Қоғам • 19 Маусым, 2023

«Қолданбалы қаржы» магистратурасының түлектеріне дипломдар табысталды

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Нархоз» университетінің «Қолданбалы қаржы» магистратурасының дипломдарын тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қолданбалы қаржы» магистратурасының түлектеріне дипломдар табысталды

Мәдина Әбілқасымова құттықтау сөзінде бүгінде  «Нархоз» университеті Қазақстандағы жетекші экономикалық университет екенін атап өтті.

Университеттің оқу сапасы, инклюзивті орта, түлектердің жұмысқа орналасуы және мансап бойынша қол жеткізген нәтижелерді QS World University Rankings әлемдік рейтинг агенттігі жоғары бағалады.

Мәдина Әбілқасымова атап өткендей, Қазақстанның қаржы секторы − экономикадағы инновациялардың драйвері.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізді ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жүргізу қажеттілігі туралы жариялады. Бұл экономиканы түрлендіруге, шағын және орта бизнесті дамытуға, адам капиталын дамытуға және халықтың кірістерін арттыруға бағытталған елеулі институционалдық және құрылымдық реформаларды жүргізуді талап етеді. Қазақстан дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін сапалы адам капиталы қажет. Бүкіл әлемде ақыл мен талант үшін бәсекелестік артып келеді», деді қаржы реттеушісінің басшысы Мәдина Әбілқасымова.

«Нархоз» университеті жаһандық үрдістерді басшылыққа ала отырып, ел экономикасы мен қаржы нарығы үшін кадрлар даярлап отыр. 2020 жылдан бастап университет қабырғасында «Қолданбалы қаржы» бағдарламасы аясында мамандарды даярлау бойынша Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірленген жоба табысты жұмыс істеп жатыр. Бағдарлама түлектері қаржы нарығында жоғары сұранысқа ие. Қазіргі уақытта агенттік қатарында «Нархоздың» 170 түлегі жұмыс істейді, олардың 56-сы басшылық позицияда.

Кездесуде магистратураның қаржы нарығына қатысушылар тарапынан қаржыландырылатын бағдарламасы бойынша қаржы секторы үшін мамандар даярлауға жаңа гранттық бағдарлама іске қосылатыны белгілі болды.

Агенттік, «Нархоз» университеті және Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры арасында «Актуарий» бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау жөніндегі үшжақты келісімге қол қойды.