Пікір • 13 Маусым, 2023

Арман мен ақша

385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуропаның оңтүстік-шы­ғысында Косово деген шағын ғана ел бар. Аталған мем­ле­кет­­тің негізін албандар (90%) құрайды. Одан бөлек, ол жерде сербтер, сы­ғандар, босниялықтар, косоволық түрік­тер, тағы басқа ұлттар мен ұлыс­тар қоныстанған. Косово 2008 жылы Сер­биядан бөлініп шығып, өз тәуел­сіздігін жариялады. Оларды АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Франция, Гер­мания, Италия сынды алпауыттар бастаған 90-ға жуық мемлекет қолдаса, 73 мем­лекет мойындау­дан түбегейлі бас тарт­ты.

Косовоның небәрі 2 миллионға жете-жет­пес тұрғыны бар. Жер көлемі бар-жоғы 10 887 шаршы шақырымды құрайды. Соған қара­мастан, бұл елдің спортшылары өте мықты. Әсіресе, дзюдошы қыздарының табысы тола­ғай. Айналдырған 15 жыл ара­лығында аталған мемлекеттен Олимпия ойын­дарының үш жеңімпазы шықты. Олар­дың барлығы да татамидің хас ше­берлері. Әрине, бұл нә­тижеге таңданбау мүмкін емес.

Әңгімемізді Майлинда Келмендиден бастағанымыз жөн. 1991 жылдың 9 мамырында Печ қаласында дүниеге келген балуанның пешенесіне өз елі тарихындағы тұңғыш әлем және Олимпиада чемпионы атану бақыты бұйырған екен. 52 кило салмақ дәрежесінде белдескен ол жас­тайынан талантымен дараланды. Алға­шында Албанияның сапында өнер көрсетіп, байрақты бәсекелерде жүлде алып жүрген кезінде Келмендиге: «Біздің елдің намысын қорғасаң, үлде мен бүлдеге ораймыз», деген сыңайда көптеген ұсыныс түсті. Бірақ ол бас тартты. Жиі-жиі мазалаған түрлі федерацияның басшылары мен бап­керлеріне Майлинда: «Ертеңгі күні Косово тәуелсіздігін алады. Сол кезде мен өз елімнің гимнін шырқатып, туын көкте жел­біреткім келеді. Менің мақсатым да, арманым да сол», деп жауап қайтарды.

Өзінің спорттық карьерасында Май­линда Еуропа чемпионатын үш рет ұтып, бір рет қола медаль алды. 2013 жылы Рио-де-Жа­нейрода, 2014 жылы Челябіде ұйым­дастырылған әлем чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеді. 2019 жылы Токио­да үшінші сатыға табан тіреді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында алтыннан алқа тақты. 2019 жылы Минскіде Еуропа ойын­дарының жеңімпазы атанды. Келменди өз салмақ дәрежесінде ұзақ уақыт бойы әлем­дік рейтингте жеке-дара көш бастап тұрды.

2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында Косованың екі дзю­дошысы алтын тұғырдан қол бұлғады. Әуелі 48 кило салмақта бақ сынаған Дистрия Красничи алдына жан салмады. 27 жастағы балуанның одан бөлек, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері деген атағы бар. Көп кешікпей 57 кило салмақтағы Нора Гякова бас жүлдені олжалады. 30 жастағы татами шебері әлем мен құрлық біріншіліктерінде және Еуропа ойындарында бірнеше мәрте жүлдегерлер санатынан көрінді. Еуропа чемпионатында алтын медальді мойнында жарқыратты.

Күн өткен сайын әлемдік рейтингте косоволықтардың қатары көбейіп келеді. Мәселен, 52 кило салмақта Дистрия Крас­ничидің алдына ешкім түсе алар емес. 57 кило салмақта күресіп жүрген Нора Гякова жетінші орынды иеленуде. 63 ки­лолық Лора Фазлиу сегізінші сатыға жайғасты. Олардың ізін басып Лоха Флака (57 кило) мен Лориана Кука (78 кило) бастаған бір шоғыр дарынды жас өсіп келеді.

Кезінде тек Майлинда Келмендиге ғана емес, Дистрия Красничи мен Нора Гя­коваға да жоғарыдағыдай ұсыныс түскен. Әрине, өз өрендерін жастайынан жақсылап тәрбиелеп, дұрыстап баптап, аса ірі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайтындай деңгейге жеткізу оңай шаруа емес. Сол себепті де көптеген маман жеңіл жолмен жүргенді жөн көреді. Оларға күн демей, түн демей еңбектеніп, жаттығу залында шелектеп тер төгіп, жүйкелерін жұқартқаннан гөрі, дайы­н спортшыны қатарға қоса салу әлдеқайда тиімді. Бірақ Майлинда да, Дистрия да, Нора да ақшаға қызығып, Отанын тастап кеткен жоқ. Олар өз елінің мүддесі мен халқының қалауын бәрінен жоғары қойды. Міне, соның арқасында бүгінгі таңда дзюдодан Косовоның әйелдер құрамасы әлемдегі ең үздік командалар санатына еркін қосылып отыр.