Суретте: Айтыстың жеңімпазы Айбек Қалиев және «Аманкелді Иман» қорының мүшелері
Фестиваль аясында күй атасы Құрманғазының 205, Ақан серінің 180, Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдығына арналған күйшілер мен әншілер байқауы, көркемсөз оқу сайысы өтті. Сонымен қатар жыршы-термешілер Шынболат Ділдебаев атындағы байқауда бақ сынады.
Күй тартыста бас жүлде жезқазғандық Бекзада Достияроваға бұйырды. Дәстүрлі ән орындаушылары арасында елордалық Сәкен Әлімхан озық шықты. Көркемсөз оқуда бас жүлдеге жезқазғандық Серік Әлен ие болып, жыр-терме орындауда Күнсұлу Түрікпеннің бәсі жоғары болды.
Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған «Азаттық» деп алысқан арыстарым!» атты республикалық айтыс екі күнге созылды. Сөз барымтасында бас жүлдені қостанайлық Айбек Қалиев жеңіп алды. Осы орайда Қостанай облысы Амангелді ауданының және «Амангелді Иман» қоғамдық қоры өкілдерінің айтысқа арнайы келіп, сый-сияпаттарын жасауы іс-шараның мазмұнын арттыра түсті.
Бұдан бөлек, фестиваль қонақтары белгілі бард-әнші Қорабай Есеновтің, ақын Бағдат Байжантаевтың шығармашылық кештерін тамашалады.
Жезқазған