Маман • 14 Маусым, 2023

Ұшқыш болу оңай ма?

2078 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын ішкі әуе қатынасында жаңа бағыттар ашылып, халықаралық рейстер де жаңғырып келеді. Жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2025 жылға дейін елден Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк бағыттарына әуе рейстері ашылатынын хабарлады. Бұл – жоспар. Оны орындау үшін авиация саласындағы компаниялар халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп, мамандардың даярлығына, сапаға, қауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуге тиіс. Көңіл жабырқататыны, бізде саладағы мамандардың, соның ішінде ұшқыштардың жасы ұлғайып барады. Бірақ бұл – ұшқыш болуға ниетті жастар жоқ дегенді білдірмейді.

Ұшқыш болу оңай ма?

Авиациядағы маман тапшылығы

Жақында өткен Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту жайы қаралды. Онда индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ішкі нарықтағы автиао­тын­ның тапшылығына байланысты әуе ком­паниялары жаңа халықаралық рейстерді ашу жөнінде сұранысты қанағаттандыруға қауқарсыз болып отырғанын айтты. Сонымен қатар білікті мамандардың тапшылығы және әуе көлігі инфрақұрылымына қатысты бірнеше мәселе саланы өркендетуге кедергі келтіретінін білдік. Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде азаматтық авиацияда 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бірақ, 2025 жылға қарай авиация саласының мамандарына сұраныс еселеп артуы әбден мүмкін деген болжам бар.

«Қажетті маман тапшылығы мәсе­ле­сін­ шешу мен студенттеріміздің еңбек нары­ғындағы бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру үшін Ғылым және жоғары білім министр­лігімен бірлесіп, еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласына кадр даярлау жүйе­сін түбегейлі реформалап, оқу үдерісін ИКАО-ның озық стандарттарына сай жолға қою мәселесі қарастырылып келеді», дейді М.Қарабаев.

Жоғарыда елдің авиация саласында 20 мыңға жуық адам еңбек ететінін айттық. Оның ішінде ұшқыш, инженер, менеджер тағысын тағы мамандарды қосқанда үлкенді-кішілі 107 мекемеде жұмыс істейді екен. Салада 53 әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Оның 8-і күнделікті жолаушы тасымалына араласады. Басқасы ауыл шаруашылығын, маусымға қарай ұшатын чартерлік рейсті жандандырса, бұл қатарға VIP жолаушы таситын компанияны да қосамыз. Елде 25 әуежай бар. Оның жетеуі – жергілікті шағын аэропорт. Алматы, Ақтөбеде авиажөндеу зауыты бұрыннан жұмыс істейді. Сосын, аэронавигация, яғни әуе қатынасын бақылайтын компанияның да мамандарын есепке қосамыз.

в

Авиа­ция­ға маман даярлайтын Орта­лық­ Азия­да­ғы Азаматтық авиация академиясы – Алматыда. Академия ұжымы қазір жоға­ры және орта білімді мамандарды да оқытады. Кеңес өкіметі тұсын­да авиация саласында 6 жоғары оқу орны болған. Ақтөбедегі училищеде ұшқыштар даярлаған. Егемендік алғаннан кейін, 1995 жылы Азаматтық авиация академиясы құрылып, 2000 жылы бірінші түлектерін шығарды. Содан беріге дейінгі аралықты есептесек, академия 23 жылда 7000 түлек даярлапты. Олардың шамамен 80%-ы авиация саласында еңбек етіп жүр. Бірақ қазір салада 20 мың жұмысшы еңбек ететінін ескерсек, салыстырмалы түрде білікті маман аз екенін байқаймыз. Бұл – Авиациядағы мамандардың орта жасы 50-ден асатыны туралы деректі растайды. Қысқасы, кадр­лар қартайып барады. Бұрын Азаматтық авиация комитетінің маман­дары әуе компанияларының және саладағы басқа да мекемелердің жұмысын тыңғылықты тексеріп, өздері қадағаласа, қазір бұл міндет басқа мекемеге жүктелген. Комитет үкімет пен авиация арасында байланыс орнатып, саладағы саясатты жүзеге асырады. Біз авиация саласына маман даярлау ісіндегі өзекті мәселерді Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметовтен сұрап білдік.

– Еліміз өркендеп келеді. Мұны сан саладағы жетістіктерге қарап аң­ға­ру қиын емес. Әуе компаниялары­ д­а халықаралық талаптарды барын­ша­ сақтап отыр. Елдегі ірі «Air Astana», «SCAT» әуе компания­лары жолау­шы­­ларға заманауи Boeing, Airbus ұшақ­та­рымен қызмет көрсетуде. Біз ИКАО (Чикаго конвенциясы) деп аталатын Халық­аралық Азаматтық авиация ұйы­мы­­ның талаптарына сай жұмыс істеуіміз керек. Еліміз 1992 жылы аталған ұйымға қосыл­ды. Сондықтан әуе қауіпсіздігіне коми­тет, үкімет жауапты. ИКАО-ның 19 бағыт бойынша құжаты бар. Бірінші бағыт­тың өзінде 100 стандарт, 650 құжат­қа сәйкестік қаралады. Мұнда авиа­ция саласына маман даярлау, оқу орта­лығына қойылатын талаптар, білім беру­ жүйесі түгел қамтылған. Осы талап­тар­ Әуе кеңістігін пайдалану және авиа­ция­ қызметі туралы заңда жазылған. Заң да халықаралық талап­тар­ға орайластырылып, жаңартылып жа­тыр. Әуе компаниялары халықаралық талап­тарды міндетті түрде сақтайды. Сол үшін де біз оқу бағдарламаларын барын­ша жетілдіріп жатырмыз. Осы бағыт­та алға қойған жос­парымыз көп. Ма­қ­сатымыз – авиация саласының үз­дік­­ тәжірибелерін енгізіп, сәйкесінше са­­па­лы маман даярлау, – дейді Б. Сейдах­ме­тов.

 

Әуе қатынасы халықаралық талапқа сай болуға тиіс

Елдің авиация саласы ИКАО-ның талабына сай 82% жұмыс істеп отыр деген мағлұмат бар. Аталған халықаралық ұйым әуе компанияларын, ұшқыштарды, аэронавигацияны, аэропорттарды бәрін-бәрін бөлек қадағалайды. Мұның бір бағыты халықаралық талапқа сай маман даярлауға қатысты. Кадр даярлауға байланысты 90 сұрақ болса, оның нақты 20-сы академияның жұмысына қарайды. Демек осы талаптың жүйелі орындалуына да ел үкіметі назар аударады.

– Бүгінде біз ИКАО-ның өзімізге жүк­телген талабына сай маман даярлауы­мыз қажет. Аталған ұйымға 192 мемле­кет­ қарайды. Соның ішінде біз де әуе қа­ты­насын Еуропа стандарттарына сай үйлестірмесек болмайды. Біз 2016 жылдан бері осы талапқа сай болуымыз керек деп межелі міндет қойдық. Біздегі әуе компаниялар Еуропа талабына сай жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз біз де академия түлектерін халықаралық талапқа сай даярлауымыз керек дегенді ұқтырады. Енді академия не істеп жатыр, деген сұраққа тоқталайық. Біздің құжаттарымыз, оқулықтарымыз Еуропа тәжіри­бесінен алынған. Студенттерді талап­­қа сай оқытамыз. Бірақ «Air Astana»­ әуе компаниясы ұшқыштарды даяр­­­­лау үшін сол Еуропа одағының ауди­­­тына өту туралы талап қояды. Ал оған өту­ге бірінші уақыт, екінші қаражат керек, – дейді академия ректоры.

Осы мәселе кеше немесе бүгін туын­да­мағаны белгілі. Мысалы, 2012 жылы елі­міз Еуропа талабына сәйкес маман даяр­лау керек деп алға үлкен мақсат қой­ды. Содан оқу орнының басшылығы 2015 жылы академияның материалдық-техни­­ка­лық базасын жаңғыртуға Үкі­мет­­тен 3,5 млрд теңге қаражат сұра­­ған. Көп ұза­май академияның жоғын түген­деу­ге 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Оған оқу-жаттығуға арналған 7 ұшақ алы­ныпты.­ Оның алтауы – бір моторлы, біреуі – екі моторлы ұшақ болса, осыған қоса Boeing, Airbus жаттығу тренажерлері де бар. Енді араға 7 жыл салып осы мәсе­ле қайта қаузалып отыр. Себебі бү­гін­гі даярлаған ұшқыштарды «Air Astana», «SCAT» әуе компаниялары мойын­дамайды. Ол үшін академия Еуро­па­ның ұшу қауіпсіздік аудитін өтіп, сертификат алуы керек. Негізі, акаде­мия басшылығы осы мәселені 2019 жылдан қайта қозғаған. Тіпті сол жылы академияның даму бағдарламасы бекітіл­ген. Халықаралық талаптарды орын­дау жайын академияның директор­лар­ кеңесі, Ғылым және жоғары білім министр­лігі де қолдап отыр екен. Енді акаде­мия басшылығы Үкіметтен осы талап­ты орындауға 4 млрд теңгеге жуық қаражат сұрап отыр. Осыған қоса акаде­мия­ның өзі де 640 миллион теңге қаржы қарас­тыруға ниетті. Себебі аудит­тен өту үшін академияға шетелдік компания жәрдемдесуі қажет. Қазір осы бойынша келісімдер жүргізіліп жатқан көрінеді. Яғни бір шетелдік компания академияны аудит өтуге 2025 жылға дейін дайындайды. Енді академия сұрап отырған қаржы қайда жұмсалады деген сұрақ туады. Түлектердің біліктілігі халықаралық талаптарға сай болуы үшін академияға кемі инструменталды үш ұшақ керек екен. Академияның балансындағы қазіргі ұшақты тізгіндеген ұшқыш­тар визуалды, яғни төңіректегі жағ­дайды көзбен бақылап ұшады. Ал әуе компанияларына күндіз де, түнде де ұшатын ұшқыштар керек. Оны екі­нің­-бірі оңайлықпен басқара алмайды. Түлектерді осы ұшақты басқаруға машық­тандыратын оқу-жаттығу ұшақ­та­ры­ бар. Академияның сұрап отырғаны – осы. Сосын, академияға аэродром қажет. Өйт­кені қазір ұшқыштар ұшу практикасын Таразда барып өткізіп, сонда да­йындалып жүр.

 

Екінің бірі ұшқыш бола алмайды

 Авиация академиясының оқытушы­ла­ры­ аэродромға бірінші барған түлектерді 40 сағат үйретеді. Ұшақ басқаруға қабілеті бар жастың әлеуеті 20 сағат ұшқаннан кейін-ақ белгілі болады екен. Ұшқыш болу­ға ұмтылатын жастар көп. Оның ішін­­де жоғары жалақыны көздеп немесе мамандықтың беделіне қарап келетіндер де баршылық. Бірақ академия ұшқыштардың сапасын арттыру үшін былтыр ұшқыш болуды көздеген жастардың ішінен Ұлттық бірыңғай тестілеуден 100-ден жоғары балл жиған түлектерді қабылдаған. Олар тестілеуде физика-математика бағытын таңдауға тиіс. Сонымен қатар ағылшын тілін жақсы біліп, медициналық комиссиядан да сүрінбей өтуі керек. Осы екі өткелден аса алмай, орта жолда қалғандар да жоқ емес. Яғни Авиация академиясына екінің бірі оқуға түсе алмайды. Әрине, алғашында академия үлгерімі жақсы балаларды таңдайды. Әрі қарай ағылшын тілін жетік білмейтін студенттерге ағылшынды тереңірек оқытады. Өйткені студенттер 3 және 4-курсқа өткен­де мамандығына тікелей қатысты сабақ­та­р­ды тек ағылшын тілінде оқиды. Бұл – ИКАО талаптарының бір тармағында жазылған. Былтыр академия үздік оқитын 5 студентке Литвада оқуға жолдама берген. Енді биыл 2-курста оқитын 60 баланың ішінен 10 студентті іріктеп, сонда жіберуді көздеп отыр. Шетелге баруға ниетті әрі ағылшын тілін жетік біле­тін жастар жеткілікті, әрине. Онда ұшу прак­тикасының шығынына Үкімет жәрдем­дескенімен студент жатын орынға, ас-суына 2 жылда кемі 10 млн теңге жұмсап үлгереді. Бұған барлық ата-ананың жағдайы келе бермейтіні тағы бар. Министр Саясат Нұрбек те студент­терді шетелде оқыту туралы ұсынысты қолдап отыр. Әзірге академия қажетті сертификатын алғанша, студент­тер­ді шетелде даярлап, «Air Astana», «SCAT» әуе компанияларына Еуропа стан­дартына сай жастарды жолдайды. Елде авиацияға маман даярлайтын басқа оқу орны болмаған соң «SCAT» әуе ком­паниясы академияның түлектерін іші­на­ра жұмысқа шақырады. Алайда әуе ком­паниясы академия түлегін жұмысқа қабыл­даған күннің өзінде қосымша тағы шетелде оқытуға мәжбүр. Себебін айт­тық­, академияның сертификаты елдің авиа­ция саласында мойындалғанымен, Еуро­па­ның талаптарына сай келмей тұр.

 

Көрші елдердің ұшқыштары қайда оқиды?

Геосаяси ахуалға байланысты авиацияда Ресей Федерациясының Еуропаға жолы жабылды. Ал осыған дейін Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан елдерінің ұшқыштары сол Ресей­де даярланып келген. Ресейдің жол­дары жабық болған соң аталған елдер авиацияда бізге бет бұра бастаған тәріз­ді. Негізі Ресей де бұрын біз секіл­ді ­ұшқыштарды әуелі өзінде даярлап, кейін шетелде оқытып алатын. Ака­демия басшылығы неге жанталасып 2025 жылға дейін Еуропа стандар­тына көшуге бекініп отыр? Себебі ха­лықаралық талапқа сай маман даяр­лау арқылы авиация сала­сы­ның бар­лық бағытта жолы ашылады. Соның негіз­гілерін айтар болсақ, біріншіден, елге қажет ұшқыштарды даярлап, ма­ман тапшылығының алдын алады. Екіншіден, көршілес елдерге маман­ даяр­лау­ мәселесі де ептеп жолға қойылғалы тұр. Қарап отырсақ, келешекте авиация ака­демиясы елге ғана емес көршілес мем­лекеттерге де маман даярлайтын үлкен орталыққа айналуы әбден мүмкін. Өйт­кені қазірдің өзінде академияда шетелден 30 бала оқып жатыр. Оларың арасында Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моң­ғолиядан келген жастар бар. Биыл шетел­ден 200 орынға ұсыныс түсіпті. Ака­демия басшылығы келешекте оқу орта­лықтарын жаңартып, жатақхана мәсе­лесін де қарастыруды ойластырып отыр. Мұның барлығы академияның алға­ қойған жоспарларында қамтылған. Биыл­ академияның ақылы қызметтерін 40%-ға­ жеткізуді көздеп отырғаны осыдан.

Былтыр академия түлектерінің 86%-ы­­­ жұ­мысқа орналасқан. Ал оқу ор­нын­­­да қазір білім алып жатқан 1 400 сту­дент­тің жартысы – Алматы қаласы мен облыс жастары. Оның үстіне аймақ­тар­дан келген студенттер де әуелден Ал­матыда қалуды жоспарлайтыны бар. Авиация саласында аймақтағы әуе­жайлар академияның түлектеріне ұсы­ныс тастап, жұмысқа шақырудан қаш­пайды. Мұндайда түлектердің ша­ғын әуежайларда жалақының да тө­ме­нірек болатынын ескеріп, қолдан кел­се ірі қалада қалуды ойлайтыны да – заң­дылық. Мысалы, былтыр академия басшылығы Ақтөбеден келген 20 студентті дип­ло­мын қолға алған соң өз өлке­сіне жол­дау­ды ойластырғанымен, олардың 16-сы­ мамандығы бойынша Алматыға жұмысқа орналасып үлгеріпті. Нақ сол кезде жұмыс таппаған 4 студент те өңірге қайтуға құлықты емес. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін академия әуежайлармен келісімшартқа отыруды көздеп отыр. Яғни авиация академиясы да түлектер мейлінше өз аймақтарына барып, сондағы әуежайлардың әлеуетін арттырса дейді. Әрине, авиация саласында тек ұшқыштар ғана болмайды. Сондықтан академия 11 бағытта маман даярлайды. Ұшақ, тікұшақ басқаратын ұшқыштардан бастап, диспетчер, инженер, авиация қауіпсіздігі, аэропорт ісі сынды өзге де мамандықтар бар. Сол секілді академия келешекте авиа­ция саласының заңгерлерін, авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ететін IT технологияларды меңгерген жастарды да даярлау мәселесін ойластырып отыр.

ы

Авиация академиясы биылғы түлек­тер­ге көбірек мүмкіндік беруді ойлап, шек­ті балды 85 деп белгілепті. Бірақ бұл оқу орнының студенттерге қойып отыр­ған талабы жеңіл деуге келмейді. Неге десек, академия басшылығы студент­тердің кем дегенде 70%-ы оқуды тәмам­дап дип­лом алса, мұның өзін тәуір көр­сеткіш деп санайды. Авиацияға білікті мамандар қажет. Ал білікті мамандар қымбат тұрады. Мысалы, «Air Astana» әуе компаниясында ұшқыштар орта есеппен 2-4 млн теңге көлемінде жалақы алады. Осыған қарамастан, елдің авиа­ция саласында шетелдік ұшқыштар баршылық. Жуырда әлеуметтік желіде кейбір ірі әуе компанияларының менеджер, басшылары шетелдіктер деген хабар тарады. Сонда елде авиация саласын ұршықша иіріп әкететін мамандар жоқ болғаны ма? Авиацияға әлі де болса білікті, тәжірибелі әрі басқарушылық қабілеті жоғары жас­тар көптеп келуі керек. Бұл мәселе – Аза­­мат­тық авиа­ция академиясының материал­дық­-техникалық базаны жаңарту туралы жос­парды қалай орындайтынына да байла­ныс­ты болып тұр.