жанына дәру іздегендер Алматыға ағылатын. 1998 жылы еліміздің бас қаласы Астана ауысқалы әлеуметтік-экономикалық салалармен қатар медицинаға ерекше көңіл бөліне бастады. Ширек ғасыр шеңберінде Ұлттық медициналық орталықтар ашылып, ондағы жұмыс жылдан-жылға ширады. Қазір, тіпті ел түгілі, алыс-жақын шетелден келіп емделетін науқастар саны артты.

Елордада ем алатын шетелдіктер көбейді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Балаларды бауырына басқан орталық

Ел медицинасындағы ауқымды реформалар 2008 жылы мықтап жолға қойылды. Астанада медициналық кластер құрылды. Осылайша, ТМД елдерінің арасында алғашқы ұлттық медицина холдингі бізде пайда болды. Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығынан басқа да медициналық ұйымдар ашылды. Соның бірі Балаларды оңалту орталығына еліміздің әр аймағында ауыр халде жатқан науқастар келеді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар перзентін қолдан келсе елордадағы осы орталыққа апаруды қолай көреді. Медициналық оңалту стационарлық нысанында МӘМС бойынша және ақылы негізде консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар орталықта медициналық оңалту, әлеуметтік бейімдеу, психологиялық-педагогикалық түзету сынды кешенді мультидисциплинарлы оңалту қызметі қолжетімді. Заманға сай озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған клиникалық орталықта жыл сайын шамамен 4 200 адам ем қабылдайды. Ал елде ерекше балалар саны – 90 мыңға шамалас. Соның өзінде кейінгі 15 жылда орталықта 61 мыңнан аса бала емделген. Қазір пациенттердің 90 пайыздан астамы өңірлерден келеді екен. Дәрігерлер орталыққа келетіндердің дені бас, жұлын жарақатын алғандар, инсульт, минингит, уланып қалған, сөйлеу қабілеті нашар, психикалық даму қабілеті тежелген балалар екенін айтады. Кейінгі 5 жылда халықтың сұранысымен аутизмге, даунға және құлағы естімейтіндерге арналып қосымша 30 орын дайындаған. Өйткені аталған диагнозбен келген науқастарды тегін емдейтін орталықтар елде жоқ. Жеке орталықтар ақылы.

 

Онкологиялық ауруларды емдеуге болады

Кейінгі 20 жылдың шеңберінде елде онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың саны 25%-ға, обырдан кейінгі өлім-жітім 33%-ға азайғаны байқалады. Қазірдің өзінде онкологиялық ауруға шалдыққан 205 мың­нан аса пациент динамикалық бақылауда тұр. Алайда жыл сайын қатерлі ісіктің 37 мыңнан аса жаңа жағдайы анықталса, өкінішке қарай, 13 мыңнан аса адам дүниеден өтеді. Ұлттық ғылыми онкология орталығы ашылған күннен бері бұл салада да даму динамикасы оң нәтиже көрсетуде. Білікті дәрігерлер ізденістен қол үзбей, жаңа технологиялық операциялар ен­гізуге талпынды. Салада шетелмен байланыс орнады. Қазір онкологиялық ауруға шалдық­қан науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға тиісті ведомство бейжай қарап отырған жоқ. Мысалы, тарифтерді ұлғайту жағын қайта қарау, Ұлт­тық формулярдағы дәрілік препараттардың тізімін 4 позицияға кеңейту, обырдың диагностикасы мен емдеудің 8 клиникалық хаттамасын жаңарту сынды міндеттер жолға қойылды. Сондай-ақ жұмысқа жаңа желілік үдеткіштер мен ПЭТ-орталықтар енгізіліп жатыр. Онкологиялық ауруға шалдығуы мүмкін деген күдікті пациенттерге уақтылы диагностика жүргізу үшін «жасыл жол» ен­гі­зіліп, әрбір өңірлік онкология орталығында ахуалдық орталықтар құрылған. Ертеректе, тіпті онкология ауруының кейбірін дәрігерлер тек хирургияда зерттеп қараса, қазір саланың бағыты кеңейді. Онкологияға қатысты нақты генетикалық зерттеулер, ғылыми жаңалықтар бар. Тікелей қатерлі ісікті емдейтін дәрі-дәрмектер табылып жатыр. Алайда медицина дамыған сайын бұрын естіп-білмеген аурудың түрлері көбейіп барады. Обыр ауруларын емдеуде Азия құрлығында алдыңғы қатарлы Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореяға ілесіп келеді екенбіз. Салада хирургиямен қоса ғылымды қатар алып жүрген профессор-дәрігерлер халықаралық ұйымдармен берік байланыс орнатқан.

 

Нейрохирургиядағы жаңашылдық

Нейрохирургия ми мен жұлын, омыртқа ауруларын емдейтін медицинаның негізгі бағыты саналады. Қазір ғылым бас жарақатын, ісікті, мидың функционалдық ауруларын, қан тамырларының патологиясын, эпилепсиямен қоса паразитарлы инфекциялар­ды емдеп-жазуға әлеуетті. Қысқасы, нейрохирургия дамыған сайын бұрын күрделі саналған операциялар қолжетімді болып, емі жоқ аурулардың дәруі табылып жатыр. Осы жаңашылдықтардың басым көпшілігін 15 жылдық тарихы бар Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері тәжірибеге енгізген. Ұлттық нейрохирургия орталығын­да елдің кез келген аймағындағы науқастар квота арқылы тегін емделе алады. Әрине, орталыққа екінің бірі емес, диагнозына қарай ауруы асқынғандар барады. Тіпті көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан да еміне шипа іздеп келіп жатқандар бар. Бірақ оларға медициналық көмек ақылы негізде көрсетіледі. 2000-жылдары ел еңсесін тіктей бастаған тұста Ұлттық нейрохирургия орталығын ашу туралы ұсыныс айтыла бастаған. Араға 8 жыл салып, 2008 жылы Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылды. Міне, осы сәттен нейрохирургия саласының жаңа кезеңі басталды деп айтуға болады. Осы аралықта орталықта 57 мыңнан аса адам емделген. 39 мың адамға операция жасалған. Операциялардың 70-тен аса түріне жаңа технологиялық әдіс-тәсілдер енгізілген. Нәтижесінде, қазір нейрохирургиядағы нау­қастардың ішінде шетелге барып емделетін­дер азайған. Қазір Ұлттық нейрохирургия орталығында ми патологиясы, жұлын патологиясы, қан-тамырлары функционалдық нейрохирургиясы, балалар нейрохирургиясы және нейрооңалту деп аталатын бес бөлімше бар. Қала берді орталықтың базасында нейро­хирургияның жаңа салалары – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия енді. Ал кейінгі жаңалықтардың бірі ретінде мүмкіндігі мол Гамма-пышақ радиохирургия кешенін айтсақ болады. Дәрігерлер қондырғы арқылы қазірдің өзінде 800-ден аса науқасқа көмек көрсеткен. Таяуда Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығы қарсаңында елдегі нейрохирургтердің V Конгресі өткенін де айта кеткеніміз ләзім. Білікті дәрігерлер бас қосқан конгресте нейрохирургия саласын ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелер қаралып, пысықталды. Орталықтағы орайлы істің барлығы – егемендік жылдарындағы Астананың жемісі.

 

Кардиохирургия келешегі баянды

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы 2011 жылы ашылған. Орталықтың негізгі клиникалық бағыты – туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауын, жүректің ишемия­лық ауруын, жүрек қызметінің созылмалы жетіспеушілігін, жүрек ырғағының бұзылуын емдеуге орайластырылған. Медицинада жүрек ауруларының түрі көп. Көп болған соң жылдан-жылға емшараның әдіс-тәсілін жетілдіріп, ілгерілету қажет. Бұл ретте жүрек ауруларын емдейтін Ұлттық ғылыми орталық ашып, көп ұзамай білікті мамандарды тартып, санаулы жылда жұмысты үйлестіру әсте оңай емес. Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы қазір Орта Азиядағы жетекші орталықтардың біріне айналды. Осы жолда орталықтағы мамандар да күрделі кезеңді еңсерді. Қазір орталықтың резидентурасында білім алып, көкжиегін кеңейтіп жатқан азаматтар баршылық. Дәрігер-резиденттер таңдаған бейіні бойынша жүйелі білім алумен шектелмей, тәжірибесін жетілдіріп отырады. Кардиологтер 3 жыл, кардиохирургтер 4 жыл оқиды. Кейінгі 3-4 жылдың шеңберінде Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Талдықорған, Астанада орталықтың түлектері көбейіп жатқанға ұқсайды. Олар ең бірінші кезекте аймақтардың әлеуетін көтеріп жатыр. Түрлі себеппен жұмыс ауыстырған мамандардың бос орнына көбіне-көп осы орталықта білім алған жас мамандар қабылданады екен. Ол аз десеңіз, алыс-жақын шетелдерден тәжірибесін арттыруға келетін дәрігерлер бар. Олар көбіне орталықтың негізгі саласы саналатын жасанды сол жақ қарыншаға қатысты емшараларды үйренуге келеді екен. Осы күнге дейін орталықта 87 трансплантация жасалғанын да ақпарат ретінде айта кетейік.

Бас қаладағы «Ана мен бала» ұлттық ғы­лыми орталығы жүктілік кезінде жағдайы нашарлаған науқастарға сапалы қызмет көр­сетіп келеді. 2007 жылы ашылған орталықтың дәрігерлері бауыр трансплантациясын 2015 жылы бастап, күні бүгінге тәжірибесін толық­тырудан қол үзбеген. Есесіне өз ісін жетік білетін мамандар 16 балаға бауыр ауыстыру операциясын жасаған. Орталыққа экстрагениталды патологиясы бар, яғни іш құрылысы, жүрек қантамыр жүйесі, тыныс алу жүйесі, бүйрек, ас қорыту жүйесі зақымданған, ми жарақаты, тіпті басына қан құйылған әйелдер келуі мүмкін. Сол секілді балаларда кейде туабітті анықталатын ақауларға байланыс­ты жүрек қантамыр жүйесі, несеп шығару жүйесімен қоса әртүрлі ісік патологиясы болуы ықтимал. Тіпті осы орталықтағы неонатология бөлімшесінің мамандары ай-күні жетпей шала туған балаларды әрі қарай жетілдіруге жәрдемдеседі.

Астанада дәрігердің қабылдауына жазы­луға, дәрігерді үйге шақыруға, талдау нәти­желерін және басқа да дербес медициналық деректерді білуге мүмкіндік беретін цифрлық құрал жетістіктерін пайдаланатын пациенттер баршылық. Себебі қазір медицинадағы қызметтер электрондық үкімет порталында қолжетімді. «eDensaulyq» сервисінің қыз­меті кезең-кезеңімен кеңеюде. Жақында сервиске азаматтардың қан тобы және бас­қа да ақпараттар қосылады. Сонымен қатар министрлік «eGov mobile» мобильді қосым­шасының дәрілік заттарды үлестіру бөлігінде Әлеуметтік әмиян жобасын іске асыруға кіріскен. Мұнда пациент емханадағы дәріханаға барып, QR-кодын ұсыну арқылы рецепт бо­йынша дәрі-дәрмек алса болады. Қанат­қақ­ты жоба қазір Астана қаласының емханала­рын­да іске аса бастады. Денсаулық сақтау министр­лігі пациенттерді осы сервистің мүмкінді­гін молынан пайдалануға шақырып жатыр. Жобаны биыл еліміздің басқа өңірлеріне енгізу жоспарда бар екен.

Біз мақалаға жүк еткен мәліметтің бар­лығы – Астанада іске асқан ауқымды жоба-жос­пардың бір парасы ғана. Себебі елорданың медицина саласындағы жаңашылдықтарын бір мақалада қамту мүмкін емес. Қаузай берсек, 1964 жылы негізі қаланған Астана медицина университетінің өзінде де толайым табыс көп. Қаладағы мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде 11 мыңнан аса медицина саласының қызметкері еңбек етеді екен. Осы тізімде 3,4 мыңнан аса дәрігер, 6 мыңнан аса орта медицина маманы болса, кіші медицина қызметкерлерінің саны 2 мыңнан асады. Сала мамандарының әлеуметтік жағдайын нығайтуға министрлік те ынталы.

Тағы бір ақпаратты қамтысақ, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «University Medical Center» корпоративтік қорының бас­қар­ма төрағасы Юрий Пяны қабылдады. бас­­қарма төрағасы Президентке «University Medical Center» корпоративтік қоры қызметі­нің нәтижесі мен алдағы жоспары туралы баян­дады. Кездесуде Интеграцияланған ака­демиялық медициналық орталық құру арқылы UMC-ді трансформациялауға көңіл бөлінгенін білдік. Мұндағы негізгі мақсат – білім беру, зерттеу ісін және клиникалық тәжірибені тоғыстыра отырып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға негізделіпті. Қысқасы, кездесу барысында отандық денсаулық сақтау жүйесінің түйткілді мәселелері, соның ішінде қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалану және Қазақстанда медициналық көмек көрсету сапасын арттыру шаралары талқыланды. Қарап отырсақ, елордада медицина саласының даму қарқыны жоғары, алдағы жоба-жоспар да ауқымды. Ұлттық медициналық орталықтар да жыл сайын шетелмен әріптестік байланысты нығайтып, дамып келеді. Небір емі күрделі операцияларды өзіміздің дәрігерлер жасайтын болған. Медицинадағы басты олжа осы, адам саулығы емес пе?