Тарих • 22 Маусым, 2023

«Бұл ән басында Ұлытауға арналмаған»: «Ұлытау» әнінің шығу тарихы

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлт ұясы – Ұлытаудың ұлылығын ұлықтаған әндер аз емес. Бірақ солардың арасында ақын Сайлаухан Нәкенов пен композитор Жақсыкелді Сейіловтің шығармашылық бірлігінен дүниеге келген «Ұлытау» әнінің шоқтығы биік.

«Бұл ән басында Ұлытауға арналмаған»: «Ұлытау» әнінің шығу тарихы

«Шіркін, менің қандай далам,

Жанарымды алмай қалам.

Сұлулықпен сырлассам да,

Сусыныңа қанбай қалам»

– деп келетін бұл ән көпшіліктің көңіл төрінен орын алғалы қырық жылға жуықтап қалды. Бір қызығы, ән алғашында «Ұлытау» деп аталмаған, Ұлытауға да арналмаған.

Қазақтың белігілі композиторы Нұрғиса Тілендиев Жезқазғанға келген бір сапарында жергілікті азаматтар ол кісіден ұлт ұясы – Ұлытауға ар­нап ән шығаруын өтінеді. Нұр-аға азаматтардың мұндай өтінішін жылы қа­былдайды. «Сәтін салса, келесі келгенде бір ән ала келермін» деген уәдесін береді.

Араға үш-төрт жыл салып Нұрғиса ағаның Жезқазғанға тағы да жолы түседі. Дастарқан басындағы әңгіме-дүкеннің бір мезетінде азаматтардың бірі ол кісіден Ұлытауға арналған ән туралы сұрайды.

«Жігіттер, мен уәдемде тұра алмадым. Шынымды айтсам, қолымнан келмеді. Ұлытауға арналған ән меніңше, айтуға жеңіл, жүрекке жақын болуы керек. Ұлтымыздың сан ғасыр бойы ұясына айналып келе жатқан киелі жердің бүкіл қадір-қасиеті, ұлылығы әннен анық көрініп тұрса, кәні! Менің соған құды­ретім жетпеді. Бәлкім, жастар өсіп келе жатыр ғой, солардың бірі менің ойымдағыдай әнді өмірге әкелетін болар. Соған үміттенемін», деген екен Нұр-аға. 

Жезқазған өңірінің мәдениеті мен өнеріне бір кісідей еңбегі сіңген, кезінде қазіргі Ұлытау облыстық Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияға көптеген жылдар бойы басшылық жасаған марқұм Бақберген Дәркембаев есімді ағамыз болды. Сол кісі осы «Ұлытау» әнінің дүниеге қалай келгенін жақсы білетін еді.

Сол кезде Нұрғиса Тілендиев өзінің жезқазғандық жі­гіттерге берген уәдесін орындай алма­ғанына қысылып жүрген еді.

«Халыққа кең танылған Жақсыкелді Сейілов те филармонияда әнші болатын. Жақаң маған «Туған жер» деген ән жазып едім, Нұр-аға тыңдап, бағасын бермес пе екен?» деген қолқасын айтты. Бұл өтінішті естігенде Нұрғиса ағамыз «Құ­дай-ау, неге қысылып жүр? Келсін, әнін тыңдап көрейік» деді. Содан бір үйде қонақта отырғанда Жақсыкелді келіп, әнін орындап берді. Әнді тыңдаған Нұрғиса ағамыз: – Ей, жігіттер, сендер Ұлытау туралы ән іздеп жүрсіңдер. Мына әннен артық Ұлытауға қандай ән керек? Менің ойымдағы ән нақ осындай болуы керек еді. Мен соны тыңдап отырмын, – деп қуанып кетті. Ол кісі «ән мәтініне аздаған өзгеріс енгізу керек» деген кеңес берді. Содан соң ән мәтінін Сайлаухан ақын он алты рет қайта жазып шықты» дейтін еді Бәкең. Сөйтіп, «Туған жер» атауымен өмірге келген ән «Ұлытау» атауын иеленеді.

Айта кетейік, материал «Egemen Qazaqstan» газетінің № 117 (30596) нөмірі «Нұр-аға батасын берген» танымдық ақпаратынан алынды.